Мемлекет тарапынан Олимпиадаға барған, 1-орыннан 6-орынға дейінгі жеңімпаздарға сыйақы беріледі.
Шайдоров бастаған дау: Олимпиада чемпиондары сыйақы мен жалақысын алып жүр ме?
www.istockphoto.com
255
оқылды

Михаил Шайдоровтың бес айдан бері жалақы алмағаны айтылғалы  спорт саласында  жағдай қызу талқыланып жатыр. Тіпті, өзге Олимпиада чемпиондарының сыйақыны алған-алмағаны қозғалды. Осыған байланысты бірқатар Олимпиада чемпиондары пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Олардың айтуынша, жұрт Шайдоровтың жалақысын сыйақымен шатастырып алған. 

Бокс федерациясы президентінің кеңесшісі, Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сәпиев  Олимпиада ойындарынан кейін мемлекет тарапынан белгіленген сыйақыны алғанын айтты.

– Әрине, біз де Олимпиада чемпионы атанған соң сыйақы  алдық. Мемлекет тарапынан Олимпиадаға барған, 1-орыннан 6-орынға дейінгі жеңімпаздарға сыйақы беріледі. Олимпиадаға дейін де және кейін де спортшылармен келісімшарт жасасып жүрдік. Негізі келісімшарт Олимпиадаға дейін жасалып, онда нақты талаптары және уақыты көрсетіледі. Соған сай төлемді де алдық. Кейін Олимпиададан оралған соң, біраз демалып, қайта спортты жалғастырғанымда қайта келісімшарт жасастық. Келісімшартсыз ешқандай жалақы төленбейтіні  анық, – дейді Серік Сәпиев. 

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Олимпиада біткен соң жаңа келісімшартқа отырғанын айтты. 

– Олимпиада ойындарынан кейін үстемеақымызды алдық. Келісімшарт әр жыл сайын келісілетін дүние. Сондықтан талапқа сай жалақымызды алып жатырмыз. Егер келісімшартқа отырмаса, жалақы төленбейді. Кез келген жерде келісімшарт жасалмастан, ақы төленбейді. Спортта да солай. Мысалы, келісімшартта көрсетілген талаптар ұнамауы мүмкін: жалақы аз болды делік. Ол  спортшының таңдауы, келісімшартқа келісім бермесе. Келісімшартсыз жалақы төленген емес, ондай өз басымда болған емес, – деді ол.

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың айтуынша, Олимпиада чемпионы, Олимпиада жүлдегерлері және Әлем чемпионына өмір бойына зейнетақы төленеді. 

– Мемлекет 100 АЕК етіп бекітті, соның мөлшерінде төленеді. Спортқа сіңірген еңбегімнің арқасында зейнетімді алып жатырмын. Онда да еңбек өтілім 20 жылға толмаса бұл да бұйырмайды. Олимпиада чемпионы бола тұра, спорт саласына еңбегің сіңуі керек. Сонда ғана бұл зейнетақы тиесілі. Ал спортта әрдайым келісімшарт жасалып отырады. Бұл ең алдымен спортшыларды алға тартып, ұмтылуға көмектеседі, – деді ол.

Айта кетейік, Спортты дамыту дирекциясы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық төленгенін мәлімдеген болатын. 

–  Мемлекет Михаил Шайдоровты Олимпиададағы тарихи жеңісі үшін ынталандыруға қатысты міндеттемелерін толық орындаған. Алтын медаль үшін спортшыға 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру және Қазақстан заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған. 2026 жылдың наурыз айынан бастап спортшының Миланда өткен Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны ескеріліп, жаңа келісімшарт жасау жоспарланған. Бұл құжатта келесі олимпиадалық циклге дайындық пен қаржыландырудың жаңартылған шарттары қарастырылған, – делінген Спортты дамыту дирекциясының хабарламасында.