Ақпараттық техно­логиялардың даму қарқыны қазір тек техникалық құрал­­дармен шектел­мей, бүкіл қоғамның және экономиканың барлық саласының өзгеруін жылдамдатты.
Deepfake-тен тараған дүрмек
250
оқылды

Әсіресе, жасанды интеллек­тінің адами факторсыз цифрлық форматта автоматтандырылған қызметтерді атқаруын жетілді­ру – цифрлық трансформация өрке­ние­тіне күтпеген жаңалықтар әке­­­луде. Мәселен, бір ғана deepfake технологиялары ғалым­дар­дың енді әлем бұрынғыдай бол­майды деп дабыл қағуына түрткі болды. 

Deepfake дегеніміз не? Ғалым­дарды неге алаңдатып отыр? Deep­fake Ағылшын тілінен аудар­ғанда deep – терең, fake – жалған деген мағынаға ие. Мұны 2014 жы­лы жасанды интеллект жа­­сау­шыларға арналған Стэнфорд университе­тінің студенті Ян Гуд­феллоу ойлап тапқан. Маман­дар­дың сөзінше, ол жасанды ин­тел­лект мүмкіндіктерін пайдаланып, адам бейнесін немесе дауысын синтездеуші арнайы ал­горитм арқылы аудио және видео­ма­те­риалдардың шынайы нұс­қа­сын жасайды. Deepfake техноло­­­гия­сының негізі 1990 жылдары цифр­­лық бейнежазбалар дами бастаған кезеңде қаланды. 1997 жылы Video Rewrite компаниясы адам­ның сөйлеу артикуляциясын син­тезделген аудиомен үйлестіре ала­тын жүйені жасап шығарды. 2017 жылы Reddit платформа­сында оның кеңінен танылған алғашқы нұсқасы жарияланды. Онда танымал тұлғалардың жүз­дері ересектерге арналған видеода басқа актерлердің денесіне жап­сырылған болатын. Сөйтіп, deepfake киноиндустрияда, марке­тингте, әлеуметтік желілерде, жур­налистикада және көпшілікке арналған көгілдір экран мен мә­дени шараларда жиі қолданыла бастады.

Басты құрал – психологиялық шабуыл

Deepfake-ті қаржы алаяқты­ғында, ұтыс ойындары мен жал­ған жаңалықтарда, инвестиция­лық жобаларға пайдалану күн өткен сайын асқынып барады. «Асығы алшысынан түскен» алаяқ­тар ғаламтордағы танымал бұлт­тық сервистердің атын жа­мылып, адамдардың жеке дерек­тері мен қаражатын иемденуге дейін маманданып үлгерген. Қауіптің алдын алу үшін мамандар күмәнді сілтемелерге өтпеуге, ак­каунт жағдайын тек ресми қо­сым­ша немесе сайт арқылы тексеруге, екі факторлы қорғауды қосуға және әр сервиске бөлек күрделі құпиясөз қолдану керектігін ес­кертеді. Ашық ақпарат көздерін­дегі деректерге сүйенсек, әлемде әр 10 адамның 6-уы deepfake-ке алданады екен. Ал елімізде ки­бер­шабуылға тап болып, интернетте алданған адамдар жыл сайын артып келеді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және ар­найы есепке алу жөніндегі коми­теті ұсынған деректерге сү­йенсек, 2025 жылдың қаңтар-­қараша айлары аралығында ин­тер­нет-алаяқтардың әрекетінен кел­­ген шығын 11,2 миллиард тең­г­еге жеткен. Ең сорақысы, кел­тірілген шығынның негізгі ауыртпалығы қарапайым ха­лық­тың мойнына түскен. Жалпы со­маның 96,7 пайызы жеке тұлға­лар­ға тиесілі. Кәсіпкерлер мен биз­нес құры­лым­дары мұндай қыл­мыстардан салыстырмалы түр­де аз зардап шеккен. Олардың үле­сі 2,4 па­йызды ғана құраса, мем­лекетке келген шығын 1 па­йыз шамасын­да. Сонымен қатар Factcheck.kz дерегінше, 2025 жыл­ғы маусымда Ұлттық банкке қа­рас­ты антифрод-орталық 10 ай ішін­де 63 мыңнан астам алаяқтық де­регін тіркеп, жал­пы көлемі 2,5 млрд теңге бо­латын транзак­ция­ларды уақы­ты­лы бұғаттаған.

Бас прокуратураның дерегін­ше, 2025 жылғы алаяқтық бабы бо­йынша 4,3 мың қылмыстық құ­­қықбұзушылық тіркелсе, 2026 жыл­­дың 2 айында 21 558 қыл­мыс­тық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезе­ңі­мен салыстырғанда 10,7%-ға аз. Сон­дай-ақ биыл интернет-алаяқ­тықтар саны 8,3%-ға төмендеген және қылмыстық жауаптылыққа 913 құқық бұзушы тартылған. Ки­бералаяқтықтарды ашу көрсеткіші 29%-ға өсіп, келтірілген залалды өтеу деңгейі 57%-ды құраған. Ма­мандардың айтуынша, алаяқтар­дың басты ерекшелігі адамның пси­хологиясына оңай әсер ете алады.

Бір ғана мысал келтірер бол­сақ, 2024 жылы әлеуметтік желі­лер­де «Қазатомпром» атауын пай­даланған инвестициялық платформа туралы жарнама жап­пай тараған болатын. Бейне­ро­ликте Қазақстанға танымал тұл­ғалар, соның ішінде Димаш Құ­дай­берген мен оның ата-анасы аталған жобаны «сенімді қаржы­лық мүмкіндік» ретінде таныс­тырып, жарнамалады. Бәрі шын секілді. Көпшілік бұған сенді және «Қазатомпроммен» жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаған. Ке­йін жарнамадағы барлық бейне­ролик пен жарияланымдар «Қаз­атом­пром» компаниясының атын пайдаланып, алаяқтар жасаған цифр­лық жалған материалдар еке­ні анықталды.

– Әр буын өз заманының тех­нологиясымен өседі. Бұрын каль­кулятордан қорықтық, кейін ин­тер­неттен, енді жасанды интел­лектіден қауіптеніп отырмыз. Бірақ мәселе құралда емес, оны қалай қолдануда. Шынында да, біз көбіне жаңа технологияны қа­уіп ретінде қабылдаймыз. Алайда мәселенің түп-төркіні бақылау мен бағыт-бағдардың жоқтығында жатқан секілді. Алаяқтар мықты бағдарламашылардан гөрі, мықты психологтарға көбірек ұқсайды. Олар адамға психологиялық ша­буыл жасау арқылы дұрыс ойлау қа­білетінен айырады, оларға ке­регі де сол, – дейді IT маманы Мейіржан Әуелханұлы.

Биометриялық сәйкестендіру – деректер базасын қорғайды

Елімізде кейінгі жылдары deep­fake-тен болатын қауіп-қатер мен алаяқтықтың алдын алу мақ­сатында бірқатар жұмыс жасалып жатыр. 2025 жылы 22 желтоқсан­нан бастап дербес деректерді қорғау ережелері жаңартылды. Сонымен қатар мемлекеттік және маңызды цифрлық жүйелерді тексеру ережелері өзгертілді. Енді барлық ақпараттандыру нысаны үш жыл сайын киберқауіпсіздік сынақтарынан өтуі керек. Енді 100 мыңнан астам жазбасы бар ба­за иелері мен операторлар пай­даланушылардың биометриялық сәйкестендіруін қамтитын көп фак­торлы аутентификацияны қолдануға міндетті.

Жасанды интеллект вице-ми­нистрі Досжан Мұсалиевтің ай­туынша, өзгерістер «пайда­ла­ну­шыларды сәйкестендіруге және рұқсатсыз кіру тәуекелдерін, со­ның ішінде басқа біреудің логині мен паролімен кіру әрекеттерін азайтуға» бағытталған. Шектеулі деректерге заңмен қорғалған мә­ліметтер: жеке, отбасылық, са­лық­тық, банктік және коммерция­лық құпия, сондай-ақ медицина­лық деректер және өзге де құпия мәліметтер жатады.

«Бұл қауіпті жағдайды анық­тауға және деректердің сенімді қор­ғалғанына көз жеткізуге мүм­кіндік береді», – деп хабарлады Ақпараттық қауіпсіздік комитеті. 

Сонымен қатар жекелеген азаматтардың жалған мен шынды ажырата алу қабілетінің болғаны және цифрлық сауат пен цифрлық мәдениетті білгені маңызды. Ме­йіржан Әуелханұлының айтуын­ша, IT мамандар ақпараттың «ішкі құрылысына», яғни қай сер­верден келгеніне, IP мекен­жа­йына қарап жалған хабарламалар­ды анықтай алады. 

– Біз сияқты мамандар хабар­ламаның «ішкі құрылысына», яғни қай серверден келгеніне, IP мекенжайына қарап анықтай ала­мыз. Бірақ қарапайым қолдану­шы­ның қолында ондай құралдар жоқ қой, сондықтан ең бастысы – көзбен көріп, мимен саралау. Қа­рапайым қолданушы бірден бай­қай алатын ең бірінші белгі – ол сілтеме, яғни сайттың мекенжайы. Алаяқтар түпнұсқаға қатты ұқ­сайтын, бірақ бір-екі әрпі өзге­ше сайт­тар жасайды. Мысалы, kaspi.kz емес, kaspi-bonus.kz немесе kaspibank.com деп өзгертіп қоюы мүмкін. Асығыс адам мұны байқа­май қалады. Екінші белгі – ол «асықтыру». Егер келген хабар­ла­ма сізді «тездетіңіз», «қазір жо­йы­лып кетеді», «шұғыл» деп ентік­ті­ріп жатса, бірден тоқтаңыз. Банк­тер немесе мемлекеттік ор­гандар ешқашан сізді дүрліктір­мейді, олар ресми түрде, байсалды жазады, – дейді маман.

Ал ІТ аналитик Тимур Бектұр цифрлық сауат дегеніміз қандай цифрлық құралдар бар, соларды дұрыс қолдана білу және цифрлық мәдениет дегеніміз ешкімнің ар-намысына, ұятына тиіспеу, әдепті болу екенін ескертті.

– Цифрлық сауат немесе мә­де­ниет дегеніміз де ­– белгілі бір құн­дылықтарды сақтау. Қазанның қақпағын жабық күйде ұстау. Ба­лаңызға әлеуметтік желі арқылы бөтен адаммен сөйлеспеуді үй­рету. Жеке-бас мәліметін, банк мә­ліметтерін, денсаулыққа қатыс­ты ақпаратты, үйіңіздің мекен­жайын, мемлекеттік ақпаратты, біреулердің телефон нөмірлерін бей-берекет интернетке жария­ламау дегеннің барлығы осы цифр­лық мәдениетке жатқызуға болады. Содан кейін, бір жаққа кетерде үйіңізді ашық-шашық тастап кетпейсіз ғой. Кілттейсіз. Ол кілтті есік алдына тастап кет­пейсіз. Өзіңізбен алып кетесіз. Қарапайым қауіпсіздік мәселесі. Сол сияқты цифрлық қауіпсіздік мәселесі де цифрлық мәдениеттен туындайды. Кілтсөздерді дұрыс қолдану, қиын кілтсөздер қолдану, оны еш жерге жарияламау, әр жерде әртүрлі кілтсөз қолдану деген сияқты. Осының барлығын үйренетін уақытымыз болды ғой. Бірақ неге екенін білмедім. Әй­теуір, оп-оңай алданып қаламыз. Оп-оңай жем боп қаламыз. Ақ­шамызды жұртқа ұстата саламыз. Әлеуметтік желіміз де, басқа да цифрлық дүниелеріміз ашық-ша­шық жатыр, – деді Тимур Бектұр.

Маманның сөзінше, deepfake-тен қорғанудың ең тиімді тәсілі қарапайым әрі оңай десек болады. Яғни, адам өзінің жеке бас дерек­терінің немесе басқа да өзіне қа­тыс­ты мәліметтерінің ашық-ша­шық қалуынан сақтанса болғаны.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ