Мамырдан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Астанада LRT іске қосылып, табысты арттыру мен жалақыны көтеру бағдарламасы таныстырылады, қазақстандықтар салық мекемесінен хабарлама ала бастайды. Сондай-ақ, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге арналған ережелер жаңартылады, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Сәуірдің аяғында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы жеңіл рельсті көліктің алдағы апталарда іске қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қасымбектің айтуынша, LRT-ның барлық сынағы сәтті өткен. Барлық 18 пойыз жұмыс істеп тұр, қозғалыс аралығы – 3,5 минут, жылдамдығы жоғары, яғни көліктің кез келген өзге түрінен екі есе жылдам.
Әкім негізгі станциялардың дайын екенін мәлімдеді. Олардың қатарында - "Абу-Даби Плаза", "Ботаникалық бақ", "Астана Арена", Mega, "Әуежай" және жаңа вокзал бар.
Екіншіден, мамырда үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын таныстырады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов хабарлады. Оның сөзінше, қазір құжат мемлекеттік органдармен келісу кезеңінен өтіп жатыр. Бағдарламада түрлі қолдау шаралары, соның ішінде жалақыны көтеру мәселелері қарастырылған. Атап айтқанда, мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысын арттыру жоспарланып жатыр.
Үшіншіден, мобильді аударымдарды тексеру қорытындысы бойынша қазақстандықтар салық органдарынан хабарлама ала бастайды. Екінші деңгейлі банктер қазақстандықтардың операциялары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына бере бастады.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мәліметтерді беру 15 сәуірде аяқталады, ал қазақстандықтар хабарламаларды мамырда алады. Осыдан кейін салық мамандары мобильді аударымдарды тексеріп, олардың қайсы үш негізгі критерийге сәйкес келетінін анықтайды:
100 және одан да көп түрлі тұлғадан келген;
қатарынан 3 ай бойы;
жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асатын аударымдар.
Төртіншіден, 4 мамырдан бастап Қазақстанда Президент Жарлығымен бекітілген Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ішкі қызмет жарғысына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Түзетулерге сәйкес, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер қызметке тұрған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде пайда әкелетін мүлкін сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Бұл меншік құқығындағы немесе өзге де заттық құқықтағы мүлікке қатысты.
Сондай-ақ, түзетулерде келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің өздеріне тиесілі тұрғын үйді жалға беруге және одан табыс алуға құқығы бекітілген. Сонымен қатар, олар сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен, сондай-ақ, өзге де заңды көздерден табыс ала алады.
Бесіншіден, 1 мамырдан бастап Қазақстанда қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын көліктің барлық түрімен сыртқа шығаруға салынған тыйым тағы жарты жылға ұзартылады. Шектеуге, атап айтқанда, мыс, алюминий, қорғасын қалдықтары мен сынықтары, сондай-ақ, құрамында қорғасын, кадмий немесе сынап бар металл сынықтарының басқа түрлері және сұрыпталмаған сынықтар жатады. Сондай-ақ, қара металл қалдықтары мен сынықтарын, қайта балқытуға арналған шихталық құймаларды, пайдаланылған құбырларды, рельстерді, теміржол төсемі мен жылжымалы құрам элементтерін шығаруға тыйым салынған.
Алтыншыдан, 13 мамырдан бастап Қазақстанда балықтардың уылдырық шашуы мен су биоресурстарының көбею кезеңінде балық аулауға шектеулер мен тыйымдар күшіне ене бастайды. Бұл шара бірнеше ірі балық шаруашылығы бассейндеріне, соның ішінде Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Зайсан-Ертіс, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Жайық-Каспий бассейндері мен Қиғаш өзеніне, сондай-ақ, Шу-Талас бассейніне қатысты.
