Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында елордадағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «Сарбазға прокурорлық кеңес» республикалық профилактикалық акциясы ұйымдастырылды, - - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов мерзімді қызмет әскери қызметшілерімен кездесу өткізді. Сарбаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қызмет өткеру барысындағы құқықтық мәселелер, заңдылықты сақтау және өз құқықтарын қорғау жөнінде жан-жақты түсіндірмелер алды.

– Ұлттық ұлан құрылған сәттен бастап қалыптасу мен жаңғырудың ауқымды жолынан өтті. Бүгінде бұл – кәсіби, ұтқыр әрі заманауи құрылым. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дағдарыстық жағдайлар кезеңдерінде сіздер әрдайым төзімділік, тәртіп және әскери антқа адалдық танытып келесіздер, – деп атап өтті Бас Прокурор.
Кездесу қорытындысы бойынша қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауда ерекшеленген офицерлер мен әскери қызметшілер Бас Прокурордың алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шара аясында қонақтар үшін көрнекі бағдарлама ұйымдастырылды. Саптық алаңда жауынгерлік дайындық элементтері көрсетіліп, Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі ұсынылды. Қатысушыларға қару-жарақ, әскери техника және жабдықтардың көрмесі таныстырылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын заманауи автокөліктер, броньды техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары және техникалық құралдар көрсетілді.

Сонымен қатар қонақтар құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік қызметіне енгізілген цифрлық шешімдермен танысты. Бейнеаналитика және жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері, тамақтану сапасын электрондық бағалау, психологиялық диагностика кабинеті, сондай-ақ әскери қызметшілердің жақындарымен байланысуына арналған бейнетаксофондар қонақтар тарапынан жоғары бағаланды.
Іс-шара соңында қатысушылар сарбаз ботқасынан дәм татып, Бас прокуратура ардагерлеріне Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің айырым белгісі саналатын күрең жолақты кеудешелер табысталды. Бұл акция әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
