1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Осыған орай «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты Астана қаласындағы «Мамандандырылған балалар үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Балаларға қамқорлық – ортақ міндет
151
оқылды

Мұндағы басты мақсат – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, оларға жан-жақты қолдау көрсету. Сондай-ақ жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін қайы­рымдылық іс-шара барысында балалардың құқығы мен әл-ауқатын арттыру мәселесіне баса назар аударылды.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, бұл – жүрегі таза, арманы асқақ балаларға қамқорлық көрсетіп, мейірімді еселей түсетін күн. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, өскелең ұрпақтың бақытты балалық шағы мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ жалпыұлттық міндет. Елімізде бала­лардың игілігі үшін ауқымды ре­фор­малар мен бірегей жобалар жүзеге асы­рылып келеді. Мәселен, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жақсы бі­лесіз­дер. Әр баланың жеке шотына инвестициялық табыстың 50 пайызы тұрақты түрде аударылып келеді. Бұл – балалардың білім алуына, болашағына жасалған инвестиция. Сонымен қатар биылдан бастап елімізде «Қазақстан бала­лары» 2026-2030 ұлттық бағдарламасы іске қосылды», – деді ол.

Сондай-ақ Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы балалардың жарқын болашағын қамтамасыз ету жолында байыпты бас­та­маларды қолға алып, мазмұнды жобалар­ды жүйелі жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Соның бірі – ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағыт­талған «Кедергісіз келешек» жобасы. Бұл жоба арқылы инклюзивті орта қалыптастыру, балалардың білім мен қоғамға тең қолже­тімділігін қамта­масыз ету бағытында нақты жұмыс жүр­гізілуде. Бұдан бөлек, партияның «Арман ағашы» жобасы да бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап келеді.

Өз кезегінде, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова балалардың арманына қанат бітіру мәселесі аса маңызды екенін мәлімдеді.

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты балаларға ерекше көңіл бөледі. Еліміздің барлық өңіріндегі филиалдарымыз балаларға арналған ке­шенді іс-шаралар ұйымдастырады. Биыл да осы игі дәстүріміз өз жалғасын табуда. Рухтас­тармен бірге әр баланың арманына қанат бітіргіміз келеді. «Жастар Рухы» алдағы уақытта да балаларға қолдау көр­сету бағытындағы әлеуметтік және қайы­рым­дылық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыра береді. Себебі балалардың әл-ауқаты мен жарқын болашағы – елі­міз­дің тұрақты дамуының кепілі», – деді ол.

Іргелі іс-шара барысында балаларға арнайы дайындалған сыйлықтар та­быс­талды. Сонымен қатар аниматорлардың қатысуымен бүлдіршіндерге арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдас­ты­рылды.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының аймақтардағы филиалдары да еліміздің түкпір-түкпірінде балаларға әртүрлі фор­маттағы іс-шаралар өткізуде.

Тілек ҚАБЫЛ