Целиноград ауданында ұлттық көкпар ойынының жаттығуы кезінде 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, көз жұмған.
Ақмола облысында жасөспірім аттан құлап, қаза тапты
www.istockphoto.com
341
оқылды

Ақмола облысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің қаза табуына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, –  деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Kazinform-ге сілтеме жасап. 

Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиғаның 26 мамыр күні Целиноград ауданында ұлттық көкпар ойынының жаттығуы кезінде болған. 

– Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу аясында жаттығуды ұйымдастырушылардың және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, – деп хабарлады ведомство.

Целиноград ауданы әкімдігі қайғылы оқиғаның Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округінің аумағында болғанын нақтылады.

– Жергілікті тұрғындар жеке бастамамен жаттығу ойындарын өткізген. Бұл ойындар ресми спорттық немесе бұқаралық іс-шара емес. Аудан әкімдігіне аталған ойындардың өткізілетіні туралы хабар берілмеген, сондай-ақ жергілікті атқарушы органға келісім алу жөнінде өтініштер мен сұраныстар түспеген, – деп түсіндірді әкімдік.

 Кәмелетке толмаған жасөспірім ойын өтетін жерге туыстарымен бірге барып, келмей қалған қатысушылардың бірінің орнына ойнаған. 

– Сондай-ақ аталған елді мекенде аудандық немесе облыстық мекемелердің балансында тұрған мемлекеттік көкпар секциялары жоқ. Іс-шара М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің меншігіндегі жер телімінде өткізілген. Жер телімінің жалға алушысы – жеке тұлға. Қазір уәкілетті органдар тексеру жүргізіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қажетті жәрдем көрсетіп жатыр, – деп хабарлады ведомство.