Президент бастамалары түркі жастарының назарында

Түркі әлемінің жастары Алматыда бас қосып, Президент бастамаларын қолдады.

Алматыда «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі аясындағы қорытынды іс-шаралар өтті. Бес күн бойы Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан және Түрікмен­станның жастар делегациялары түркі мемлекеттері жастары арасындағы ынты­­мақ­тастықты нығайтуға бағытталған білім беру, диалог, экологиялық, еріктілік және мәдени жобаларға қатысты.

Іс-шаралар бағдарламасы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған негізгі басымдықтарға сәйкес әзірленді. Олар – цифрландыру және жасанды интеллект, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы және еріктілік қозғалысты дамыту.

Цифрландыру бағыты аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жастары мен сарапшылары қатысқан халық­аралық Digital Turkic Youth форумы өтті. Технологиялық компаниялар мен білім беру ұйымдарының өкілдері жас­анды интеллектінің дамуы, цифрлық тех­нология, болашақтың құзыреттері және еңбек нарығындағы өзгерістер жайын талқылады.

Адами капиталды дамыту мәселесіне арналған Kazakhstan – Turkey Psychosocial Support Project халықаралық фору­мы Қазақстан мен Түркияның сарап­шыларын бір алаңға жинады. Қатысушылар жастарға психоәлеуметтік қолдау көрсету, эмоционалдық тұрақты­лықты арттыру және дағдарыс жағдай­ларының алдын алу мәселелерін қарас­тыр­ды. Сонымен қатар делегациялар Алматының Төтенше жағдайлар департа­м­ентіне барып, күйзеліске төзімділікті арттыру бойынша тәжірибелік тренингке қатысты.

Спорт бағыты бойынша қатысушылар «Қайрат» футбол клубы академиясында жас спортшыларды даярлау жүйесімен танысты.

Іс-шаралардың маңызды бөлігінің бірі Түркі мемлекеттері ұйымының халық­аралық жастар кемпингі болды. Оның аясында жастар дипломатиясы мен мәдениетаралық ынтымақтастыққа арналған Beyond Borders: Youth Without Borders сессиясы, сондай-ақ цифрландыру, экология, еріктілік және қоғамдық даму бағыттарындағы бастамаларды әзірлеуге арналған Youth Solutions Lab хакатоны ұйымдастырылды.

Халықаралық еріктілікті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Еріктілердің халықаралық жылы аясында жүзеге асқан «Атташе мектебі» жобасына қатысушылар халықаралық хаттама мен мәдениетаралық коммуникация негіздерін меңгеріп, шетелдік делегацияларды қолдауға атсалысты.

«Таза Қазақстан» бастамасын қолдау мақсатында Turkic Youth Tree of Unity экологиялық акциясы өтті. Түркі мемле­кеттерінің жас өкілдері қоршаған ортаны қорғаудағы ортақ жауапкершілік пен бірліктің белгісі ретінде ағаш екті.

«Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау аясында азаматтық жауапкершілік, құқықтық мәдениет және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша тақырыптық кездесулер мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылды.

14 маусым күні жобаның салтанатты жабылу рәсімі өтіп, қорытындыланды. Сондай-ақ Түркі әлемінің жастар астанасының символикалық кілті Өзбекстан Республикасының өкілдеріне табысталды.

Айта кету керек, 2025-2026 жылдары аталған мәртебені іске асыру кезеңінде Алматыда 8 мыңнан астам жасты қамтыған 60-тан астам іс-шара өткізілді. Бұл жоба жастар дипломатиясын нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге және халықаралық жастар ынтымақтас­тығын дамытуға ықпал етіп, Алматының түркі әлемінің жетекші жастар орта­лықтарының бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.

А. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ