Мемлекет басшысы атап өткендей, Ұлы Жеңісті ұмытпау дегеніміз – батырларымызды жадымызда сақтау, олардың ерлігі мен елге деген адалдығын ұрпақ санасына сіңіру. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылық аға буынның жанқиярлығы мен табандылығының арқасында келгенін әрдайым есте ұстау қажет. Майдан даласындағы ерлікпен қатар, тылдағы тынымсыз еңбек те Жеңіске өлшеусіз үлес қосты.
Оңтүстік өңірдің, оның ішінде қазіргі Түркістан облысының тұрғындары да соғыс жылдарында үлкен сыннан өтті. Майданға 140 мыңнан астам жерлестеріміз аттанып, олардың арасынан 51 адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Сонымен қатар 8 жауынгер Даңқ орденінің толық кавалері болды. Бұл өңірден шыққан батырлардың ерлігі ел жадында мәңгі сақталады деген сөз.
Соғыс жылдары ел экономикасы түгелдей майдан қажеттілігіне жұмылдырылды. Қаратаудағы кеніштерде қорғасын мен мыс өндіріліп, қорғаныс саласына жіберілді. Леңгір шахталарында көмір өндірісі күшейтілді. Шымкенттегі өндіріс орындары майданға қажетті материалдармен қамтамасыз етті. Аналар мен балалар, қарттар егін егіп, мал бағып, тынымсыз еңбек етті. Олардың маңдай тері мен төзімі Жеңісті жақындатқан маңызды күш болды.
Қазақстандық жауынгерлер Мәскеу түбіндегі шайқастардан бастап Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысты. Ленинград қорғанысы, Сталинград пен Курск шайқастары, Еуропаны азат ету жолындағы қиян кескі ұрыстар олардың батылдығын айқын көрсетті. Соғыстан кейін де қазақстандық сарбаздар Қиыр Шығыстағы әскери қимылдарға қатысты. Бұл тарихи кезең ел азаматтарының ерлігі мен қайсарлығын дәлелдеді.

Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталады. Олар ерліктің символына айналды.
Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан үш ардагер ғана өмір сүріп отыр. Сарыағаш қаласының тұрғыны Эрмахон Ишохонов майданға 1942 жылы аттанып, ауыр жарақат алғанына қарамастан, елге аман оралды. Ол көптеген орден-медальмен марапатталған, бүгінде үлкен әулеттің ақсақалы.
Жетісай қаласында тұратын Петр Папков жас кезінен еңбекке араласып, соғыс жылдары бірнеше елді азат етуге қатысқан. Ол ұзақ жылдар бойы бейбіт еңбекте қызмет етіп, құрметке бөленді.
Сайрам ауданының тұрғыны Ахмеджан Анартаев та – майдан даласында ерлік көрсеткендердің бірі. Ол Польша жерін азат етуге қатысып, соғыстан кейін елге оралып, ұрпақ тәрбиеледі.
Бұл ардагерлердің өмір жолы бір дәуірдің тарихы. Олардың әрқайсысының тағдыры ерлік пен төзімнің үлгісі. Ұлы Жеңіс күні өткенді еске алып қана қоймай, бейбіт өмірдің қадірін терең түсінуге үндейді. Батырлардың ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі ұрпақ санасында мәңгі сақталуға тиіс. Себебі тарихын ұмытпаған елдің болашағы әрқашан нық болады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы
