Қазір кене шаққан 300-ге жуық адам дәрігерлердің бақылауына алынған.
"Асқындырып алған": Жамбыл облысында кене шаққан адам қайтыс болды
www.istockphoto.com
193
оқылды

Жамбыл облысы Шу ауданында кене шаққан ер адам көз жұмды. Малшы дер кезінде екпе алмай, ауруды асқындырып алған, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасы сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, кене шаққан үш жүздей адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Олардың қанынан қауіпті қызба белгілері табылмады. Әйтсе де аурудың табиғи ошағы анықталған аймақта геморрагиялық безгектің таралу қаупі басым.

Қора-қопсыны залалсыздандырған малшылар қауіп жайылымнан да келіп жатыр дейді.

"Құмның орнында көп, отырған жеріңде атпен отырсаң да, былай да, кене шыға береді. Қазір кененің кесірінен ол жақта мал құрттап жатыр. Жаңа туған қозылардың жұмсақ жері — төсіне жармасады. Кене шағады, оның орнын қасиды, тебінеді, қанайды, содан кейін құрттайды", - деді малшы Жұмабай.

Өрістегі малдың мазасын алған жәндіктер адамдарды айналып өтпеген. Табиғат аясына шыққан жүздеген адамды кене шағып, инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Оның көбі — жұқпалы аурудан аман. Ал кенеден келетін кеселді елемей, уақыт өткізіп алған малшыны құтқара алмаған. 

"Мұндай жағдайдың алдын алу үшін бірден аурухаға барып, қарсы екпе алу қажет. Ауру асқынып кетсе кеш болады. Қазір халықты қауіпті індеттен қорғау үшін көктемгі зерделеу басталды. Аурудың табиғи ошағы саналатын жерлерден 2700-ден астам кене жиналып, зетханаға жіберілді. Нәтижесінде 151 кенеден қауіпті безгектің жұқтырғышы анықтылып отыр", - деді Жамбыл облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Нелли Мүлікова.

Бұған дейін Жамбыл облысындағы 42 елді мекеннен Конго-қырым геморрагиялық безгегінің қауіпті белгілері анықталған.