Ол ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен, бірнеше мәрте компания атынан алғысхаттармен марапатталған.
"Арманы – зейнеткер шахтер атану" – Данияр Жүсіпбеков
Фото: Жанболат Таниберген
138
оқылды

Қай кәсіпті алсақ та, қадірі мен құрметі бар. Адал еңбек, маңдай термен жер астына түсіп, қара жұмыстың рахатын көріп жүрген хромтаулық шахтер Данияр Жүсіпбеков ендігі арманы – зейнеткер шахтер атану.

Оның Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек етіп келе жатқанына 20 жылға жуықтады. Қарапайым тау-кен жұмысшысынан бригадир-ұңғылаушыға дейін өрлеп, бүгінде «Молодежная» шахтасында «Жүсіпбековтің бригадасы» деген он адамнан тұратын командаға жетекшілік етеді. ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен, бірнеше мәрте компания атынан алғысхаттармен марапатталған. 

– Хромтау – шахтерлер қаласы. 90 жылдан асып барады, бұл қаланың әр кірпішін шахтерлер қалады кезінде. Өңір – шахтасымен бай. Сондықтан мұндағы әр ер адам үшін шахтер немесе өндірістің адамы болмау азамат атымызға сын секілді. Өзімнің жасым 46-да. Оның 20 жылын шахтада өткіздім. Денсаулық болса, тағы осынша жыл жұмыс істеп, көзін көрген комбинаттың қарт шахтерлері секілді мен де солай зейнетке шыққым келеді. Тағдырыма ризамын,- деді кейіпкеріміз.

Олай дейтін себебі, Данияр бұған дейін теміржолда, басқа да жеке ұйымдарда жұмыс істеген. Алайда жас жігіттің тұрақты жерге орналасып, тұрақты табыс тауып, үй болудың қамына кіріскісі келген. Сөйтіп жүргенде «комбинатқа жұмысқа қабылдау жүріп жатыр» дегенді естіп, ол да бағын сынайды. Қолында мектепті бітірген қағазы ғана бар мына жігітке Терещенко деген кадрдың бастығы қол қойып бергенде, балаша қуанған. 

– Ол 2007 жыл болатын. «Молодежкаға» барған кезімде Хромтау ауданының құрметті азаматы, өнеркәсіптегі «Алтын Гефест» ұлттық байқауының жеңімпазы  Амангелді Сүйінтаев ағамыз сол шахтаның басшысы болып тағайындалып жатыр екен. Жас жігіттерді қолдап, құшағын жайған, «өндірістің» не екенін естігеніміз болмаса, жер астына түсіп көрмеген бізді жігерлендіріп еді кезінде. Алғысым шексіз. Содан кейін шахтер болып қалыптасып, үйленуді ойладым. Бір күні осы комбинаттың дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болашақ жарымды жолықтырдым. Бүгінде екі ұлдың ата-анасымыз. Ер азамат үшін бұдан асқан  қандай бақыт керек, – деді ол.

Ең алғаш шамамен бес жүз шақырым жерге түсіп, ұңғылау жұмыстарына кіріскен Данияр алғашқы ауысымын қорқынышпен бастағанын еске алды.

– Клетьпен төменге түскен сайын батылырақ боласың екен. Аз уақытта шахтердің жұмысын меңгеріп алдым. -135 горизонтқа түскенімде, ең бірінші көзіме түскені – теміржол рельстері. Кезінде өзім теміржолда жұмысшы болдым ғой. Теміржолдың бойында адамдардың сапарына куә болсам, мына жақта рельспен зуылдаған электровоздардың жер бетіне бет алып бара жатқанын көріп жүрмін. Тиелген тауар – хром кені. Осы нәрсе өзіме ыстық. Алты ай жер астында жүргеннен кейін, соқыр ішек болып, жердің бетінде 1 жылдай жүрдім. Жеңіл-желпі жұмысты тапсырды. Ай, сол кезде шахтаға түсетін күнді сағына күткенім есімде, - деп күлді ол. – Жақсарғасын әріптес бауырларыммен забой жанына жиналып, перфератормен жұмыс істеуге кірістім. Ол жабдықтың гүрілдеген дыбысы – шахтаның сәні. 2014 жылдан бері қарай бригадирлікке тағайындалып, бригадир-ұңғылаушы қызметте жүрмін, –  деді ол.

Хромтаудың шахтерлері жер қойнауынан хром кенін өндіреді. Ұңғымашылар перфератор жабдығымен бірнеше метрлерді өткеріп, кен шығарып, қазылған орынды қайта бітеп, жинастырып кетеді. Осындай қара жұмысты бар ықыласымен орындайтын бүгінгі шахтерлердің алды енді зейнетке жақындады.  Артта жас шахтерлер қатары көбейіп жатыр. Данияр Жүсіпбеков – сол екі буынның ортасында. Өзі де тәлімгер ретінде шәкірт дайындайды.

–  Біздің жұмыста ең бірінші ескеретін нәрсе – қауіпсіздік. Өзімнің де, бригадир ретінде өзгенің де қауіпсіздігіне жауаптымын. Жасыратыны жоқ, кеншілердің жалақысы жақсы. Тапқан нәпақамыздың арқасында мақсатымызға жетіп жатырмыз. Алайда, біздерге немқұрайлық, көріп тұрған қатені, қауіпті жасырып қалып, айлық жоспарды қауіпсіздікті сақтамай орындауға болмайды. Жастарға көбіне осыны айтамын. Өтірік айтуды өмірде де, өндірісте де әдетке айналдырмаңдар деп. Сақтық. Сосын барып сапалы еңбек. Қазір дүниежүзілік еңбекті қорғау айлығы жүріп жатыр. Шахтада күнде бір шара. Басшылықпен әр горизонтта түсіндірме, бақылау жұмыстары өтеді. Яғни қауіпсіздік шараларына күннен-күнге талап күшейіп келеді. Бұның барлығы – біздің үйге аман-есен оралуларымыз үшін, –  деді Данияр Жүсіпбеков.

Жүсіпбековтің бригадасы қазіргі таңда шахтаның 80-горизонтында кен игеріп жатыр. Олар 40 метр жер өтіп, қазылған ұңғымаларға бекітпелерді орнатуда. Берілген жоспарды орындап шықса, игілігін ел болып көреді.

Жақында үлкен ұлым 11-сыныпты аяқтайды. Ақтөбедегі «тау-кен ісі» мамандығына түсемін деп талаптанып отыр. Негізі ұлым қандай таңдау жасаса да, қолдаймын. Бірақ осы мамандыққа тоқталғанда шынымды айтайын, іштей қуандым. Әкелік жолымды үлгі тұтып, ізімнен ерген тұңғышыма ризамын, – дейді ол.