Грузиядағы Ішкі істер органдары қазақстандық азаматтың есірткі ісі бойынша ұсталғанын растады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, Имерети аймағындағы полиция департаментінің қызметкерлері Украина және Қазақстан азаматтарын – 2008 жылы туған К.К. мен А.Д.-ны ірі және аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау және оларды таратуға жәрдемдесу күдігімен ұстаған.
Күдіктілер әртүрлі уақытта қолға түскен. Тергеу барысында жүргізілген тінту және тергеу эксперименті кезінде көрсетілген орындардан ірі көлемде метадон тәркіленген. Сонымен қатар есірткіні қаптауға арналған материалдар да табылып, айғақ ретінде алынған.
«Қылмыстық іс Грузия Қылмыстық кодексінің 260 және 260-прима баптары бойынша тергелуде. Бұл баптар 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
