Өңірде жеңістің 81 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, блокада куәгерлері мен концлагерьдің бұрынғы тұтқындарына құрмет көрсетілді. Қонақтарды үрмелі аспаптар оркестрі қарсы алды. Ал Талғат Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектептің тәрбиеленушілері құрмет дәлізін жасақтады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, мұндай кездесулердің маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Жылдар өтеді, ұрпақ алмасады. Бірақ адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жасалған ерлік мәңгілікке батылдықтың, төзімділіктің және Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болып қала береді. Сіздер өмірдің қадірін әңгімеден емес, өз бастарыңыздан өткен сынақтар арқылы білдіңіздер. Бізге өмір сүруді сөзбен емес, істеріңізбен үйреттіңіздер. Біз осы аманатқа адал болып, бейбіт болашақты бірге құруды жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қазір Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының алты ардагері тұрады. Олар – Сұнғат Саттығұлов, Мария Шинкевич, Александр Балабас, Иван Скрипников, Виктор Шелудяков және Анна Котова. Сонымен қатар өңірде 2 029 тыл еңбеккері, 89 майдангердің жесірі, сондай-ақ концлагерьдің бұрынғы 33 тұтқыны мен қоршаудағы Ленинград тұрғындары бар.
Ардагерлердің бірі Сұңғат Саттығұлов майданға 18 жасында аттанған. Ол Сталинградты азат ету шайқасына қатысып, жараланғанына қарамастан қайта сапқа оралып, Жеңісті Минск қаласында қарсы алған.
Тыл еңбеккерлері де өз естеліктерімен бөлісті. Карл Жансағымов соғыс жылдары бала бола тұра колхозда еңбек етіп, масақ теріп, жер жыртқанын айтты.
– Ол кезде барлық жұмыс қолмен атқарылатын. Өмір өте қиын болды. Мен мектепке тек он жасымда бардым. Соғыс балаларының бәрі осының бәрін бастан өткерді. Мұндай қасірет енді қайталанбасын! – деді ардагер.
Ленинград қоршауының ауыр кезеңдерін сол кезде небәрі алты жаста болған Вера Волкова еске алды. Оның отбасы Қазақстанға эвакуацияланған.
– Қазақстанға көрсеткен жылуы мен көмегі үшін шексіз ризамын. Адамдар соңғы нанын бөлісіп, бізге қолдау көрсетті. Біз әбден әлсіреген, титықтаған күйде едік... Мұны ұмыту мүмкін емес, – деді ол.
Соғыс ардагері Анна Котова 102 жасқа толды. Қарағанды облысының Осакаровка ауданында тұратын кейуана әлі тың. Отын жағып, ас-суын да өзі дайындайды. Майдан жылдары Анна Никонорқызы госпитальде медбике болған. Ол жүздеген жауынгердің өмірін құтқарды. Соғыс басталғанда 18 жаста болған Анна Котова бірден медбикелерді даярлайтын курстан өтеді. Содан кейін өз еркімен соғысқа сұранады. Алайда бойжеткенді әскери комиссариат бірнеше мәрте кері қайтарады. Бірақ Анна өз дегенінен қайтпайды. Әскер қатарына алынған бозбалалар мен бірге соғысқа баруға бел буады. 1943 жылы Анна Котова Украинаның 2-фронтындағы эвакуациялық госпитальға жіберіледі. Соғыс аяқталғанымен мобилизацияға тек 1946 жылдың маусым айында шығады. Өмір үшін арпалысқан әрбір пациент соғыс ардагерінің есінде сақталған.
Мария Ефимовна Шинкевич 1925 жылы 13 сәуірде Қарағанды облысы Ростовка ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 19 жасқа толған күні әскерге шақырылды. Мәскеу Бас әскери мектебінің әйелдер мергендік мектебінде оқыған, содан кейін 1945 жылдың тамызына дейін 3-ші Белорусь және Украина майдандарында мерген болған. Жеңісті Прагада қарсы алған.
ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуковтың медалімен, «Украинаны азат еткені үшін» және жауынгерлік еңбегі үшін алғысхаттармен марапатталған. Соғыстан кейін көптеген майдангерлер сияқты елді қалпына келтіруде жұмыс істеген.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
