Трамп әкімшілігі Ұлттық ғылым қорын қадағалайтын тәуелсіз кеңес мүшелерін қызметінен босатты. Президент Дональд Дж. Трамптың атынан жіберілген электронды хатта «олардың лауазымдары дереу тоқтатылатыны» айтылған.
Президент әкімшілігі Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелерін таратып жіберді
1950 жылы құрылған Ұлттық ғылыми кеңес президент пен Конгреске ғылым және инженерлік саясат мәселелері бойынша кеңес береді. Ірі Фото nytimes.com
414
оқылды

The Associated Press хабарламасына сүйенген Aikyn.kz президенттің бұл шешімінің астарын түсіндіреді.

Жұма күні (1 мамыр) Ұлттық ғылыми кеңес мүшелері Президент жанындағы кадрлық басқармадан «Президент Дональд Дж. Трамптың атынан» жіберілген электронды хат алған. Онда олардың лауазымдары «дереу тоқтатылатыны» айтылған.

Қызметінен босатылған кеңес мүшесі, Vanderbilt University-де жұмыс істейтін Кейван Стассун бұл шешімнің «көңіл көншітпейтінін» айтып: «Шынын айтсам, мен аса қатты таңғалған жоқпын», – деп жазған.

Ұлттық ғылыми кеңес 1950 жылы президент пен Конгреске ғылым және инженерлік саясат мәселелері бойынша кеңес береді. Ірі гранттарды бекіту және Ұлттық ғылым қорының болашақ даму бағытын айқындау үшін құрылған. Әдетте оның құрамына президент тағайындайтын 25 мүше кіреді. Олар 6 жылдық мерзімге сайланып, кезең-кезеңімен ауыстырылып отырады. Қызметтен алынған ғалымдар академиялық орта мен өнеркәсіп саласының өкілдері болған. Және астрономия, математика, химия мен аэроғарыштық инженерия секілді бағыттарға маманданған.

Қызметінен босатылған Йоланда Гилдің айтуынша, қазіргі кеңестің барлық 22 мүшесі жұмыстан шығарылған. Кеңес келесі аптада бетпе-бет отырыс өткізуді жоспарлаған және АҚШ-тағы ғылымның жай-күйі туралы есепті аяқтап жатқан.

Оңтүстік Калифорния университетінің Ақпараттық ғылымдар институтының зерттеушісі Йоланда Гил: «Меніңше, бұл әкімшіліктің Ұлттық ғылым қорының қызметіне енгізуді жоспарлап отырған ауқымды өзгерістерінің тағы бір белгісі», – деді.

Сенаттың сауда, ғылым және көлік комитетіндегі Демократиялық партияның жетекші өкілі Мария Кантвелл бұл қадамды «америкалық инновациялар мен жаңалықтардың қозғаушы күші болып отырған институттар мен сараптамаға жасалған қауіпті шабуыл» деп атаған.Өткен жылы Трамп әкімшілігі көлемі 9 миллиард доллар болатын ғылым қорының бюджетін 2 есе қысқартқысы келген. Бірақ Конгресс NSF қаржыландыруын сақтап, қысқартуды алдағы жылы талқылауға келіскен.

Кейван Стассунның айтуынша, бұл жолы кеңес кедергі келтіре алмайтындықтан, бұндай қысқартуларды жүзеге асыру жеңілдей түспек. Оның сөзінше, бұл «еліміздегі іргелі зерттеулерге және ғалымдар мен инженерлердің келесі буынын даярлауға салынатын инвестицияға нұқсан келтіруі мүмкін».

Сонымен қатар ғылым қорының штаб-пәтері де кішірек ғимаратқа көшірілген. Өткен жылы АҚШ-тың Тұрғын үй және қала құрылысы министрлігі Вирджиния штатының Александрия қаласындағы Ұлттық ғылым қорының бұрынғы базасына көшетінін жариялаған болатын.

Ұлттық ғылым қоры түсініктеме беруді өтініп, Ақ үйге сұрау жасаған. Ақ үй электронды хатында Ұлттық ғылыми кеңеске оны құрған кезде берілген өкілеттіктерді жаңарту қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондай-ақ ғылым қорының жұмысы «үзіліссіз жалғасып жатқанын» айтқан.