Бүгінде елімізде 286 музей жұмыс істейді, онда шамамен 4,5 миллионнан аса жәдігер сақтаулы.
Әскери музей – отаншылдықтың жаршысы
263
оқылды

Олардың қатарында 5 республикалық музей, 12 музей-қорық, 15 өңірлік тарихи-өлкетану, 71 мемориалдық және 16 көркемөнер музейімен қатар түрлі қалалық, аудандық, ауылдық музей де бар. Жақында бұл тізім тағы бір мәдени орталықпен толықты. Ақмола облысының Родина ауылында әскери бағыттағы жаңа музей ашылды. Бір ерекшелігі, музейдің ашық аспан астындағы павильонында Екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған ауыр әскери техника түрлері бар.

Әскери-тарихи музей Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-пат­риоттық орталығының филиалы ретінде ашыл­ған. Негізгі музей Астана қаласында 2015 жылы жұмысын бастады, одан кейін Алматыда музей­дің екінші филиалы келушілерге есігін ашты. Енді, міне, Родинадағы музей небәрі 1,5 жыл ішінде жасақталып, халық игілігіне беріліп отыр. Астанадағы Әскери-тарихи музейінің басшысы Дәулет Төлеутайұлының сөзінше, жаңа музейдің құрылуына ауыл тұрғындарының  еңбегі мол сіңіпті. 

– Музей ашу үшін ауылдағы «Родина» агро­фирмасы мен тұрғындарының қолдауымен жұмыс тобы құрылған болатын. Басты күш – со­лар­дың еңбегі. Родина ауылы өткен ғасырдың 30-жылдары 31-нүкте деп пайда болған. Сол кезде елді мекенге саяси қуғын-сүргінге ұшы­раған Ресей, Украина, Белорусь, Кавказ жерінен түрлі ұлт өкілі күштеп әкелінді. Бүгінде сол ха­лық­тың ұрпағы ауылда қалып, еліміздің гүл­денуіне үлес қосып жатыр. Сол әулеттердің му­зейге өткізген жәдігерлері ерекше құнды, – дейді Д.Төлеутайұлы.

Қазір музейде тұрақты, қосалқы жәдігерлер мен көшірмелерді қосқанда мыңға тарта бағалы экспонат сақтаулы. Олардың әрқайсының да мән-маңызы мен өзіндік орны бар. Музейге кірген бетте Родинаның ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда екенін түсіне қоя­сың. Ауылдың негізгі бренді – өндірілген дәнді-дақылдар мен сүт өнімдері. Осы детальдарға дейін халық назарына ұсынылған. Болашақта да музей ауыл тұрғындарының бұйымдарымен толығып, байи түседі. 

Жалпы, Ұлттық әскери-патриоттық орта­лығының құрамындағы үш музейде 100-ге жуық әскери техника бар. Жаңа музейді ұйымдастыру кезінде ауылға 16 әскери техника жеткізіліпті. Мұның қатарында Екінші дүниежүзілік соғыстан бастап қазірге дейін қолданыста бар әскери ұшақтар  кіреді. 

– Музей ауласындағы ашық аспан астындағы әскери техника павильонында Т-34 танкісі тұр. Қазір еліміз бойынша бұл танк өте санаулы. Соның бірін Родина ауылына қойдық. Т-34 тан­кісін жеңіс танкісі деп атайды. Музейде тұрған ауыр әскери техниканың тағы бір ерекшелігі – өндірістік нұсқасы емес, соғыста шынайы қолданылып, әртүрлі жөндеуден өткені. Техника зерттеушілер мұны байқай алады, көзге бірден түседі, – дейді музей басшысы. 

Музей кешенінде өткен ғасырдың сұрапыл кезеңін айғақтайтын, 1939-1944 жылдары шыға­рылған бронды техника, артиллериялық жүйе­лер, ұшақ үлгілері, атыс қарулары және әскери тұрмысқа қатысты заттар да жинақталды. Соны­мен қатар Ақмола өңірінде дүниеге келген батыр­лардың да экспозициясы бар. Мысалы, тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрма­ғамбетов, Талғат Бигельдинов, Рақымжан Қош­қарбаевтың да жеке заттарын көре аласыз. 

Бүгінде елдегі музейлер мәдени бағытпен қатар ағартушылық-ғылыми салада да ауқымды жоба іске асырып жатыр. Мәселен, Астанадағы Әскери-тарихи музейінің ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі елден шыққан дивизия және бригадалардың ұрыстық жолдарын карта жүзінде дайындап шыққан. Бұл карталар – әскери жүйеге қызығатын және осы саланы зерттеп жүрген жандарға айтарлықтай құнды материал. Осы сызбалардың көшірмесі Родина ауылындағы музейде ғана сақтаулы екен. 

Музейдегі тағы бір ерекше деталь – қабырғада қаз-қатар ілінген 24 ту. Оның 23-і елімізде құрылған әскери құрылымдардың туының кө­шірмесі. Тулардың қақ ортасында  Жеңіс туының көшірмесі тұр. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы еліміздегі барлық әскери құрылым­ның туы бір жерде жинақталған үлгісін іздесеңіз, онда елордамыз бен Родина ауылындағы музей­ден ғана таба аласыз.

Дәулет Төлеутайұлы музей саласындағы жұмыстарды қолдаушы  болса, өзге де өңірлерде Әскери-тарихи музейдің филиалын ашу ниеті бар екенін жеткізді. Родина халқы музейдің мектеп оқушылары мен жастар үшін берері мол деп қуанады. Қазір ауыл мектебінде «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысы жұмыс істейді. Ал әскери дайындық сабақтарын тиімді өткізуге жаңа музейдің пайдасы тимек.

Айсұлу СЪЕЗХАН