Кенжебай Мәденов Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді.
Президент Ұлы Отан соғысына қатысқан Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын берді
208
оқылды

Мемлекет басшысы «Халық қаһарманы» Кенжебай Мәденовтің  ұлы Махамбет Кенжебайұлына айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін  салтанатты түрде тапсырды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Ұлы Отан соғысына қатысушы Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда отандасымыз Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.

– Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді. Бұл нацистік режимнің күйреуін көрсеткен, майдангерлердің рухын көтерген, шабуылды одан әрі үдете түсуге дем берген сәт еді. Оның қаһармандық жолы туралы маршал Георгий Жуков және басқа да мықты қолбасшылар, сондай-ақ жеңіспен аяқталған қанды шайқас жөнінде қалам тербеген журналистер де жазды. Өкінішке қарай, бұл тарихи мән-маңызы айрықша даңқты ерлік осы кезге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша, біз бүгін бір ел болып тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Кенжебай Мәденұлы Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақтан облысы Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округі Ақтай-сай ауылында туған.

1950-1974 жылдар аралығында Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарындағы ҚазКСР МҚК органдарында қызмет атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері. 1974 жылы 26 желтоқсанда дүниеден өткен.

К.М. Мәденов 1944 жылы 19 жасында 266-атқыштар дивизиясы 1008-полкі 2-батальоны 5-ротасының взвод командирі болып тағайындалған.

1945 жылы 29 сәуірде К.М. Мәденов Берлин шайқасында қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, Берлин операциясы кезінде қаланың Рейхстагтан кейінгі маңызды әкімшілік орталығы – Ратуша ғимаратының төбесіне Қызыл Туды орнату К.М. Мәденов басқарған взводқа тапсырылып, ол бұйрықты ерлікпен орындайды. Бұл Кеңес әскеріне рух беріп, шабуылдың қарқынды жалғасуына ықпал етеді. 

К.М. Мәденов бастаған жауынгерлердің осы ерлігі Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуковтың «Естеліктер мен толғаныстар», 5-екпінді армияның Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-лейтенант Ф.Е. Боковтың «Жеңіс көктемі», 1948 жылы КСРО Қарулы Күштері министрлігінің баспасы шығарған «Берлинді алу» (Штурм Берлина) кітаптарында суреттелген. 

«Қазақстан коммунисі» журналының 1970 жылы 6 маусымдағы нөмірінде Ратуша үшін болған шайқас жайында К.М. Мәденовтің өзі де жазған. 

Оның есімі мектеп оқушыларына арналған 1985, 1993 және 2004 жылдары жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулықтарына енді. Сондай-ақ К.М. Мәденовтің ерлігін Клаус Похе және Ганс Олива атты германиялық журналистер «Соғыс аяқталған түн» деген еңбектеріне арқау еткен.

Батырдың құрметіне 2001 жылдың желтоқсанында Атырау облысы бойынша ҰҚКД ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды.

Ал 2005 жылы Атырау қаласында Кенжебай Мәденовтің атына көше берілді.