69 бітімгерді салтанатты қарсы алу рәсімі 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті.
Голан жоталарынан оралған қазақстандық бітімгерлерді салтанатты түрде қарсы алды
130
оқылды

БҰҰ-ның «Бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясы құрамында Голан жоталарында қызмет атқарған бітімгерлердің екінші тобын Алматыда салтанатты түрде қарсы алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Олардың елге оралуы Қазақстан Республикасының Бітімгер күнімен тұспа-тұс келді. Биылдан бастап бұл кәсіби мереке 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген Халықаралық БҰҰ бітімгерлері күнімен бір күнде аталып өтеді.

69 бітімгерді салтанатты қарсы алу рәсімі 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті. Іс-шараға Құрлық әскерлері, Десанттық-шабуылдау әскерлері, Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының қолбасшылығы, ардагерлер, әріптестері, қоғам өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары және әскери қызметшілердің отбасы мүшелері қатысты.

Бітімгерлік контингент ротасының командирі подполковник Жәнібек Нұрланов Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаевқа екінші бітімгерлік контингенттің елге аман-есен оралғаны туралы баяндады.

Құрмет қарауыл ротасы мен әскери оркестрдің сүйемелдеуімен әскери қызметшілер Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жиналған қауымды Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев құттықтады. Ол бітімгерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, елден жырақта жауапты міндеттер атқарған әскери қызметшілерге түсіністік танытып, қолдау көрсеткен отбасыларына алғыс білдірді.

– Голан жоталарындағы операцияға қатысу Қазақстанның толыққанды бітімгерлік әлеуеті бар мемлекеттердің қатарына кіретінін көрсетті. Сіздер халықаралық аренада еліміздің Қарулы күштерін таныстырып, Қазақстанның көгілдір туын абыроймен алып жүрдіңіздер. Жоғары кәсібилік, тәртіп және әскери борышқа адалдық таныттыңыздар. Сіздер жинаған бірегей тәжірибе аса құнды. Оны сақтап қана қоймай, жас әскери қызметшілерге үйретіп, үздік тәжірибелерді жауынгерлік даярлық жүйесіне енгізу маңызды, – деді ол.

Қазақстандық контингенттің қызметіне БҰҰ басшылығы  және БҰҰ Бас хатшысының бітімгерлік операциялар жөніндегі орынбасары Жан-Пьер Лакруа жоғары баға берді.

Өз сөзінде бітімгерлік контингент ротасының командирі подполковник Жәнібек Нұрланов БҰҰ-ның кешенді тексерістері нәтижесінде ұлттық контингент 100 балдың 98-ін жинағанын айтты. Бұл – соңғы үш жылдағы миссия құрамындағы барлық контингенттер арасындағы ең үздік нәтиже.

– Миссияны орындау кезеңінде екінші ұлттық бітімгерлік контингент мыңнан астам іс-шара өткізді, ал инженерлік-саперлік топ төрт мыңға жуық жарылғыш зат пен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жойды, – деп нақтылады ол.

Кәсіби мереке құрметіне Армия үйінде ауқымды бағдарлама ұйымдастырылды. Қонақтар әскери техникалардың үлгілерімен, Қазақстанның бітімгерлік операцияларға қатысу тарихына арналған фотосуреттер мен мұрағат құжаттарының көрмесімен танысты.

Іс-шара Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы филиалының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды. Бағдарламадағы вокалдық, аспаптық және хореографиялық қойылымдар патриоттық рухты, әскери дәстүрлер сабақтастығын және Отан қорғаушылардың ерлігін қастерлеуді әсерлі түрде көрсетті.