Шымкент қаласында аға буын өкілдерінің өмір сапасын жақсартуға, олардың денсаулығын нығайтып, қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде халықтың ризашылығына ие болып отырған маңызды бастаманың бірі – Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір орталығы.
Әлеуметтік саясаттың басым бағыты
258
оқылды

Бүгінде бұл орталық тек зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыратын ме­ке­ме ғана емес, егде жастағы азаматтардың физикалық және рухани саулығын қолдай­тын, олардың қоғамнан шет қалмай, бел­сенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін әлеу­­меттік-сауықтыру алаңына айналды. Мұнда қарттарға жан-жақты қолдау көр­сетіліп, олардың өмірге деген құлшы­нысын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір орта­лықтың қала аумағында орналасқан төрт бөлімшесінде күніне 800-ге жуық зейнеткерге тұрақты түрде қызмет көрсеті­леді. Ал жыл басынан бері 3 200-ден астам адам қамтылып, 323 жаңа қатысушы тір­келген. Бұл орталыққа деген сенім мен сұ­ран­­ыстың жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады.

Орталықта қариялар үшін 36 түрлі қызмет түрі ұйымдастырылған. Атап айт­қанда, емдік денешынықтыру, массаж, фитобар, психолог қызметі, тұзды кабинет, шунгит терапиясы, бассейн, йога, хорео­графия, еңбек терапиясы секілді сауықтыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар бейнелеу өнері, қыш өнері, кітапхана, музыка, компьютерлік және қаржылық сауаттылық курстары, ағылшын және араб тілдерін оқыту сабақ­тары да зейнеткерлердің қызығушылығын арттырып отыр.

Әсіресе, егде жастағы азаматтардың шет тілдерін үйренуге деген ынтасы ерекше назар аудартады. Соңғы уақытта ағылшын тіліне қызығушылық айтарлықтай өсіп, бүгінде төрт бөлімшеде екі ауысым бойынша 180-ге жуық қызмет алушы шет тілін мең­геруде. Бұл – қазіргі заман талабына бейімделуге деген аға буынның талпынысын көрсететін жарқын мысал. Орталықтағы жұмыстар ғимарат ішінде ғана шектелмейді. Әр апта сайын зейнеткерлер Дендросаябақта серуендеп, түрлі мәдени-танымдық және сауықтыру іс-шараларына қатысады. Соны­мен қатар Ж.Шанин атындағы ака­демиялық драма театрына барып, тегін қойылымдарды тамашалау дәстүрге айнал­ған. Мұндай шаралар олардың рухани әлемін байытып қана қоймай, қоғаммен байланысын нығайта түседі.

Белсенді ұзақ өмір орталығының меди­циналық-сауықтыру бағытындағы жұмыс­тары нақты нәтижесін беріп отыр. Маман­дардың мәліметінше, орталық қызметін тұрақты пайдаланушылар арасында ги­пер­тония бойынша емделушілердің 93 пайызында, бронхитпен ауыратындардың 95 пайызында, артрит дертіне шалдық­қандардың 68 пайызында оң өзгеріс бай­қал­ған. Ал артық салмақ мәселесі бойынша ем қабылдаған азаматтардың 82 пайызында денсаулық көрсеткіштері жақсарған. Бұл көрсеткіштер Шымкент қаласында қарттарға қолдау көрсету жүйесі жаңа деңгейге көтер­ілгенін айқын аңғартады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік қамқорлықтың нақты нәтижесі ретінде Белсенді ұзақ өмір орталығы аға буынның денсаулығын нығайтып қана қоймай, олар­дың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беріп келеді.

Қазақ халқы қашанда қариясын қазына санаған. Сондықтан егде жастағы азаматтарға жағдай жасау – әлеуметтік міндет емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің де маң­ызды көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкенттегі Белсенді ұзақ өмір орталығы – ұрпақтар сабақтастығын сақтап, қарттардың өмірге деген сенімін арттыратын тағылымды бастама. Қоғамның дамуы аға буынға көр­сетілген құрметпен өлшенеді. Ал Шым­кентте жүзеге асып жатқан мұндай игі жоба­лар қарияларға қамқорлық көрсетудің заманауи әрі тиімді моделін қалыптастырып отырғаны анық.

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Шымкент қаласы