Келісімдердің негізгі мақсаты - тараптар арасындағы ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы ынтымақтастықтың институционалдық және практикалық негіздерін айқындау.
Қазақстан АЭХА-мен ядролық технологиялар бойынша келісімге қол қойды
167
оқылды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы ынтымақтастық бойынша Келісімдерге қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл құжат Қазақстан мен АЭХА арасындағы ғылыми-технологиялық әріптестікті жаңа деңгейге шығарып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту, биологиялық қауіпсіздікті күшейту және ядролық әрі изотоптық технологияларды бейбіт мақсатта қолдану бағыттарындағы бірлескен бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға негіз қалайды.

Келісімдердің негізгі мақсаты - тараптар арасындағы ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы ынтымақтастықтың институционалдық және практикалық негіздерін айқындау. Ынтымақтастық Қазақстан Республикасының ұлттық басымдықтарын, халықаралық ғылыми стандарттарды және АЭХА-ның жаһандық ғылыми-техникалық әлеуетін біріктіре отырып жүзеге асырылатын болады.

Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – Atoms4Food халықаралық бастамасы аясындағы өзара іс-қимылды дамыту. Бұл бастама агроөнеркәсіптік секторға заманауи ядролық және изотоптық технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және климаттық өзгерістер жағдайында тұрақты азық-түлік жүйелерін қалыптастыруға бағытталған.

Келісім аясында үйлестірілген ғылыми-зерттеу жобалары (CRP), АЭХА-ның Техникалық ынтымақтастық бағдарламасы (TCP) және бірлескен ғылыми платформалар арқылы келесі стратегиялық бағыттар бойынша ынтымақтастық жүзеге асырылады:

– Климаттық өзгерістерге төзімді және жоғары өнімді ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығару мақсатында мутациялық селекция бағдарламаларын әзірлеу;

– Тыңайтқыштарды тиімді пайдалану мен өсімдіктердің қоректену жүйесін жетілдіру үшін азот-15 (¹⁵N) секілді изотоптық әдістерді қолдану;

– Ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы экологиялық қауіпсіз күрес құралы ретінде стерильді жәндіктер әдісін (SIT) енгізу;

– Радиациялық өңдеу және фитосанитариялық технологияларды пайдалану арқылы азық-түлік шығындарын азайту, тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру;

– Жануарларды азықтандыру, көбею және ветеринариялық денсаулық сақтау салаларында ядролық және ядролық туынды технологияларды қолдану арқылы мал шаруашылығы өнімділігін көтеру;

– Тұрақты изотоптар әдістерін пайдалану арқылы ғылыми негізделген тамақтану бағдарламаларын әзірлеу және халық денсаулығын жақсарту;

– Ғылыми және зертханалық инфрақұрылымды дамыту мен жаңғырту, кадрлар даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру арқылы институционалдық әлеуетті күшейту;

– Ауыл шаруашылығы және азық-түлік жүйелерінде радиациялық және ядролық технологияларды қолдануға қатысты реттеуші және нормативтік-құқықтық базаларды үйлестіру.

Тараптар ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе мен білім алмасу, халықаралық сарапшыларды тарту, ғылыми тағылымдамалар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті. Сонымен қатар, жас ғалымдарды қолдау, халықаралық ғылыми желілерге қатысу мүмкіндігін кеңейту және қазақстандық ғылымды жаһандық зерттеу кеңістігіне ықпалдастыру маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындалды.

Практикалық Келісімдерге қол қою ҚР ҰҒА мен АЭХА арасындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын айқындап, ғылым мен инновацияны дамыту арқылы жаһандық сын-қатерлерге жауап беруге бағытталған ұзақ мерзімді серіктестіктің берік негізін қалыптастырады. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық ғылыми қауымдастықтағы рөлін күшейтіп, озық технологияларды енгізу арқылы елдің ғылыми және аграрлық әлеуетін арттыруға жаңа серпін береді.