Ашық диалог форматында өткен кездесуге ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сарапшылар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысып, әдебиет әлеміне қатысты әсерлі әңгіме өрбіді. Қаламгер Бекнұр Қисықовтың айтуынша, «Тұзды көлдердің әндері» романының өзегі – ізгілік, махаббат және адами құндылықтар.
– Жиырмасыншы ғасыр – өте күрделі кезең. Халқымыз көп сынақтан өтті. Дегенмен өмірде тек қасірет қана емес, жақсылық та бар. Романды оқып шыққаннан кейін адамдар махаббат пен мейірімділік – өмірдің өзегі екенін түсінсе деймін, – деді автор.
Жазушының айтуынша, роман қарапайым әрі түсінікті тілде жазылды. Ондағы идеялар – әрбір оқырманның жанына жақын. Ол аға буынның тағдырына қатысты естелік тақырыбына, олардың ғашықтық, достастық сезімдеріне, қиындықтарды қалай еңсеріп, әрі қарай өмір сүруге қалай күш тапқанына ерекше назар аударды.
Талқылау барысында қатысушылар қазіргі қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытудың маңызын да атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кітап оқу мәдениетін ілгерілету қадамы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналғаны айтылды. Биыл 16 мамырда қол қойылған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық кітаптардың қолжетімділігін жолға қоюға, оқырмандарға арналған инфрақұрылымды жаңғыртуға және қоғамның әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталып отыр.
«AMANAT» партиясының отандық авторлар мен баспагерлерге қолдау көрсету және кітап оқу мәдениетін ілгерілету бағытында атқарып жатқан жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, партияның ұсынысымен отандық кітап шығарушылар ҚҚС төлеуден босатылды, ел аумағында «Кітап-AMANAT» жобасы аясында 24 кітап орталығы ашылды, сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» мәдени-ағартушылық бастамасы жүзеге асырылуда.
Кездесу соңында ашық пікірталас өткізілді. Сондай-ақ іс-шара қатысушыларына арналған автограф-сессия ұйымдастырылды.
