Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті. Онда депутаттар Палатаның 4 маусымға жоспарланған отырысының күн тәртібін айқындады.
Маңызды заңдар топтамасы қаралады
200
оқылды

Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қыл­мыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекс­теріне және Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарайды.

Аталған құжаттардың негізгі мақсаты – заң­намалық актілерді жаңартылған Конституция талаптарына сәйкестендіру, сайлау рәсімдерін жетілдіру және ұлттық заңнаманың жекелеген салаларын одан әрі дамыту.

Сонымен қатар күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеу­меттік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақ­тау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң енгізілді. Заң нормалары ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қа­тынастарды құқықтық реттеу тетіктерін жетіл­діруге, білім, ғылым және экономика арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ әлеуметтік және мемлекеттік жүйелердің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, алдағы отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», «Қазақстан Респуб­ликасының Салық кодексіне өзгерістер енгізу ту­ралы» заңдарды және басқа да заңдарды қарайды.

Депутаттар Мәжіліс қабыл­даған заңдарды тұрақты комитеттер арасында бөліп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі Сенаттың жұмыс жоспарын талқылады.