Астана қазір күн сайын түрленіп, миллиондаған адамның тыныс-тіршілігіне куә болатын үлкен қалаға айналды.
Таңғы сағат үште тұрып, Астананың тазалығы үшін еңбек етемін – Гүлнар Әшірбекова
Алтынбек Мерсадық
696
оқылды

Таңертең жұмысқа асыққан тұрғындар таза көшемен жүріп, қыста айналасы қардан аршылған аялдамада автобусын күтеді. Ал жазда жуылып, жарқырап тұрған жолмен қатынайды. Басқасын айтпағанда, өзіміз күнде байқайтын Есілдің сол жағалауындағы күнделікті көрініс осындай екені айдан анық. Бірақ осы тазалықтың артында кімдердің еңбегі ұшан-теңіз екенін көпшілік біле бермейді.

Ал Aikyn.kz сайты сол бас қаланың үздіксіз таза болуына атсалысып жүрген жанмен сөйлесіп, еңбек адамының шынайы ой-пікірін біліп қайтты.

«Бұл ісімнен ұялмаймын, керісінше мақтан тұтамын»

Жасыратыны жоқ, жаңарып, жасарып келе жатқан қаланы таза ұстауда «Астана тазалық» кәсіпорны қызметкерлерінің еңбегі ересен. Солардың бірі – «Астана Тазалық» мекемесінің қолмен жинау жөніндегі шебері Гүлнар Әшірбекова. Ол елорда көшелерінің тазалығы үшін 14 жылдан бері еңселі еңбек етіп келеді. Қарағанды облысының Нұра ауданында дүниеге келген кейіпкеріміз бүгінде бас қаланың Есіл ауданындағы тазалық жұмысына жауап береді. Еңбек жолын қарапайым жол жұмысшысы ретінде бастаған ол бүгінде үлкен ұжымға жетекшілік етеді.

«Мен алғаш осы мекемедегі қызметімді жол жұмысшысынан бастадым. Қолыма күрек алып, қар тазаладым. Кейін бригадир болдым. Еңбек етіп жүріп, тәжірибе жинап, бүгін, міне, шеберлікке дейін көтерілдім. Өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Мұнда еңбек адамына барлық жағдай жасалған деуге болады. Өзіміздің арнаулы киіміміз, жұмысқа қажетті қолғап, қысқышымыз бар. Мереке сайын сыйақы беріліп тұрады. Жаз кезінде басшылық ұжымдағы қызметкерлердің баласына лагерьге жолдама береді. Ал   күн суыта бастаған уақытта, шамамен, қазан айынан бастап, сәуір айына дейін уақытылы түскі ас беріліп, бәрімізді тамақпен қамтамасыз етеді. Ауырған, қиналып жатқан адамның жағдайын басшылық назардан тыс қалдырмай, жәрдемдесіп тұрады. Алла жазса, осы мекемеден зейнетке шығамын деп ойлаймын», – дейді ол.

Таңғы сағат үште басталатын жұмыс күні

Әрине, кез келген қызметкер үшін белгіленген жұмыс тәртібі бар, кез келген мекеме үшін белгіленген уақыт режимі бар. Бірақ «Астана Тазалық» жұмысшылары күн-түн демей кезектесіп, дамылсыз жұмыс істейді. Мәселен, бәз біреулер тәтті ұйқыға жатқан уақытта Гүлнар Әшірбековаға жаңа күн басталады.

«Жылы төсектен таңғы сағат үште тұрамын. Сосын дайындалып, жұмысқа шығамын. Себебі сағат бесте мекемеде болуым керек. Жұмысшыларды қарсы аламын, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткіземін. Әркімнің қай көшеге баратынын, қай аумақта жұмыс істейтінін жоспарлап қоямын», – дейді ол.

Бірақ оның жұмысы тек тапсырма берумен шектелмейді.

«Мен кабинетте ғана отыратын адам емеспін. Жұмысшылармен бірге көшеге шығамын. Бірге келемін, бірге кетемін. Қар тазаласақ та, қоқыс жинасақ та қасында жүремін. Өйткені мен сол адамдарға жауаптымын. Өзім де бірге көшені тазалаймын. Ұжымда жиырмадан аса қызметкер жұмыс істейді», – дейді кейіпкер.

Қала қалың ұйқыға кеткенде басталатын еңбек

Тазалық қызметкерлерінің жұмысы тәулігіне 24 сағат тоқтамайды. Осындай қатаң тәртіптің арқасында, бәлкім, қала да мұнтаздай тазалыққа ұмтылатын шығар.

«Бізде үш ауысым бар. Бірінші ауысым таңғы сағат алтыдан сағат  үшке дейін жұмыс істейді. Екінші ауысым таңғы сағат сегізден беске дейін. Үшінші ауысым кешкі сағат сегізден таңғы беске дейін жүреді. Сондықтан қаланың тазалығы бір сәтке де назарымыздан тыс қалмайды», – дейді Гүлнар Әшірбекова.

Оның айтуынша, елорданың тазалығы үшін мыңдаған адам күн сайын көзге көрінбейтін еңбек атқарады.

«Көп адам көшенің тазалығын қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Бірақ оның артында қаншама адамның еңбегі жатыр. Біреулер бұны біздің жұмыс деп, оны бұлдаудың қажеті жоғын айтады. Сол үшін де айналасын әдейі ластайтын адамдарды көргенбіз. Осы 14 жыл ішінде талай жанды жолықтырдық. Иә, сөзсіз, бұл – біздің жұмыс. Сол үшін мақтанбасақ, еңсеміз түсіп, езіліп көрген жоқпыз. Басшылықтан бастап, кіші қызметкерге дейін бәрі – қарапайым, жұмыстың қадірін білетіндер. Бір аялдаманы тазалаудың өзі қандай қыруар жұмыс екенін анық түсінеді. Дегенмен кейде тұрғындардың көшені әдейі ластап кеткенін көргенде, қынжылатыным бар...», – дейді ол.

Қыстың қаһары мен борандағы күрес

Елордадағы тазалық қызметкерлері үшін жылдың қай мезгілі де оңай емес. Себебі әр кезеңнің өз қиындығы, көтерген жүгі бар. Бірақ жұмысшыларға ең ауыр мезгіл – қыс.

Өйткені қар толассыз жауған күндері жұмыс та бірнеше есе көбейеді.

«Ең қиын кезең – қақаған боранның уақыты. Қар тоқтамай жауады. Біз бір жерді тазалап үлгергенше, қайтадан қар да басып қалады. Сондай күндері тоқтамай жұмыс істейміз. Осы жерде тағы бір дүниені қоса кеткім келіп отыр. Мынадай тосын жағдай болған. Бірде қыс мезгілінде толассыз қар жауып, көшені тазалап жатыр едік. Сол кезде кейбір көлік тізгіндеген жүргізушілердің кептеліс жасап қойдыңдар деп, бірер минутқа шыдамсыздық танытқанын көрдім. Сосын мән-жайды түсіндіріп, бұның бәріміз үшін жасалып жатқанын айтқанымша болмады, ашулана жөнелді. Кейде осындай қоғамдық тәртіп, қоғамдық игілік деген ұғымдарды түсінгісі келмейтіндерге қайран қалады екенсің», – дейді шебер.

Иә, Гүлнар ханым айтқандай, әсіресе қыз мезгілінде ауа райына байланысты жұмыста мәселе туындайды. Бұндай кезде «Астана Тазалық» жұмысшыларының басты міндеті – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан ең маңызды деген нысандарды бірінші тазалайды екен.

«Ең алдымен мектептердің, ауруханалардың, аялдамалардың маңын тазалаймыз. Жаяу жүргіншілердің жолын ашамыз. Мұзды ойып, адамдардың құлап қалмауына жағдай жасаймыз. Біз үшін бірінші орында – адамның қауіпсіздігі», – дейді ол.

Астанада халықаралық іс-шаралар үнемі өтіп, шетелдік делегацияларды жиі қабылдайтыны – бесенеден белгілі жайт. Мұндай кезде тазалық қызметкерлерінің жауапкершілігі де бірнеше есе артады.

Гүлнар Әшірбекова мұндай маңызды күндерді былай еске алады:

«Менің есімді қалған кез – саммит уақыты. Ол кезде жұмыс өте көбейеді. Қала тап-таза болуы керек. Бір тал қоқыс жатпауға тиіс. Сол үшін біз көшелерді қайта-қайта қарап шығамыз. Қар болса тазалаймыз, шаң болса жуамыз. Барлығы мінсіз көрінуі керек», – дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай кезде коммуналдық қызметкерлер полициямен және басқа да қызметтермен бірлесе жұмыс істейді.

«Жолдар жабылады, арнаулы қауіпсіздік шаралары болады. Бірақ соған қарамастан жұмысымызды тоқтатпаймыз. Қаланы таза ұстау – біздің ең басты міндетіміз», – дейді кейіпкер.

Темекі тұқылы мен бөтелке – қалада ең көп кездесетін қоқыс

Күн сайын көшені тазалайтын маман ретінде Гүлнар Әшірбекова қала тұрғындарының мінез-құлқын да бір кісідей біледі. Оның айтуынша, көшелерде ең көп кездесетін қоқыс – темекі тұқылы мен пластик бөтелке.

«Қоқыс болған соң, неше түрі болады ғой. Әйтсе де, соның ішінде қоқыстан көбіне темекі тұқылы мен бөтелке жиі шығады. Былайша айтқанда, қолмен терген қоқыстың ішінде солар жүреді. Кей адамдар ішкен суының бөтелкесін немесе шеккен темекісін жерге тастай салады. Ал кейбір тұрғындар тіпті үйіндегі қоқысты аялдамаға әкеліп тастап кетеді», – дейді ол.

Дегенмен тазалық маманы адамдарды айыптаудан гөрі оларға түсіндіру маңызды деп санайды.

«Біздің жұмысымыз – тазалау. Бірақ әр адам қаланың тазалығына жауапты екенін түсінсе жақсы болар еді. Ол үшін қоғамдық сана тазалыққа ұмтылуы қажет», – дейді ол.

«Адал еңбектен ешқашан ұялуға болмайды»

Кейбір адамдар көше тазалау жұмысын «төмен» деп санайды. Адам болған соң, еңбекті лауазымға бөліп, өзгелерге мұрнын шүйіре қарайтындар да кездеседі. Дегенмен тәжірибелі маман Гүлнар Әшірбекова мұндай түсінікпен келіспейді.

«Мен ешқашан өз жұмысымнан ұялған емеспін. Көшеде кетіп бара жатып қоқысты көрсем, бірден көтеріп аламын. Тіпті, жұмыстан тыс уақытта да күнделікті әдетке айналған. Өйткені бұл – менің жұмысым. Еңбектен ешқашан ұялуға болмайды», – дейді ол.

Оның пікірінше, кез келген адал еңбек құрметке лайық.

«Президент те еңбек адамын бағалау керек деп айтып жүр. Мен соған толық қосыламын. Әсіресе, жол жұмысшыларының еңбегін бағалау керек. Қыстың аязына да, жаздың аптабына да қарамай еңбек етеміз. Менің осы қызмет жолымда жанымда серік болып жұмыс істеген бірталай адам кездесті. Оның арасында жоғары оқу орнынан дипломын алып шығып, осы жерде біраз еңбек еткендер болды. Сондықтан кез келген еңбекті адам адал атқарса, ұялатын да, жасыратын да ештеңесі жоқ деп ойлаймын», – дейді шебер.

Осы 14 жыл ішінде Гүлнар Әшірбекова жүздеген адаммен бірге жұмыс істеген. Қазір ол басқаратын ұжымды өзінің «екінші отбасым» деп санайды.

«Мен жұмысшыларымды өте жақсы көремін. Әрқайсысының мінезі бөлек. Менің бригадамда әйел адамдар көп жұмыс істейді. Олардың бәрімен тіл табысу керек. Бір-бірімізді түсіну керек. Ұрыспен, айғаймен ештеңе шешілмейтін бәрі жақсы түсінеді», – дейді ол.

Оның айтуынша, ұжымдағы ең басты құндылық – сыйластық. «Менен жасы үлкен болса, әпкемдей көремін, кішісі болса, сіңлімдей көремін. Бір-бірімізге түсіністікпен қарасақ, кез келген қиындықты еңсеруге болады», – дейді Гүлнар Әшірбекова.

Алғыс пен батаның күші

Ісіне адал, жұмысына мығым Гүлнар Әшірбекова үшін ең үлкен марапат – тұрғындардың ризашылығы.

«Көптеген адам маған батасын береді. Жалпы, мен емес, бізге дейін. “Еңбектеріңіз адал”, “Қаламыз таза болып тұр!” деп айтып жатады. Сол сөзді естігеннен кейін жүрегіміз жылып, марқайып қалатынымыз рас. Кез келген сөз бізге күш береді», – дейді ол.

«Қаланы таза ұстау – бәрімізге ортақ міндет. Тазалық өзіміз үшін керек. Қонақ келгенде ұялмай қарсы алу үшін де керек. Жалпы, отбасымыз, бала-шағамыз жайлы, ұқыпты, таза ортада өссін десек, қазірден ойлануымыз керек қой. Сондықтан барша тұрғынды таза болуға, өзіміз өмір сүретін қоғамды ластамауға шақырамын!», – дейді кейіпкер.

Сонымен, біз әңгімеге тартқан қызметкер Гүлнар Әшірбекованың өмір жолы «Астана Тазалықта» жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамының бейнесін көрсетеді. Таңғы сағат үште оянып, күн сайын елорданың тазалығы үшін жұмыс істейтін жанның еңбегі соншалық көзге көрінбегенімен, бұл да бір қала өмірінің ажырамас бөлшегі. Сондықтан да болар, ол кез келген саладағы еңбекке деген құрмет пен жауапкершілік бүгінгі қоғам үшін маңызды үлгі деп санайды. Бұдан бөлек, елордамыз таза болса, қала тұрғындарының жаны да, жүрегі де тыныш болатынына кәміл сенеді.

Суретке түсірген: автор