Бұл нысан жергілікті бюджет есебінен салынған және тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға мүмкіндік береді.
«AMANAT» сайлауалды бағдарламасы: Ақтауда жаңа өрт сөндіру депосы іске қосылды
107
оқылды

Биыл Ақтау қаласының 35-шағын ауданында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Нысанның ашылуы өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласында халық санының артуына байланысты өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын күшейту қажеттілігі туындады. Бұл мәселені облыстық Төтенше жағдайлар департаменті алға тартып, «AMANAT» партиясынан қолдау сұраған еді. Осылайша партияның сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде жаңа өрт сөндіру депосы салынып, іске қосылды.

Аталған нысан бүгінде 35-шағын аудан және оған іргелес аумақтарды, соның ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды, жалпы 40 000 адам тұратын аумақтың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Бұл нысанның ашылуы өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету жүйесін жаңа деңгейге көтерді.

Ақтау қаласындағы халық санының қарқынды өсуіне байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде айқындалады.

Осыған орай, Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа өрт сөндіру депосын салу қажеттігін көтеріп, «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалынан тиісті жер телімін бөлуге қолдау көрсетуді сұрады.

Аталған мәселе депутаттық фракция отырысында және партиялық бақылау комиссиясының отырысында жан-жақты қаралып, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен Ақтау қаласы әкімдігі тарапынан қажетті жер телімін бөлуге ықпал етілді.

Нәтижесінде, нысан құрылысы 2024 жылы басталып, белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылды. Сайлауалды бағдарлама аясында құрылыс барысы өңірлік партиялық бақылау комиссиясының тұрақты бақылауында болды. Комиссия мүшелері жауапты тұлғалармен бірлесіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын жіті қадағалап, нысанға жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отырды.

Жобаның нәтижесінде заманауи талаптарға сай жабдықталған өрт сөндіру депосы салынып, 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Бұл нысан қаладағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, өрт қауіпсіздігі деңгейін едәуір күшейтуге, сондай-ақ тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға маңызды үлес қосты. Сонымен қатар, жаңа депо қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, қаланың инфрақұрылымын дамытуға оң әсерін тигізді.

Жаңа өрт сөндіру депосы заманауи өрт-құтқару техникасымен және қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Нысан құрамына өрт депосының негізгі ғимараты, алты пәтерден тұратын екі қабатты тұрғын үй, техниканы орналастыруға арналған ангар, сондай-ақ өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың дене дайындығын қамтамасыз етуге арналған спорт залы кіреді. Бұл нысан жергілікті бюджет есебінен салынған және тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруға мүмкіндік береді.