Ол құжатсыз бір өңірден екіншісіне көшіп жүрген.
34 жыл бойы құжатсыз өмір сүрген: Қызылжар тұрғыны жеке куәлігін енді алды
фото: www.istockphoto.com
279
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында 34 жыл бойы құжатсыз жүрген азамат жеке куәлігін енді алды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

58 жастағы Қызылжар ауданының тұрғыны Сергей Порядкин төлқұжатын 1990 жылдардың басында жоғалтып алған. Содан бері түрлі себептерге байланысты оны қайта рәсімдей алмай, бір өңірден екіншісіне көшіп жүрген. Осы уақыт ішінде ол медициналық көмек ала алмай, тек жалдамалы жұмыс істеген.

Алайда азамат туған жеріне оралғаннан кейін учаскелік инспектор мен көші-қон қызметінің көмегімен оның жеке деректері қалпына келтірілді. Нәтижесінде оған жеке куәлік рәсімделді.

"1992 жылы төлқұжатымды жоғалтып алдым. Түрлі себептермен құжатты реттеудің сәті түспеді. Біресе жұмыс, біресе отбасы жағдайы кедергі болды. Туған жеріме келдім. Біздің учаскелік инспекторымыз Бақтияр көмектесіп, бәрін реттеп берді. Енді емін-еркін жұмыс істей аламын", — деді Қызылжар ауданының тұрғыны Сергей Порядкин.

СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы Еділ Қазиевтің айтуынша, құжатсыз тұрып жатқан тұлғалардың құқықтық мәртебесін анықтау жұмыстары жалғассып жатыр.