Мұндай жарыстарға қатысу арқылы балалардың күйзеліске төзімділігін арттырып, толассыз ақпарат ағынында жылдам ойлау дағдысын дамыта түседі.
Үш буынның басын қосқан сайыс: Астанада менталдық арифметика чемпионат өтті
141
оқылды

Бүгін, 7 мамыр күні, елордадағы №103 жайлы мектепте «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында және UCMAS Бастауыш партия ұйымымен бірлесуімен менталдық арифметика бойынша қалалық чемпионат өтті. Сайысқа қатысқан балалар, жастар және ардагерлердің қатары 100-ге жетті. Ал іс-шара барысында 250-дей адам қатысты, –  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Еліміздің әнұранымен басталған шараға «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиал өкілдері, Есіл аудандық партия филиалының төрағасы, сондай-ақ Астана қаласы Білім басқармасының басшысы қатысты.

 Бүгінгі чемпионаттың ерекшелігі – үш буынның басын қосуы. Есеп шығару жылдамдығы мен зейін қою қабілеті бойынша оқушылар ғана емес, бірнеше ай бойы менталдық арифметиканың негізін меңгерген зейнеткерлер де бақ сынасты.

Нұсқаушы Бибігүл Нарынбайқызының айтуынша, Қазақстанда менталдық арифметиканың дамып жатқанына он жылдан асты. Осындай қалалық, республикалық жарыстар жыл сайын өткізіледі. Ал оның жеңімпаздары халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайды.

 “Бүгін бізде үлкен мереке – студенттеріміз арасындағы қалалық жарыс өтіп жатыр. Жасөспірімдермен бірге қарт ата-әжелер де қатысты. Бұл – біз үшін осындай форматтағы алғашқы бірлескен чемпионат. Менталдық арифметика есте сақтау қабілетін, есту және көру қабылдауын дамытады, ақпаратты жылдам өңдеуге көмектеседі. Ал қарттар үшін Альцгеймер ауруының алдын алуға көмектеседі”, деді ол.

Сондай-ақ ол мұндай жарыстарға қатысу арқылы балалардың күйзеліске төзімділігін арттырып, толассыз ақпарат ағынында жылдам ойлау дағдысын  дамыта түседі.

«AMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының төрағасы Санира Жүсіпова бұл жобаның әдеттегі білім беру іс-шарасынан әлдеқайда ауқымды екенін атап өтті.

“Бүгін №103 мектепте бірден үш буын: ардагерлер, балалар және оқушылардың басын қостық. Өткен жылы осындай іс-шара Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300 бала пен 600-ге жуық ата-ана қатысқан. Сол кезде қатысушылар бес минут ішінде 250 есеп шығарып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Біз мұндай бастамаларды “Бақытты отбасы” жобасымен, ардагерлер кеңесімен және UCMAS ұйымымен бірлесіп әрі қарай дамытып келеміз”, – деді ол. 

Ұйымдастырушылар басты назарды қарттарға аударғанын жеткізді. Олардың айтуынша, ардагерлер бір жыл бойы менталдық арифметиканы тегін оқыған. 

Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Шарипа Өтеміратова бұл сабақтардың қатысушылар үшін интеллектуалдық жаттығу ғана емес, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынасқа жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік дейді. 

“Біз жарты жылдан астам уақыт менталдық арифметиканы оқыдық. Оның біз үшін көмегі зор. Кішкентай балалармен бірге оқу өте қызықты екен. Олар тез қабылдайды, өте шапшаң. Осы нәрсе бізді шабыттандырады”, – деді ол.

 Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай чемпионаттар интеллект пен есте сақтау қабілетін дамытып қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайта түсті.