Ведомство басшысы туындаған жағдайдың себептерін түсіндіріп, Олимпиада чемпионына қатысты мәселелердің қазіргі жағдайы туралы айтты.
Министр Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты жағдайды түсіндірді
Фото: Сали Сабиров
131
оқылды

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың сұхбатынан кейін қоғамда оның жалақысы, мемлекеттік төлемі және Қазақстан құрамасымен жасалатын жаңа келісімшартқа қатысты мәселелер қызу талқыланып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Осыған байланысты редакция Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан пікір сұрады. Ведомство басшысы туындаған жағдайдың себептерін түсіндіріп, Олимпиада чемпионына қатысты мәселелердің қазіргі жағдайы туралы айтты.

– Соңғы күндері Михаил Шайдоровқа қатысты жағдай белсенді талқыланып жатыр. Спортшы бес айдан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеді. Бұл жағдай неге туындады?

– Ең алдымен, Михаил Шайдоров – көрнекті спортшы, Олимпиада чемпионы және бүкіл ел мақтан тұтатын азамат екенін атап өткім келеді. Оның жеңісі қазақстандық мәнерлеп сырғанау спорты мен жалпы отандық спорт тарихындағы маңызды оқиға болды.

Мұнда бір жайтты нақтылау қажет: әңгіме бес ай бойы жалақы төленбегені туралы емес. Михаил 2026 жылдың ақпанына дейін алдыңғы олимпиадалық цикл аясындағы қолданыстағы келісімшарт бойынша жалақы алып келді. 2026 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін бұл келісімшарттың мерзімі аяқталды. Наурыз айынан бастап келесі олимпиадалық циклге арналған жаңа келісімшарт жасалуы тиіс еді.

Мұндай рәсім ұлттық құраманың барлық спортшыларына бірдей қолданылады. Дайындықтың бір кезеңі аяқталған соң, келесі кезеңге жаңа келісімшарт рәсімделеді. Бұл – қалыпты тәжірибе. Қазіргі уақытта жаңа келісімшартқа қол қойылған жоқ, сондықтан жаңа кезең бойынша төлем жүргізуге заңды негіз жоқ.

– Жаңа келісімшартқа қол қоюға не кедергі болып отыр? Спортшыға қандай шарттар ұсынылды?

– Алдыңғы олимпиадалық цикл аяқталғаннан кейін Михаилға да, ұлттық құраманың барлық спортшыларына да жаңа келісімшарт ұсынылды. Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін оның мәртебесі өзгергені анық, сондықтан оған Олимпиада чемпионы мәртебесіне сай, бұрынғыдан да тиімді шарттар ұсынылды.

Қаржыландыруды қысқарту, жағдайын нашарлату немесе ұлттық құрамадағы мәртебесін төмендету туралы сөз болуы мүмкін емес. Керісінше, жаңа келісімшарт оның жетістіктері мен Олимпиада чемпионы атағын ескере отырып жасалған.

Қазіргі уақытта келісімшартқа қол қойылмады, себебі спортшы «Міндеттемелер» бөлімімен келіспеді. Сондықтан тараптар әзірге ортақ құқықтық шешімге келе алмай отыр. Біз спортшының ұстанымына құрметпен қараймыз және онымен сындарлы диалог жүргізудеміз.

Ұлттық құраманың спортшысы болу – әуесқой қызмет емес, кәсіби жұмыс. Спортшы жалақы алады, оқу-жаттығу жиындарымен, медициналық сүйемелдеумен, халықаралық жарыстарға қатысумен және басқа да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі.

Кез келген еңбек шарты сияқты спортшы келісімшартында да жұмыс берушінің ғана емес, спортшының да міндеттемелері қарастырылған. Бұл барлық салада қолданылатын қалыпты тәжірибе.

Михаил Шайдоров үшін арнайы жеке келісімшарт әзірленген жоқ. Бұл – ұлттық құраманың барлық мүшесіне ортақ типтік келісімшарт. Қазіргі таңда дәл осындай келісімшартпен Олимпиада чемпиондары, жүлдегерлері, әлем чемпиондары және елдің жетекші спортшылары жұмыс істеп жатыр.

Министрлік пен Спортты дамыту дирекциясы бір спортшы үшін ғана шарттарды өзгерте алмайды. Біз қолданыстағы заңнама аясында жұмыс істейміз және заң баршаға ортақ.

– Бұл жағдайды қалай және қашан реттеу жоспарланып отыр?

– Шешімі өте қарапайым. Жаңа келісімшартқа қол қою рәсімін аяқтау қажет. Осыдан кейін жалақыға және спортшыны әрі қарай даярлауға қатысты барлық мәселе шешіледі.

Келісімшартқа қол қойылған соң Михаил соңғы үш айдағы барлық төлемдерін толық көлемде алады. Мемлекет Олимпиада чемпионы алдындағы міндеттемелерінен бас тартпайды.

– Михаил сұхбатында өзінің ашық ұстанымы үшін жазаланып жатқанын айтты. Спортшы мен мемлекеттік құрылымдар арасында қандай да бір жанжал бар ма?

– Мүлдем жоқ. Мұны барлық жанкүйер естісе екен деймін. Михаил Шайдоров – біздің мақтанышымыз, қазіргі Қазақстандағы ең жарқын спортшылардың бірі.

Мемлекеттің мұндай спортшыны жазалау немесе оған қандай да бір кедергі келтіру мақсаты жоқ және болуы да мүмкін емес. Керісінше, біз оның Қазақстан намысын қорғауды жалғастырып, келесі маусым мен маңызды жарыстарға табысты дайындалғанын қалаймыз.

Сондықтан қандай да бір қысым немесе әділетсіз көзқарас туралы айту орынсыз. Қазір талқыланып жатқан барлық мәселе тек ұйымдастырушылық және құқықтық сипатқа ие.

– Михаил Олимпиададан кейін медициналық сүйемелдеудің бір бөлігінен айырылғанын да айтқан еді.

– Дәрігерлер мен массажистер оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстар кезінде ғана спортшыларға бекітіледі. Осы кезеңде олар тәулік бойы дерлік медициналық қолдау көрсетеді.

Михаилдың бас бапкерінен жиын өткізу немесе жарысқа шығу туралы сұраныс түскен жағдайда, Олимпиада кезіндегідей оған жеке дәрігер бекітіледі.

Сонымен қатар спортшының бапкерлер құрамы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бас бапкер Әсем Қасанова, Михаилдың жеке бапкері Алексей Урманов және басқа да мамандар жаңа келісімшартқа қол қойған.

– Михаил Олимпиада алтыны үшін берілетін сыйақыны қашан алады?

– 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алтын медалі үшін берілетін сыйақыны төлеу осы жылдың маусым-шілде айларына жоспарланған. Қазір қажетті рәсімдер жүргізіліп жатыр.

– Михаилға «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағын беру мәселесі неге созылып кетті?

– Бұл атақты беруге ешқандай кедергі жоқ. Ол өзінің жоғары нәтижесімен бұл атаққа толық лайық.

Тиісті бұйрық әлдеқашан қол қойылған. Белгісі мен куәлігін Астанада өтетін салтанатты кездесуде табыстаймыз.

– Михаил Шайдоровтың жанкүйерлеріне не айтасыз?

– Барлық жанкүйерден жағдайға сабырмен әрі объективті қарауды сұраймын.

Михаил Шайдоров Қазақстан спортының тарихына өз есімін мәңгі жазды. Біз оның ел спортына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және жетістіктерін мақтан тұтамыз.

Барлық мәселе заң талаптарын сақтай отырып және спортшының мүддесіне құрметпен қарап шешілетініне сенімдімін. Мемлекет халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар алдындағы міндеттемелерін орындап келді және алдағы уақытта да орындай береді.