Президент жасанды интеллект саласындағы негізгі мемлекеттік жобаларға тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің тауар нарығынан дерекқор мен стандарттар нарығына қарай ойысқанын анық көрсетеді.
– Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады. Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді. Салық саласында да түбегейлі өзгерістер орын алды. Салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, 2 миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті. Smart Data Finance платформасының іске қосылуы – елеулі жетістіктердің бірі. Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты. Бұл ретте Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтірді.
Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.
– Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізді: еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асты. Осы жиынға қатысып отырған отандық фин-тех компаниялар кәсіби деңгейлері жоғары екенін көрсетті. Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде «ойын ережесін» өзгертеді. Өйткені бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, транзакция үшін алынатын комиссиялық төлемдердің шығынын қысқартады. Бұл Қазақстанның дүние жүзінен көбірек капитал тартып, жетекші инвестициялық және қаржылық орталыққа айналуына көмектесуге тиіс. Былтыр елімізде алғаш рет цифрлық активтер мен криптовалютаны реттейтін құқықтық база қалыптасты. Жылжымайтын мүлікті, алтынды, ірі өндіріс кәсіпорындарының акцияларын және басқа да активтерді токенизация жасауға мүмкіндік пайда болды. Мақсатымыз – аймақтағы жетекші криптохабқа айналу. Үкімет пен Ұлттық банк цифрлық активтерді дамытудың басты бағыттарын бекіткені жөн. Бұл – шұғыл міндет, уақыт күтпейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «нақты уақыт экономикасына» көшу өте маңызды екеніне назар аударды. Себебі дәстүрлі жүйеде мемлекет үнемі «ізінен қуып» отырады.
– Мысалы, бюрократиялық рәсімдер мен бітпейтін келісулер қаржының тиімділігін 30 пайызға дейін азайтады. Тексеріс салық жинау кезеңінің қорытындысы бойынша жүргізіледі. Ал ол кезде бюджет қаржысы әлдеқашан игеріліп қояды. Жасанды интеллект арқылы күшейтілген платформалық тәсіл бұл ретте едәуір алға озуға жағдай жасайды. Атап айтқанда, үздіксіз предиктивті мониторинг мақсатсыз немесе күмәнді транзакцияларды алдын ала анықтайды. Бұл ретте тек мемлекет ресурсына сенім арту стратегиялық тұрғыдан қате екенін ескерткім келеді. Қабылданған платформалық шешім жеке капиталдың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтын басты құрал болуға тиіс. Негізгі міндет – осындай институционалдық орта қалыптастыру. Үкімет бизнесті ынталандыратын нақты ұсыныстар енгізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
