Бұл жолы дүбірлі дода қазақтың көрнекті ақыны, сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына арналды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Іргелі іс-шараға Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қазыбек Әлішев, Жанарбек Әшімжанов, партияның Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев және партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов қатысты.

Айтыс барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арналған құттықтауы оқылды. Мемлекет басшысының лебізін көпшілікке облыс әкімі Асхат Шахаров жеткізді.
«Бәкір Тәжібаев – ұлт руханиятының өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосқан танымал тұлға. Ол музыкалық шығармалар мен жігерлі жырлар жазып, төл мәдениетімізді дамытуға зор еңбек сіңірді. Бірқатар пьесасы табысты сахналанып, дарынды драматург ретінде танылды. Ардақты азаматтың өміршең өлеңдері сазды әндерге айналып, ел ішінде кеңінен таралды. Әсіресе, «Әлия», «Бозторғайым», «Әдемі-ау» секілді теңдессіз туындылары жұртшылықтың жадында сақталып, әлі күнге дейін орындалып келеді. «Туған жердің дөңі де – асқар, туған жердің әні де – асқақ» деп жырлаған перзентін ел-жұрты да ерекше құрметтейді. Осы тағылымдық мәні зор іс-шара – соның айқын дәлелі», – делінген Президент құттықтауында.
Аламан айтысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді.
«Бес асыл» – айтыс, жыр-терме, ән, күй секілді қазақтың ұлттық өнерін тоғыстырған ірі жоба. Жоба еліміздің бірқатар өңірінде сәтті ұйымдастырылып, ұлттық өнерді жаңғыртып, жаңа таланттарды танытуға жол ашуда. Ақтөбе өңірінің өнерінде өзіндік мектеп пен дәстүр қалыптасқан. Бұл – Нұрпейіс Байғаниннен жалғасқан ақындық, Қазанғап негізін қалаған күйшілік, сондай-ақ жыршылық пен әншілік өнердегі дара ерекшеліктерімен айқындалады. Жоба талаптарына сәйкес, әр өңір өзіне тән стиль мен дәстүрді көрсетуге тиіс. Бұл тұрғыда Ақтөбе өнерпаздары өңірлік ерекшелігін айқын танытты», – деді ол.
Осылайша, дүбірлі додада Ақтөбе және Қостанай облыстарының өнерпаздары өзара бақ сынады. Командалық айтыс аясында сүре, түре, қайым, қыз бен жігіт, өтірік өлең сынды сирек кездесетін, тарихи тамыры терең айтыс үлгілері қайта жаңғырды. Сонымен қатар жыр, терме, дәстүрлі ән, күй тартыс сияқты ұлттық руханиятымыздың алтын арқауына айналған өнер түрлері бір сахнада тоғысты.

Ақтөбе облысының командасын ақын Марат Ахметов, ал Қостанай облысының командасын ақын Айбек Қалиев бастап шықты. Командалар сапында айтыскерлермен бірге жыршы-термешілер, күйшілер және дәстүрлі әншілер өнер көрсетті. Айтысқа қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман бастаған азаматтар төрелік етті. Нәтижесінде, Ақтөбе облысының командасы топ жарып, келесі кезеңге жолдама алды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
