Қазақстанда жоғары білім беру жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін енгізу басталды. Бұл бастама тек қаржыландыру тетігін жаңартумен шектелмейді: университеттердің автономиясын кеңейтіп, ауқымды реформаларға жол ашпақ.
Білім әлеміндегі үлкен бетбұрыс
242
оқылды

ЖОО-лар цифрландыру дәуіріне сай трансформациядан өтіп, білім беру үдерісіне ЖИ кеңінен енеді. Соның нәтижесінде маман даярлау сапасы жаңа деңгейге көтерілмек. Тағы қандай жаңашылдықтар өмірге жолдама алады? Елдегі жоғары білімнің беталысы қандай? Бұл – ел болашағына тікелей әсер ететін өзекті мәселе.

Кемел университеттерге кең еркіндік

Президент Қ.Тоқаев шетелдік инвес­тор­лар кеңесінде сөйлеген сөзінде: «Уни­верситеттердің өсуі мен тиімділігінің іргелі тетігі – автономия болуға тиіс», – деп атап өтті. Үнемі шенеуніктер жетегінде жүрген жо­ғары оқу орындары жетіліп, жоғары же­тістіктер шыңын бағындыруға ұм­тыл­майды. Бастысы – жоспарды орындап, мем­лекеттік білім тапсырысын толық­қан­ды әрі уақытылы игерсе жеткілікті. Бірақ ен­ді жағдай өзгереді. ЖОО-лардың инс­титуционалдық автономиясын кеңейтуге жаңа қадам жасалады. Бұл бастаманы Үкімет құптады. 

Жалпы, елімізде университеттерге 2018 жылдан бастап академиялық және бас­­­қарушылық дербестік берілді. Сол жыл­ғы шілдеде «Кейбір заңнамалық ак­тілерге жоғары оқу орындарының ак­а­де­мия­лық және басқару дербестігін кеңейту мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» арнайы заң қа­былданды. ЖОО-ларға төл білім беру бағ­дарламаларын өз бетінше әзірлеу, оқу жүктемесінің нормаларын қолайынша ай­қындау, еңбекақы төлеудің нысандары мен мөлшерін қалағанынша белгілеу, қа­был­дау қағидаларын жеке бекіту сияқты жаңа құзыреттер берілді. 

Алайда тәжірибеде оның көбі көз­бояу­шы­лық болып шыққан. Мысалы, ғылым ор­даларынан өзі әзірлеген оқу бағдар­ла­ма­ларына міндетті түрде министрліктің ке­лісімін алу және тиісті реестрге тіркет­тіру талап етіледі. Шенділер олардың екі тізгін, бір шылбырын уысында нық ұс­тай­ды. Тек бірінші Президенттің атын ие­лен­ген жалғыз NU шенеуніктерге бағынбайды. Сон­дықтан жаңа жағдайда ЖОО-ларды ар­тық нормативтік реттеуді қысқартуды жә­не басқару сапасын арттыруды мақсат тұ­татын бұл жұмыс халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жоғары білім беру жүйесін дамыту аясында жүргізіле бастады. Ғы­лым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБМ) бұл реформада «Назарбаев уни­вер­ситеті» дербес білім беру ұйымының жә­не алдыңғы қатарлы елдер универ­си­тет­терінің тәжірибесі басшылыққа алы­на­ты­нына сендірді. 

Ұлттық статистика бюросының мә­ліметіне қарағанда, қазір Қазақ­стан­да отандығы, шетелдігі бар, жалпы са­ны 116 ЖОО жұмыс істейді. Бұл өте аз, мы­салы, ғасыр басында, 2001 жылы рес­публикада 185 университет пен академия бол­ған. Содан бері азайып келеді. Әділін айту керек, кейінгі екі оқу жылында бұл үрей­лі үрдіс тоқтап, жаңа бетбұрыс бас­тал­ғандай екен: 2020 жылы елде 125 ЖОО бол­са, 2021 жылы олардың саны – 122, 2022 жылы – 116, 2023 жылы – 112-ге дейін кеміді, 2024 жылы – 113-ке, ал 2025 жы­лы – 116-қа қайта өсті. 

Алайда енді университеттер арасында бә­секелестік күрт күшейеді, кейбіріне тіпті жа­былуға тура келуі мүмкін. Есесіне бас­қасы құрылады, соның ішінде орнын шет­елдік ғылым ордасы басуы ықтимал. ҒЖБМ осы мақсатта Қазақстанның ха­лық­аралық академиялық ынты­мақтас­тық­ты дамыту және жетекші шетелдік уни­вер­ситеттердің филиалдарын ашу жөніндегі ст­ратегиясын әзірледі. Бұл жұмыс Мем­ле­кет басшысының тапсырмалары аясында жү­зеге асырылып, жоғары білім сапасын арт­тыруға және жаһандық білім беру кеңіс­тігіне ықпалдасуға бағытталған.

Білім тағдырын бәсеке шешеді

Сенатқа жолдаған хатында Үкімет бас­шысы Олжас Бектенов те қа­зір­гі кезде отандық жоғары білім беру жүйе­сін жаңғыртудың басты тәсілінің бірі – жетекші шетелдік университеттерді тарту және филиалдарын мейлінше көп ашу, олардың озық стандарттары мен тәжірибесін қазақстандық жоғары білім беру жүйесіне ендіру болатынын мә­лім­деді. Жатжұрттық бағдарламалармен бірге жас­тарымызға теріс тәрбие мен жат идео­ло­гия қоса таңылмай ма? Премьер-ми­нистр ЖОО-лардағы білім беру бағдар­ла­малары мен оқу процесінің ұлттық мүд­де­лерге сәйкестігін қамтамасыз ету маңыз­ды шартқа айналатынына уәде етті. 

– Халықаралық тәжірибе көрсет­кен­дей, бұл үшін қаржылық орнықтылық пен қыз­меттің ашықтығы, тиімді корпо­ра­тив­тік басқару, есептілік, сапалы әрі тәуелсіз сырт­қы мониторинг қажет. Сонымен қ­а­тар қазір қазақстандық ЖОО-лардың мем­лекеттік бюджетке тәуелділігі деңгейі әлі де жоғары. Бұл автономия мәселелерін жан-жақты зерделеуді және біртіндеп іске асыруды талап етеді. Тарата айтқанда, әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-дың, Гумилев атын­дағы ЕҰУ-дың, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың бюджетінің 70%-ын рес­публикалық бюджеттен аударылатын мем­лекеттік білім беру тапсырысы құрай­ды, – деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Үкімет бас­шы­сы­ның түсіндіруінше, ЖОО автономиясын да­мыту мәселесін жоғары білім беру жүйе­сін қаржыландырудың жаңа моделін енгізу шеңберінде іске асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта ҒЖБМ 2026 жылы ЖОО-лар­дың ұлттық рейтингін енгізу жұмысын бас­тады. Жаңа рейтинг көрсеткіштерді ба­ғалау әдістемесі негізінде елдегі барлық уни­верситетті саралауды, жік-жікке бөлуді көз­дейді. 

Бұл ретте беделі, академиялық және ғы­лыми-зерттеу артықшылық­та­ры, түлектердің мансаптық мүмкіндіктері, интернационалдануы, яғни көбірек шет­елдік студенттерінің болуы, басқару тиім­ді­лігі және басқа өлшемшарттар қолда­ныл­мақ. Сондай-ақ ұлттық рейтинг нә­ти­­желері, халықаралық деңгейдегі по­зиция­сы және ұзақмерзімді тиімді басқаруы ес­керіледі. Қорытындысында, рейтингте алдыңғы орындарды иеленген ЖОО-лардың академиялық дербестігін кеңейту ая­сында оларға министрлікке жалтақта­май, білім беру бағдарламасының құры­лы­мы мен мазмұнын дербес айқындау, фи­лософия докторы (PhD) және бейіні бойын­ша доктор дәрежелерін өзі беру сияқ­ты бірқатар жаңа өкілеттік ұсыныл­мақ.

– Жалпы, ҒЖБМ академиялық қауым­дастықпен және Парламент депу­тат­тары­мен бірлесіп, үздік университеттердің дер­бестігін одан әрі кеңейту мәселесін қа­рас­тырады. Мұнда ЖОО-ның QS WUR, THE сияқты әлемдік рейтингтердегі тұ­рақ­ты биік орны, жетекші халықаралық агенттіктердің тәуелсіз институционалдық аккредитациясы, қаржылық тұрақтылығы, инвестициялар, ғылымды комме­рция­лан­дыру және басқасы маңызды. Қорыта айт­қанда, жоғары білім беру сапасын арт­тыру бағытында ЖОО-лардың ака­де­мия­лық және басқарушылық дербестігін да­мыту бойынша озық халықаралық тәж­і­ри­бені қолдану арқылы жүйелі жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Жұмыс жалғасады және тікелей Үкіметтің бақылауында, – деді О.Бек­тенов. 

Бюрократия бастамаларды тежейді

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев­тың пайымдауынша, жаһандық білім беру кеңістігінің трансформациясы жағдайын­да бүгінде университеттер тек білім беру ұйы­мы болудан қалып, білім генера­ция­сы­ның, инновациялар мен экономикалық өсу­дің орталықтарына айнала бастады. Қа­зақстан бұл үрдістен қалып қоя алмай­ды. Алайда ұлы көшке ілесу шынайы әрі кеңейтілген институционалдық авто­но­мия­ға – академиялық, қаржылық-эко­но­ми­калық, кадрлық және ұйымдастыру­шы­лық дербестікке негізделген басқарудың икем­ді, өзін-өзі реттейтін модельдеріне кө­шуді талап етеді. Осы модельде жұмыс іс­тейтін әлемдегі озық университеттер ха­лықаралық рейтингте ТОР-200 тобына кіреді.

Сенатор бұл істе Қазақстанның дамы­ған елдер түгілі, көршілерден артта қал­ға­ны­на назар аудартты. Мысалы, РФ-та 50-ден астам жетекші ЖОО «автономды ме­кеме» мәртебесінде жұмыс істейді, бұл бас­қарушылық еркіндіктің жоғары дең­гейін қамтамасыз етеді. Өзбекстанда біз­дегі Назарбаев университеті сияқты 35-тен астам мемлекеттік университетке то­лық­тай қаржылық және академиялық авто­номия, Қырғыз Республикасында 9 жетек­ші университетке ресурстарды басқаруда кеңейтілген дербестікті көздейтін «ерекше мәртебе» берілген.

– Әлемде 200-ге жуық жаңа мамандық пай­да болғанына қарамастан оқу орын­да­рында қажетсіз мамандар дайындау үрдісі жалғасты. Ғылым мен өндірістің өзара ал­шақтығы экономикаға кері әсерін тигі­зіп келеді. Сондай-ақ институционалдық кедергілер мен тиімді басқарудың төмен­дігі кесірінен халықаралық ғылыми жа­рия­ланымдар мен зерттеу жобаларында уни­верситеттеріміздің үлесі шектеулі. Қол­даныстағы модель басқару, инвестиция тарту, халықаралық ынтымақтастықты да­мыту, ғылыми әзірлемелерді коммер­ция­ландыру мүмкіндіктерін тежейді. Оқу орындары үшін қолданыстағы модельді сақтау болашақта нақты қауіп әкеледі, – деді сенатор.

Ол қандай қауіп? Біріншіден, әлемдік рей­тингтердің топ-200 қатарына кіретін Қа­зақстан университеттері санаулы. Бұл жаһандық білім беру жүйесіндегі мем­лекетіміздің бәсекелі тұғырын төмендетеді. Екіншіден, Ғалиасқар Сарыбаевтың түсін­діруінше, қазір түрлі бағалау бойынша 150 мыңнан аса қазақ жасы шетелде, негізінен, Ресейде оқып жатыр. Дарынды жас­тары­мыз негізінен, диплом-сертификатын жаһан мойындайтын алыс шетелдің ЖОО-ларын таңдайды. Оқуын бітірген соң көп бөлігі сонда қалып қояды. Жыл сайын студенттер мен жас ғалымдардың жат жұ­рт­­қа кетуі отандық ғылым мен эко­но­ми­када ұзақмерзімді кадрлық теңгерімсіздікке әкеп соқтырады.

Үшіншіден, дамыған және озық даму­шы елдермен салыстырғанда қазақстандық ғылыми-зерттеулерге тартылатын жеке инвестициялар мен гранттардың деңгейі көп төмен. Жаңа реформа жасамай, оның артуы да неғайбыл. Төртіншіден, уни­вер­ситеттерде студенттер мен оқытушылардың ғылыми жаңалықтарын, өнертабыс-жоба­ларын коммерцияландыру үлесінің төмен болуы инновациялы экономиканың қа­лыптасуын баяулатады. Бесіншіден, қа­зіргі әкімшілік басқару жүйесі шешім қа­был­дауды тым ұзаққа созады. ЖОО-ларға жылдам, әбжіл қимылдауға мүмкіндік бер­мейді. 

Масқарасы сол, министрлікті көп ма­залаудан және қалың бюрок­ра­тиядан қаймығып, университеттер жаңа идеяларын енгізуден бас тартуға мәжбүр екен. Бұл олардың жаңа технологиялық өз­герістерге жедел бейімделуін шектейді. Та­ғы бір мәселе – Президенттің өзі атап өткендей, жекелеген шетелдік филиалдар үшін бөлінетін гранттардың құны ұлттық университеттерді қаржыландыру көле­мінен бірнеше есе жоғары екен. Бұл тең емес бәсекелестік жағдай қалыптастырды және оларды өзгенің ЖОО-сына жығып бере­ді.

Депутаттардың пікірінше, жоғары білім­дегі реформа тек тапшылығы зор бюджетке түсер салмақты азайту үшін оқу орын­дарын «қаржылық дербестікке» кө­шірумен тыйылмағаны жөн. Жаңғыру аясын­да осы айтылған және отыз екі тістің ара­сынан шыға бермейтін жасырулы жөн­сіздіктер мен олқылықтар түзетілсе, құба-құп. 

Қазақстанның жоғары білім жүйесінің енді ескі сүрлеумен салып ұрып жүре бермей, жасанды интеллект пен жаһандық бәсекенің даңғыл жолымен алға қадам басқаны маңызды. Университеттердің шы­найы автономиясы мен ғылымға не­гізделген жаңа модель елді білім эконо­ми­ка­сының қуатты орталығына айналдыруға тиіс. Бұл реформалар батыл әрі табан­ды­лықпен жүзеге асса, ертеңгі Қазақстан тек бі­лім тұтынушы мемлекет емес, әлемге жаңа технология мен жаңашыл ой экс­порттайтын интеллектуалды державаға ай­­­налады.

Айхан ШӘРІП