Ашық пікір алмасу алаңында Жамбыл облысындағы барлық қала мен ауданнан келген студенттер, жас мамандар, волонтерлер және қоғам белсенділері бас қосты.
Bir Tolqynda: Таразда жастар депутаттармен жұмыспен қамту мәселесін талқылады
фото: баспасөз қызметінен алынды
289
оқылды

Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті алаңында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты  Bir Tolqynda  жобасы аясында диалогтық кездесу ұйымдастырды,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мутәлі, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, сондай-ақ Жастар жобалары және талдау басқармасының жетекшісі Жансая Қуанышбекова қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – жастардың дамуына арналған мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау тетіктері. Ашық диалог барысында қатысушылар білім сапасы, жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігін дамыту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, волонтерлік бастамаларды қолдау және цифрлық технологияларды түрлі салаға енгізу мәселелерін талқылады.

Кездесуді ашқан Мұқаш Ескендіров бүгінде елімізде бәсекеге қабілетті маман даярлауға қажет жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

«Бүгінде елімізде түрлі салада білікті мамандарға сұраныс өте жоғары. Сондықтан жастар қауымы мамандық таңдау кезінде қателеспеуі маңызды. Әрбір жас азамат өз қабілетіне сай дұрыс бағыт таңдап, сапалы білім алуға ұмтылуы керек. Себебі ата-аналардың бала болашағына салған инвестициясы ертең өз нәтижесін беруге тиіс. Ал сол нәтиже – елге қызмет ететін білімді әрі білікті маманның қалыптасуы. Бүгінде өндірістік және техникалық салаларда жастарға көп мүмкіндік бар. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, еліміздің дамуына үлес қосу қажет», – деді Мұқаш Ескендіров.

Жеке және кәсіби даму тақырыбын жалғастырған Әбутәліп Мутәлі өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарды заманауи технологиялар ұсынып отырған мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға шақырды.

«Біздің студенттік шағымызда мәлімет табу үшін кітапханаға барып, материалдармен ұзақ уақыт жұмыс істеуге тура келетін еді. Ал бүгінде барлық ақпарат қолжетімді. Интернет арқылы әлемдік деңгейде білім алуға болады. Сондықтан қазіргі жастар қауымы уақытты тиімді пайдаланып, үнемі дамып отыруы маңызды. Мемлекет жастарға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Енді осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, еліміздің өркендеуіне қызмет ету қажет», – деді Әбутәліп Мутәлі.

Өз кезегінде, қоғам белсенділері мен түрлі сала өкілдері азаматтық белсенділіктің, бастамашылдықтың және үздіксіз дамуға деген ұмтылыстың маңызын атап өтіп, жетістікке жету жолындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесу соңында Жансая Қуанышбекова қоғамдық бастамаларды дамытуға үлес қосқан өңірдегі белсенді жастарға алғыс хаттар табыстады.

 Bir Tolqynda  жобасы – жастар қауымының «AMANAT» партиясы өкілдерімен тікелей диалог орнатуына мүмкіндік беретін тиімді алаң. Жоба тың идеяларды ілгерілетуге, жастар бастамаларын қолдауға және жас азаматтарды еліміздің қоғамдық өміріне тартуға ықпал етуде.