Алматыда жасөспірімдер арасындағы төбелес адам өлімімен аяқталды

Алматы қалалық полиция департаменті 12 күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Олардың барлығының жасы 17-18 аралығында. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Алматыда пышақ қолданылған жаппай төбелес салдарынан екі жасөспірім қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаза болғандардың бірінің анасының айтуынша, оның ұлы досына көмектесу үшін келген. Оқиға орнына жеткенде, шамамен 10 шақты жігіт жиналып тұрған, содан кейін жаппай төбелес басталған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалдың шығуына қыз себеп болуы мүмкін. Жасөспірімдер арасындағы кикілжің компьютерлік клубта басталып, кейін көшеде жалғасқан. Төбелес барысында қатысушылардың бірі пышақ қолданған.

Салдарынан екі жасөспірім ауыр жарақат алып, көз жұмды. Зардап шеккендер ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.

Алматы қалалық полиция департаменті 12 күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Олардың барлығының жасы 17-18 аралығында. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Тікелей дене жарақатын салған тұлғалар анықталып, қамауға алынды. Қалған қатысушылардың әрекеттеріне де құқықтық баға беріледі. Ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады»,-деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.