Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және елді мекен тұрғындарына практикалық көмек көрсетуге бағытталған акцияның алғашқы іс-шарасы Самар ауданында өтті.
«AMANAT Керуені»: Шығыс Қазақстан облысында ауқымды акция бастау алды
177
оқылды

Шығыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «AMANAT Керуені» әлеуметтік акциясы бастау алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және елді мекен тұрғындарына практикалық көмек көрсетуге бағытталған акцияның алғашқы іс-шарасы Самар ауданында өтті.

Мұндағы басты мақсат – ауыл тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу, мемлекеттік қолдау шаралары мен партиялық жобалар, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктер туралы түсіндіру жұмысын жүргізу, сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша кеңес беру.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Мекеева «AMANAT Керуені» жобасының мәні мен маңызына тоқталды.

«AMANAT Керуені» – тұрғындарға нақты көмек көрсетуге бағытталған аса маңызды жоба. Бүгінде білікті дәрігерлердің қабылдауына қол жеткізу, әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша кеңес алу – ауыл тұрғындары үшін аса маңызды. Біз мұндай кешенді іс-шаралар арқылы тұрғындардың тұрмысын жақсартуға және олардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған қолдау көрсету шараларын жалғастыра береміз», – деді ол.

Іс-шара барысында Өскемен қаласындағы Онкология және хирургия орталығының білікті мамандары – онколог, маммолог, гинеколог, уролог дәрігерлер, сондай-ақ ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) қызметі бойынша мамандар тұрғындарды тегін қабылдады. Сонымен қатар «Astana Vision» клиникасының офтальмологтары заманауи құрал-жабдықтар арқылы тұрғындардың көзін тексеріп, кәсіби кеңес берді.

«Бүгін бір топ азамат ауыл тұрғындарына медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсету үшін арнайы келдік. Мәселен, Самар ауданында 10 жылдан бері офтальмолог дәрігер жоқ. Сондықтан арнайы құрал-жабдықтарымыз арқылы тұрғындарға толық диагностика жүргіземіз, диагноз қоямыз, көзілдірік жазып береміз. Менің ойымша, мұндай акциялар – аса қажет. Сондай-ақ акция аясында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесеміз. Мұндағы мақсат – мектепті немесе колледжді аяқтаған ерекше балаларды қалай жұмысқа орналастыруға болатынын ойластыру, олардың қайда жұмыс істей алатынын анықтау. Мен дәрігер ретінде ауылға ерекше көңіл бөлемін. Себебі тұрғындардың барлығы бірдей қалаға, әсіресе офтальмолог дәрігердің қабылдауына бара алмай жатады», – деді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі әрі Өскемен қаласындағы «Astana Vision» клиникасының директоры Зарина Камасова.

Бұған қоса, қоғамдық денсаулық сақтау саласы бағытында да маңызды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, АИТВ/ЖИТС ауруының алдын алу, оның таралу жолдары мен сақтану шаралары туралы түсіндіру жұмысы ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін кеңес берілді. Бұдан бөлек, акция аясында мектеп бітіруші түлектерге арналған кәсіптік бағдар беру жұмысы қолға алынды. Өңірдегі жоғары оқу орындарының өкілдері талапкерлерге білім беру бағдарламалары туралы ақпарат ұсынып, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға қатысты бағыт-бағдар ұсынды.

Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту басқармасы, қаржы институттары, депутаттық корпус пен салалық ұйымдардың өкілдері тұрғындарға мемлекеттік қызметтер алу тәртібі, әлеуметтік қолдау шаралары, кәсіпкерлікті дамыту және қайтарымсыз гранттар бойынша кеңес берді. Акцияның маңызын аудан тұрғындары жоғары бағалады.

«Мұндай кешенді іс-шаралардың ауылда өтіп жатқаны қуантады. Көп жағдайда қалаға барып, дәрігерге қаралуға мүмкіндік бола бермейді. Ал мұнда бір күнде бірнеше маманның кеңесін алып, тексеруден өтуге жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар жастарға жан-жақты бағыт-бағдар беріліп, әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес ұсынылуда», – деді Самар ауылының тұрғыны Гүлнар Мәжібаеева.

Айта кетейік, «AMANAT Керуені» акциясы мамыр-шілде айлары аралығында өңір аумағындағы аудандарда тұрақты түрде өткізіледі. Алдағы уақытта акция аясында Шығыс Қазақстан облысына қарасты барлық елді мекенді қамту жоспарлануда.