Мемлекеттік басқару жүйесінде кәсібилік пен жаңа көзқарасқа сұраныс артқан кезеңде кадр даярлау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.
Тамара Дүйсенова: Мемлекеттік басқару жүйесіне бейімді басқарушылар қажет
164
оқылды

Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы бүгінде жаңа буын басшыларын даярлайтын маңызды алаңға айналды. Академия директоры Тамара Дүйсеновамен мемлекеттік қызметтегі заманауи талаптар, әкімдер мен депутаттарды оқытудың жаңа тәсілдері, кадрлық резервтің әлеуеті және саяси менеджменттегі трансформация жайында әңгімелескен едік.

– Тамара Қасымқызы, сіз еңбек жолың­ызды өңірде, экономикалық және әлеуметтік саладағы қызметтерден бастап, мемлекеттік басқару жүйесінде жоғары лауазымды қызметтер атқардыңыз. Қазір еліміздегі ең ықпалды «AMANAT» партиясының Сая­си менеджмент академиясын басқарып отырсыз. Мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылдық тәжірибеңізге сүйеніп, мемлекеттік басқару саласына кадр даярлаудың ең өзекті тұстары қандай деп ойлайсыз?

– Меніңше, жай ғана білікті орындау­шыларды емес, өзіне жауапкершілік ала алатын, нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істейтін әрі өзгеріске тез бейімделе алатын басқарушыларды даярлау – қазіргі мемле­кеттік басқару жүйесінің басты міндеті.

Бүгінде мемлекеттік қызметші тек кәсіби біліммен шектелмеуге тиіс. Ол жүйе­лі ойлай алатын, қарым-қатынас дағ­дыларын меңгерген, жобаларды бас­қаруға машықтанған, ауқымды деректермен және заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеуге қабілетті адам болуы қажет. 

Сонымен қатар кадр даярлаудың нақ­ты іс жүзіндегі қырларына мән беру ерекше маңызды. Оқыту үдерісі өңірлерге жүктелген міндеттермен және жергілікті жерде мемлекеттік қызметшілер күнделікті айналысатын шаруалармен тығыз байланысты болуы керек. 

Осы орайда маңызды мәселенің бірі – үздіксіз білім алу мәдениетін қалыптастыру. Қазіргі заман өте жылдам өзгеруде, соған сәйкес білім де үнемі жаңарып отырады. Бүгінгі білім ертең өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан басқарушы мамандар өзінің білім-білігін үнемі дамытып, жаңа тәсілдерді уақытылы меңгеруге дайын болуы керек.

Әрине, жауапкершілік, ашықтық, халық­ты тыңдай білу және қоғам мүддесіне адал қызмет ету сияқты адами қасиеттер әрдайым басты фактор болып қала беретіні анық. 

Бір сөзбен айтсақ, мемлекеттік басқарушының бойында кәсіби біліктілік пен адамгершілік құндылықтар қатар көрініс табуға тиіс.

Модульдік білім беру – кезең-кезеңімен оқытуға бағытталған

– Жалпы, адам үнемі үздіксіз білім алып, жан-жақты дамып отыруы керек дейсіз ғой. Саяси менеджмент академия­сы­ның бастамасымен іске қосылған модуль­дік білім беру бағдарламасы адамның білімі мен біліктілігін жетілдіруде несімен ерекшеленеді?

– Модульдік білім беру бағдарлама­сының басты ерекшелігі – оның нақты практикалық нәтижеге және кезең-кез­еңімен оқытуға бағытталуында. Бұл жүйе жергілікті мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық-саяси ұйымдар басшыла­рының және тиісті кадрлардың біліктілігін арттыруға арналған.  

Бағдарламаны әзірлеу барысында Академия ұйымдастырған фокус-топтарда партия мүшелері ұсынған пікірлер, өңір­лердегі кездесулерде көтерілген мәсе­лелер және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ұсыныстар жан-жақты ескерілді. Оның мазмұнын Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Әл-­Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі биыл қаңтар айында мақұлдады. 

Жаңа бағдарлама ауылдық округ әкім­дерінің, барлық деңгейдегі мәслихат депут­аттарының және партия активінің күнделікті қызметіне барынша бейімделген. Оның бұ­рынғы қысқамерзімді, бірреттік курстардан негізгі айырмашылығы да осында.

Оқыту көшбасшылық, өңірлік даму жүйесі, салық салу, мемлекеттік бюджет, қарым-қатынас және саяси науқандар секілді басты бағыттар бойынша алты модульден және үш кезеңнен тұратын курс түрінде жүргізіледі. 

Сонымен қатар онда үздіксіз білім беруге және кезең-кезеңімен жүйелі оқы­туға баса назар аударылған.  Тыңдау­шылар ең алдымен оқу материалдарын меңгереді, содан кейін алған білімін тәжірибе жүзінде сынап көреді, соңында өз жобаларын әзірлеп, оны қорғайды. 

Мұндай тәсіл қатысушылардың кәсіби даярлығын арттырып қана қоймай, алған білімін өңірлердегі нақты нәтижемен ұштастыруға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі депутаттарды жүйе­лі түрде даярлау және олардың білік­ті­лігін арттыру қажеттігін бірнеше рет айт­ты. Бағдарлама аясында қандай негізгі бағыттар іске қосылды және алғашқы нәти­желер қандай?

– Бағдарламаның түпкі нәтижесі туралы айтуға әлі ертерек. Себебі ол 14 сәуірде ғана ресми түрде іске қосылды. Дегенмен алғашқы оң нәтижелер қазірдің өзінде байқалып отыр.

Біріншіден, алғашқы тыңдаушылар бағ­дарламаның деңгейі жоғары, мазмұны бай екенін, лекторлар білікті, тақырыптар өзек­ті екенін, сондай-ақ оқыту үдерісі бұ­рынғы курстармен салыстырғанда іс жүзінде қолдануға барынша бейімделгенін атап өтуде.

Екіншіден, тыңдаушылар мен нысана­лы топтар барынша қамтылды. Қазірдің өзінде 13 өңірде 1 600-ден астам тыңдаушы модульдік бағдарлама бойынша оқып жатыр. 

Үшіншіден, әлден-ақ, партияның аймақ­тардағы мықты кадрларын анықтауға жақсы мүмкіндік туды. Бұл ретте, жобаны болашағынан үміт күттіретін білікті бас­қарушыларды іріктеп, оларды мемлекеттік және саяси қызметке тартатын кадрлық лифт деуге болады. Болашақта оның негізінде партияның сапалы кадрлық резерві қалыптасады деп сенеміз.

– Сіздіңше, цифрландыру дәуірінде мем­лекеттік басқару саласына қажетті маман­дарды даярлау тәсілі қалай өзгеруге тиіс? Жасанды интеллектімен жұмыс істеу тұрғысынан алғанда мемлекеттік қызметшіге қандай талаптар қойылуы керек? Деректерге негізделген шешім қабылдау дағдылары оқу бағдарламасына енгізілді ме?

– Ең алдымен, жасанды интеллектіні қолдану – тек «заманауи құрал пайдаланып жатырмыз» деген формалды ұстаным емес екенін түсіну қажет. Жасанды интел­лект деректерді талдауға, жаңа үрдістерді анықтауға, болжам жасауға және көңілге қонымды шешім қабылдауға қажетті құрал ретінде ғана қолданылуға тиіс.

Қалай болғанда да, түпкілікті шешімді жауапты тұлға қабылдайтындықтан, басты рөлді адам өзі атқарады. Сол себепті бас­қарушы кадрлардың білімі мен білік­тілігіне, кәсіби даярлығына айрықша назар аударылады. 

Осыған орай, Академия білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде әрі түбегейлі қайта қарап, олардың практикалық бағытын күшейтіп жатыр. Оқыту үдерісінде мамандардың басқару қабілетін дамытуға жете көңіл бөліп отыр. Мен бұл жерде аза­­маттарымыздың цифрлық дағдысын ғана емес, олардың стратегиялық ойлау, жобаларды басқару, талдау жасау және деректер негізінде шешім қабылдау қ­абілетін жақсарту туралы айтып отырмын. 

Жаппай цифрландыру жағдайында жекелендірілген оқыту тәсілі ерекше маңы­зға ие. Қазір Академияның бірыңғай цифр­лық білім беру платформасын әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жүйе әрбір тыңдаушыға тұрғылықты жеріне қарамастан курстарды, оқыту форматы (онлайн/оффлайн) мен тілін және оқыту­шыларды таңдау мүмкіндігін берді. Яғни бұл әрбір тыңдаушы өзінің кәсіби қажетті­лігіне сәйкес жеке білім беру траектория­сын қалыптастыруға мүмкіндік алады деген сөз.

Бұдан бөлек, Академия жетекші өңірлік жоғары оқу орындарымен ынты­мақтастықты дамытуға баса мән беруде. Қазірдің өзінде оннан астам универси­тетпен серіктестік орнатылды. Мысалы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шы­ғыс Қазақстан университеті өңірлік бағдарла­маларды іске асыру үшін жасанды интел­лектіні пайдаланатын микробіліктілік бағ­дарламасын әзірледі. Бұл тыңдаушы­ларға  жасанды интеллектіні өз жобасын орындаған кезде-ақ іс жүзінде қолдана алуға мүмкіндік береді. 

Дегенмен біз мемлекеттік басқару жүйе­сінде даярлығы жоғары әрі білікті маман ғана жасанды интеллектінің мүм­кін­діктерін тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалана алады деген ұстанымды негізге алатыны­мызды тағы да қайталап айтқым келеді.

Өңірлердің нақты сұранысы ескеріледі

– Бұл бағдарламаның классикалық үлгідегі университетте оқудан өзгешелігі не? Академия мен ЖОО арасындағы ын­тымақтастық мемлекеттік басқару сала­сына кадр даярлауда қаншалықты тиімді болмақ?

– Бағдарламаның дәстүрлі универ­ситеттік оқытудан негізгі айырмашылығы – оның нақты практикалық міндеттерге және өңірлік даму қажеттіліктеріне бағдарлануында.

Бұл бастама жоғары оқу орындарының рөлі мен миссиясын кеңейтеді. Универси­теттер тек білім беру ұйымы ғана емес, өңірдің адами капиталын дамыту орта­лығына айналуға тиіс.

Осы тұрғыда Торайғыров университе­тінің тәжірибесін ерекше атап өтуге болад­ы. Университет барлық мүдделі тарап­тармен бірлесіп жаңа мамандықтар картасын әзірлеп, оны тәжірибеге енгізіп келеді.

Басқаша айтсақ, жоғары оқу орны сту­денттерді ғана емес, қазіргі мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметші­лердің де біліктілігін арттыратын мекемеге айналып, мемлекеттік басқару саласындағы толыққанды өңірлік құзырет орталығы атанады. 

Сонымен бірге білім беру жүйесі өңір­лер­дің нақты сұранысына бейімделеді. Университеттер аймаққа қандай басқарушы мамандар қажет екенін ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартады, қолданбалы зерттеулер жүргізеді және нақты кейстерге негізделген оқыту жүйе­сіне көшеді. 

Бұл өз кезегінде оқытушылардың кәсіби деңгейін арттырып, жоғары оқу орындарының мемлекеттік институттардың сенімді сараптамалық серіктесіне айналуына ықпал етеді.

– Бағдарлама аясында білім алушы­лардың тәжірибелік құзыретін арттыру үшін қандай жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр? 

– Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бағдарламаның негізгі қағидаттарын әу бастан айқындап алдық. Өлшеуге болатын нақты нәтижеге жету көзделмесе, кез кел­ген жоба тек идея қалпында қалатыны анық. Сондықтан оқу үдерісі жергілікті жердегі нақты міндеттерді орындауға бағытталады. 

Мысалы, ауыл әкімі жергілікті тұрғын­дармен бірлесіп елді мекенді абаттандыруға мүдделі болса, негізгі міндеттің бірі – ауыл бюджетіне түсетін түсімдерді арттыру. 

Бұл жерде мүлік салығы бойынша салық базасын кеңейту мәселесін жобаның тақырыбы ретінде таңдауға болады.  Жоба­ны іске асыруда тыңдаушылар тео­рия­лық біліммен ғана шектелмей, шаруа­шы­л­ық кітаптарындағы мәліметтерді тү­ген­деу, мемлекеттік дерекқорлармен салыс­т­ыру, қажет болған жағдайда жылжы­майтын мүлік нысандарын қайта бағалау және салық түсімдерін арттыруға ықпал ету сияқты практикалық жұмыстарды кезең-кезеңімен меңгереді.

Сонымен бірге ол жобасының мақсат-мін­деттерін, қандай нәтижеге жеткісі келетінін жұртқа түсіндіріп, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға тиіс Бұл – жұмыстың ең басты өлшемдерінің бірі. 

Мұндай тәсіл бір мезгілде екі маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді: бір жағынан, ауыл бюджетінің кірісі артады, екінші жағынан, әкімдік командасының экономикалық және басқарушылық құзыретін күшейтуге ықпал етеді.

– Тәжірибеге бейімделген білім беру жүйесі қалыптасқан басқару тәсілдерін қалай өзгертуге тиіс деп ойлайсыз?

– Тәжірибеге бағдарланған оқыту жүйесі, ең алдымен, дәстүрлі әкімшілік тәсілден нақты жобалар арқылы нәтижеге жеткізетін ойлау және басқару моделіне көшуге ықпал етуге тиіс.

Жобаларға бағалау жасағанда дәл осы өзгерістер көптеген қатысушы үшін қиын­дық тудыратынын байқадық. Іс жүз­ін­де азаматтардың іс-әрекетіндегі түп­кі межесін айқындау, белгілі бір өл­шем­дері бар мақсат қою және толыққанды жобалық логика қа­­лыптастыру оңай емес екені анықталды. 

Сонымен қатар жобаларды іске асырған кезде деректермен және талдау материал­дарымен жұмыс істеу дағдысының және топтасып істейтін жұмысты ұйымдастыру тәжірибесінің аздығына байланысты қиындықтар туындауы мүмкін. 

Қазіргі мемлекеттік басқару ісінде әкімшілік шешімдер ғана емес, басқарушы­ның әкімдіктермен, депутаттармен, қо­ғамдық ұйымдармен және бизнеспен тең дәрежеде байланыс орната білу қабілеті де маңызды. 

Сондықтан бағдарламада адамның көшбасшылық және қарым-қатынас орната білу қабілетін ашуға ерекше назар аударыл­ған. Жобалық жұмыстың ажырамас бөлігі саналатын бұл қасиеттер өзара қа­рым-қатынас құру, топтасып атқарыла­тын ж­ұмысты үйлестіру және өзгерістерді тиімді басқару дағдыларын қалыптас­тырады.

– Қазір жас мамандар мемлекеттік қызметке қызыға ма? Оларды мемлекеттік қыз­метке тартудың жолдары қарастырылған ба?

– Қазіргі жас мамандар үшін тек жұ­мысқа орналасу мүмкіндігі ғана емес, кәсіби өсу перспективасы, еңбегінің әділ бағалануы және қабілетіне сай мансаптық даму мүмкіндігі аса маңызды. Сондықтан біз осы жоба аясында оқыту нәтижелері мен кадрлық шешімдердің өзара тікелей байлан­ысын қалыптастыруды көздеп отырмыз. 

Біз үшін оқыту формалды сипатта бол­мауы айрықша маңызды. Керісінше, бұл жүйе әр азаматтың кәсіби біліктілігін дұрыс бағалауға, партиядағы рейтингін әділ айқындауға және мансабының білім-білігіне сәйкес өсуіне тікелей әсер етуі керек.

«Оқыту – жоба – рейтинг – кадрлық шешім» логикасы толыққанды жұмыс істей бастаса, шынайы бәсеке орнап, жас мамандардың мемлекеттік қызметке қызы­ғушылығы күшейеді. Сонда мемле­кет­тік және партиялық қызметке белсенді, бастамашыл жастар көптеп келе бастайды.

Саяси менеджмент – саяси мақсаттарды орындаудың тиімді тетігі

– Саяси менеджмент жұмыспен қамту мәселесін, әсіресе жастар мен өңірлердегі жұ­мыссыздық проблемасын шешуге көмектесе ала ма?

– Әрине. Себебі саяси менеджмент – саяси мақсаттарды нақты бағдарламалар мен жобалар арқылы жүзеге асырудың тиімді тетігі.

«AMANAT» партиясының халықты жұмыспен қамтып, табысын арттыруды көздейтін «Ауыл Аманаты» сияқты бастамалары – мұның бір дәлелі. Бұл жоба басқарушылар шоғырын даярлау, игі бастамаларды жүзеге асыру жүйесін қалыптастыру және өңірлермен тиімді жұмыс істеу арқылы нақты жұмыс істейтін құралға айналып отыр.

Академиядағы оқыту да – осы жүйенің бір бөлігі. Себебі ол мемлекеттік және партиялық бағдарламаларды жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асыра алатын мамандарды даярлауға бағытталған.

– Сіз, қазіргі күні елімізде кәсіби сая­сат­керлер мектебі қалыптасты деп айта аласыз ба?

– Саясаткер деген ұғымды мамандық емес, белсенді азаматтардың қоғамда атқаратын рөлі ретінде қарастырған дұрыс болар. Бүгінде институционалдық тұрғыдан толық қалыптасқан, нақты біліктілік талаптары мен мансаптық даму сатылары жүйеленген кәсіби саясаткерлер мектебі толық қалыптасты деп айту қиын. Бұл бағыт енді ғана жүйелі түрде дамып келеді.

Қазір жобаларды басқару, халықтың сұранысына сай жұмыс істеу, деректерді талдау, қоғаммен қарым-қатынас құру, стра­тегиялық жоспарлау және мемлекеттік үдерістерді терең түсіну секілді машықтар мен дағдыларды біртұтас кәсіби стандарт деуге болады. 

Сөз орайы келгенде, Академияның жаңа оқыту моделі дәл осы міндеттерге сәй­кес құрылып жатқанын айта кеткен жөн.

– Еліміздің саяси сахнасындағы әйел көшбасшылардың шоғырын қалыптастыру қаншалықты өзекті деп ойлайсыз? Мемле­кет­тік басқару саласында жұмыс істегісі келетін қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы, саясатты да, мемлекеттік басқару саласын да кәсіби орта ретінде қа­был­дау қажет. Адамның кәсіби білікті­лігіне байланысты талап қойылғанда, ешкімді ер немесе әйел деп бөлмейтінін әрдайым есте ұстау қажет. 

Сондықтан волонтерлік қозғалыстарға, жастар бастамаларына, қоғамдық ұйымдар­дың жұмысына және әлеуметтік жобаларға мүмкіндігінше ертерек араласқан дұрыс. Мұндай тәжірибе қоғамдық және мемле­кеттік үдерістердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Өз ұстанымыңды нақты жеткізе білу, сұхбаттасыңды тыңдай да, тыңдата да білу және қабылдаған шешіміңнің дұрыс­тығын дәлелдей алу – мұның бәрі қоғаммен ты­ғыз байланыс орнату үшін аса қажет қа­сиеттер. Қазіргі кезеңде бұл – артық­шы­лық емес, кәсіби қызметтің негізгі талап­тарының бірі.

Сондай-ақ қысымға төтеп бере білу қа­сиетін ерекше атап өткен жөн. Көпшілік­тің алдында жүретін адамға көп салмақ түседі, маңызды жауапкершілік жүктеледі. Сын-ескертулер болса, оған да шыдай білу қажет, шұғыл шешім қабылдауға тура келетін кездер болады. Сондай сәттердің бәрінде көңіл күйдің жетегінде кетпей, қашанда кәсіби маман ретінде салқын­қанды қалпыңды сақтай білу керек. 

Тағы бір маңызды нәрсе – әлдебіреу­лерге ұнауға, әркімнің көңілінен шығуға тырыспау қажет. Біреудің талабына сай болуға тырысу немесе мансап үшін жан дүниеңе жат таңдау жасау, ақырында өзің­ді опық жегізеді. 

Өз ұстанымың үшін жауапкершілік алып, түрлі жағдайға емес, өз сеніміңе арқа сүйеп әрекет ете алсаң ғана нағыз саяси салмағы бар тұлғаға айналасың.

–  Сіздіңше, адам бойында көшбасшылық қасиет қалай қалыптасады?

– Меніңше, көшбасшылық қасиет бір күнде қалыптаспайды. Ол өмірлік тәжірибе, жауапкершілік, үздіксіз даму және адамдармен өзара қарым-қатынас арқылы біртіндеп дамиды.

Адам түрлі жағдайды бастан өткере отырып, шешім қабылдауды және сол шешім үшін жауап беруді үйренеді. Әрбір тәжірибе оның дүниетанымын кеңейтіп, өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Өмірден алынатын әрбір сабақ алдыңғысын мансұқтап жоққа шығармайды, керісінше оны толықтыра түседі. 

Кітаптар, тәлімгерлер, кәсіби орта мен өмірлік жағдайлар да адамға зор әсер­ін тигізеді. Осының бәрі уақыт өте келе адамның ішкі әлемін қалыптастырып, айналадағы ахуалды, жеке құндылықтарын және қоғамдағы өз орнын тереңірек түсі-нуіне септігін тигізеді. 

Бұл ойдың ғылыми негізі де бар. Мы­салы, эмоционалдық интеллект саласын­дағы зерттеулер көшбасшының көңіл күйі мен ішкі энергиясы айналасындағы адамдарға өте жылдам әсер ететінін көрсетеді.

Айталық, басшының алаңдаушылығы немесе сенімділігі сөз айтылмаса да, қыс­­қа уақыт ішінде ұжымның жалпы ахуа­л­ына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан қоғамға айналасына серпін беретін, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын жасампаз көшбасшылар қажет.

Біз осы жолда жұмыс істеп жатырмыз. Көшбасшылық – даңғаза сөз емес, өмірлік тәжірибе, үнемі үйрену, адамдарды тыңдай білу және жауапкершілікті өз мойнына алу арқылы қалыптасатын қасиет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ