Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі ауқымды жаңартудан өтуде. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында өңірдің жедел медициналық жәрдем станциясына 70 жаңа санитариялық автокөліктің кілті табысталады. Қазіргі уақытта автокөліктердің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Жедел жәрдемге – 70 көлік
128
оқылды

Жаңа техникалар 2025 жылы лизинг шарты негізінде сатып алынған. Оның ішінде 30-ы «С» класындағы реанимобиль, ал 40-ы «В» класындағы санитариялық авто­көлік. Барлығы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге бейімделген.

Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 санитариялық авто­көліктің барлығы пайдалануға беріледі. Оның 20-сы жыл басында медициналық ұйым­дарға тапсырылса, қалған 70 көлік жа­қын күндері қызметке кіріседі.

Алматы облысы Денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Ержан Сүлейменов­тің айтуынша, автопаркті жаңарту тұрғын­дарға көрсетілетін жедел медициналық кө­мек­тің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жаңа санитариялық автокөліктер шалғай елді мекендерге дер кезінде жетуге, шақыр­туларға жедел әрекет етуге және медицина­лық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс», – деді Ер­жан Сүлейменов.

Жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңартуға бизнес өкілдері де қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы әлеуметтік жауапкер­шілік аясында Mareven Food ЖШС жедел медициналық жәрдем қызметіне гумани­тарлық көмек ретінде «В» класындағы 10 Foton маркалы санитариялық автокөлікті табыстаған болатын.

Қазір Алматы облысында жедел меди­циналық көмекті 1 станция, 12 қосалқы станция, ауылдық елді мекендердегі 66 дислокациялық пункт және 1 санитариялық авиация бөлімшесі көрсетеді. Өңірде 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Оның ішінде 20 дәрігерлік және 127 фельдшерлік бригада бар.