Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілуде. Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.
Экологиялық мәдениет – қоғам айнасы
232
оқылды

Мәселен, Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында көшелер мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, арықтар, жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілді. Сондай-ақ ағаш егу және көгалдандыру жұмысы қолға алынды. Іс-шараны «Құлсары аумақтық» бастауыш партия ұйымы ұйымдастырды. Акцияға жалпы саны 200-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, еріктілер, жастар және қала тұрғындары бар. 

«AMANAT» партиясы Жылыой аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов қоршаған ортаны қорғау ісінің маңызына тоқталды.

«Қоршаған ортаны қорғау – еліміздегі ең негізгі міндеттердің бірі. Осы арқылы қоғамда экологиялық мәдениет пен айналаны таза ұстау дағдысы қалыптасады. Жылыой ауданында «Таза бейсенбі» акциясы әр апта сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгін іс-шараға аудан тұрғындары белсенді атсалысып, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмысына көп үлес қосты. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да лайықты жалғасын табады», – деді Сайлаубай Таласов.

Ал «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Еңбекші ауданында тұрғындар барынша көп жүретін орындарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, бейберекет өскен шөп пен ағаш бұтақтарын ретке келтірді. Сонымен қатар аумақты абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытында бірқатар жұмыс жүргізілді. 

Игі іске 100-ге жуық адам жұмылды. Олардың қатарында партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, жастар қанатының белсенділері және коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысшылары бар. Жалпы, жыл басынан бері мегаполисте аталған акция 15 мәрте ұйымдастырылып, нәтижесінде қала аумағынан 13 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Ал Қызылорда облысы Тасбөгет кентінде Байқадам каналының жағалауы мен сол маңдағы тұрғын үйлердің аулалары тазаланды. Оған 100-ге жуық азамат қатысты. Олардың қатарында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, партия филиалының атқарушы хатшы Ләйлә Төрешова, партияның облыстық филиалы жанындағы Экологиялық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары, «Жастар Рухы» жастар қанаты және қоғам белсенділері бар.

«Тасбөгет кентінің тұрғындары осы іс-шараны өткізуді өтінді. Азаматтардың тілегі назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындарды ортақ іс төңірегінде топтастырып, осы аумақта тазалық жұмысын ұйымдас­тырдық. Бұл – қоршаған ортаға жанашыр­лық танытып, әр азаматты туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндейтін маңызды бастама. Осындай іс-шаралар арқылы қоғамда экология­лық мәдениет қалыптасады деген сенімде­міз», – деді Жандос Базартай.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілді.

Тілек ҚАБЫЛ