3 жасар Әміремен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек кездесті.
"Қасым-Жомарт Тоқаевты сағындым!": Қазнеттің жұлдызына айналған 3 жасар Әміреге Президент сый жасады
228
оқылды

LRT президентке апарады деп сенген 3 жасар Әміреге Мемлекет басшысының Алғыс хаты табысталды, деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бейнеролик арқылы танылған үш жасар бүлдіршінмен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек кездесіп, Мемлекет басшысының Алғыс хатын табыстады. 

«Халықаралық балаларды қорғау күні LRT-ға алғаш мінген сәті түсірілген бейнероликтің кейіпкері – үш жасар Әміремен кездестім.

Қазақстандықтардың көбісі Әміренің LRT оны ел Президентімен кездесуге апаратынына шынайы сенген видеосын тамашалады. Оның балалық аңғалдығы, кіршіксіз көңілі мен қарапайымдылығы көпшілікті баурап алды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Әміреге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын, сондай-ақ естелік сыйлықтар табыстадым.

Мұндай сәттер арманыңа қанат бітіріп, жақсылыққа сенуді, өмірдің әрбір қарапайым сәтіне балаша қуана алу қасиетін жоғалтпау керектігін тағы бір рет еске салады. Мына әлемді балалардың пәк күлкісі мен шынайы сезімі нұрландыра түседі. Әміреге мықты денсаулық, армандарының орындалғанын және шаттыққа толы бақытты балалық шақ тілеймін!» – деп жазды Жеңіс Қасымбек.