Әр бала үшін оқу маусымы аяқталып, жазғы демалысқа шығуы – өмірінің жарқын шағының бірі. Содан болар, кез келген ата-ана баласының уақытты бос сенделіспен өткізбей, үш ай жазда білімін ұштай түсіп, өрісінің өскенін қалайды. Осы тараптан қала әкімдігі балалардың ғана емес, ата-ананың да қажетін толығымен қамтыды десе болады.
«Таным»: Ертеңгі жетістік бүгінгі талпыныстан басталады
фото: баспасөз қызметінен алынды
156
оқылды

Әсіресе, қала балаларының бос уақытын тиімді өткізуге, олардың білімін арттырып, бойдағы дарынын ашуға, жаңашылдыққа қадам басуға көмектесетін түрлі орталықтар бар. Жекеменшік қана емес, мемлекеттік қосымша білім беру орталығы Астананың өзінде 14-і жұмыс істейді. Оның қатарына әл-Фараби атындағы оқушылар сарайы, М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы және «Таным» көпфункционалды кешені кіреді.

Соның ішінде «Таным» көпфункционалды кешеніне тоқталар болсақ, экологиялық таза материалдары қолданылған заманауи сәулеттік стильде 750 балаға арналып салынған үш қабатты нысан.  12 225 м² аумақты алып жатқан заманауи үлгідегі кешен жастарды біліммен сусындатып қоймай, олардың азамат ретінде қалыптасуына септігін тигізетін әлеуметтік-мәдени орталыққа айналған.  Өйткені мұнда оқу-тәрбие қызметінің негізгі 6 бағыт бойынша жұмыс істейтін 33 балалар бірлестігі бар. Біріншісі – хореография, вокал, театр және аспаптық өнер, актерлік шеберлікті қамтитын көркем-эстетикалық бағыт. Балалардың шығармашылық тұсын жандандырып, сахнаны ішінен тануға көмектесетін театр шеберханасы бар. Осы әлеуметтік-педагогикалық бағытта балалар пікірсайыс клубы, сөйлеу мәнеріне үйреніп, сөзшеңдігін ұштастырады.

«Тәні саудың – жаны сау» дегендей балаларға спорттық-сауықтыру бағыты шет қалмаған.  Бассейн, волейбол, баскетбол, футбол, теннис, гандбол секілді ойынның түрлі секциялары да бар. Тіпті, сәндік-қолданбалы бағыт та ұмытылмаған. Егер бейнелеу өнері, қолданбалы шығармашылық, қыш өнері, ландшафтық дизайн қызыққан жасқа бұл – таптырмас білім. Білімге де, шығармашылыққа да бойын алыс ұстайтын балаларға арналған ғылыми-техникалық бағыт бар. IT, VR, SDR, 3D прототиптеу, STEM, инженерия, робототехника, кеме модельдеу, авиа модельдеу, зымыран жасау, жаңартылатын энергия көздері зертханасы, физика-техникалық зертханада тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыра алады. Жаратылыстану-ғылыми бағытқа қатысты агро-зертхана, аквапоника, гидропоника оқуға үлкен мүмкіндік.

Көпшілік және көрермендер іс-шаралары блогына 200 орындық әмбебап зал, сахна және әртістерге арналған бөлмелер кіреді. Келушілерге ыңғайлы болу үшін ресепшн аймағы, гардероб, санитарлық тораптар және кең вестибюлі және жеке кіреберіс қарастырылған. Тіпті, бұл блокта өз бетінше жұмыс істеуге және оқу тапсырмаларын орындауға арналған коуоркинг кеңістігі бар.

Жалпы, қалада 596 мемлекеттік жүйеге қосымша 244 жекеменшік білім беру орталығы бар.  Соның арқасында бүгінде 239 710 бала қосымша білім алып жүр. Білім деген теңізге жол салып,  өз жолын табу кім-кімге де оңай емес. Алайда жастайынан алған білім болашағына жол ашатынын әр жеткіншек беске біледі. Сондықтан ертеңгі жетістік бүгінгі талпыныстан басталады, – дейді олар.