Халқымыздың тамыры – ауылда. Ауыл мықты болса, ел де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше әрі жоғары.
Ұлт ұясы – ауыл, ауыл тірегі – әкім
200
оқылды

Осы орайда 2020 жылғы Жолдауында Президент ауыл әкімдерін тікелей сайлауды ұсынған болатын және ол бастама жүйелі жүзеге асырылды. Әйткенмен, енді бұл институт та қайта қаралмақ. Мысалы, аудан әкімдерін сайлаудан бас тартылуы мүмкін. Саланы тағы қандай өзгерістер күтіп тұр?

Әкімдерді сайлау – мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңыз­ды қадам болды. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің өңірдегі ұс­ты­ны саналады. Сондықтан мемлекет орын­сыз асығыстыққа бой алдырмай, бес жыл ішінде бұл институтты біртіндеп қа­лып­тастырды. Бүгінде еліміз бойынша 2 334 ауыл әкімі халықтың тікелей дауыс беруі арқылы мандат алды. Олардың ор­та­ша жасы – 43 жас. Жаңа сайланған әкім­дер­дің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қыз­метте болмаған азаматтар. Ең бастысы, олар жергілікті тұрғындар арасынан сай­лан­ғандықтан, жұртының мұң-мұқтажын, ту­ған жерінің шешімін таппаған түйт­кіл­де­рін жақсы біледі.

Билік тармағының төменгі буынын­дағы бұл жаңару – қоғамдағы мери­ток­ратия қағидатының өрге басуының жар­қын көрінісіне айналды. Ауылдағы сай­лау партиялардың аймақтағы жұмысына тың серпін берді. Саяси ұйымдар жай ғана бақылаушы болып қалмай, нақты үміт­кер­лерін ұсынып, сайлауға белсене араласты. Сая­си партиялар мен қоғамдық ұйым­дар­дың 1 500-ден астам өкілі әкім болып сай­лан­ды. Жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті. Бұл – саяси бәсекенің нақты алаңы ауылға көшкенінің дәлелі.

Сайланған әкімдердің жұмысына жа­бық аудит жүргізілген, қорытындысы жо­ға­рыға берілген. Мемлекет басшысы «жал­пы нә­ти­же жаман емес деуге болады» деген ше­шімін айтты. Бұл пікірін Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жыл соңында, 28 қара­шада ұйымдастырылған ауыл әкімдерінің диалог-платформасында жариялағаны мәлім. 

– Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұ­мыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауыл­дың болмысын, ауылдағы ағайынның өмі­рін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. Ауыл-аймақтың дамуына бөлінген бюджет қаражаты да тиімді игеріле бастады. Ауылдардың кірісі көбейді, мемлекет бере­тін қаржы-дотацияға тәуелділік азайып ке­ле­ді. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәй­кес ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкім­деріне сенетіні анықталды. Бұл – өте жақ­сы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкім­дерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жал­ғасын табады, – деді Қ.Тоқаев. 

Тоқтатқан, әлде түлеткен жөн бе?

Ауыл деңгейіндегі табысты тәжірибеге қара­мастан, аудан деңгейіне қатысты көз­қарастар қақ жарылып тұр. Аудан әкімдерін сай­лау сынағы осымен тоқтатылуы мүмкін. Бұл бастаманы бірқатар қоғам қайраткері, сон­дай-ақ Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мар­­­­хабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. Олардың пікірінше, аудан мен қала әкімдерін сайлаудың қажеті жоқ. Бас­­та­машылардың дәйектемесі келесідей: елде сайлау тым көбейіп кетті, жұрт саяси нау­қандардан әбден мезі бола бастады. Сай­лау машақаты жергілікті жерде жүр­гі­зілу­ге тиіс нақты жұмыстар мен шаруаға ке­дергі келтіруі мүмкін деген де пікірлер ал­ға тартылды.

Жаңа Ата заңда аудан әкімдерінің сайланатыны нық көрсетілмеді. 15 нау­рызда өткен референдумда қабылдан­ған Конституцияның 87-бабында тек: «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тиісінше облыстың аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе рес­публикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының келісімімен Республика Президенті қыз­мет­ке тағайындайды. Өзге әкімшілік-ау­мақ­тық бірліктердің әкімдері заңда ай­қын­далатын тәртіппен қызметке тағайында­ла­ды немесе сайланады, сондай-ақ қыз­ме­ті­нен босатылады», – деп атап өтілген. 

Орталық сайлау комиссиясы берген ақ­­паратқа жүгінсек, 2025 жылдың қоры­тын­­­­дысында елде 7 аудан және 1 облыс ор­та­лығының әкімдерінің сайлауы ғана өтті. Атап айтқанда, Абай облысының Жаңа­семей, Көкпекті аудандарының және Семей қаласының, Ақмола облысының Зерен­ді ауданының, Алматы облысының Райым­бек ауданының, СҚО-ның Қызыл­жар ауданының, Қызылорда облысының Қазалы ауданының, Түркістан облысының Сайрам ауданының әкімі сайланды. 

Ортсайлаукомның мәліметі бойынша 2025 жыл қорытындысында Қазақстан бойын­ша ауыл әкімдерінің 914 сайлауы өт­ті. Ауылдықтар тікелей ықтиярын білдіру ар­қылы таңдап алған 914 әкімнің 811-і не­ме­се 88,7%-ы – ерлер, 103-і немесе 11,3%-ы ғана – әйелдер. 

Әкімдер 13 ұлттың өкілі саналады. 897-і немесе 98,1%-ы – жоғары білімді, 17-і не­месе 1,9%-ы арнайы орта білімді. Сай­лан­ған әкімдердің орташа жасы 45-ті құрайды. 653 әкім немесе 71,4%-ы алты саяси пар­тия­ның мүшесі: «Ауыл» ХДПП (11), «Ақ жол» ҚДП (6), ҚХП ҚБ (7), «Respublika» пар­тиясы ҚБ (9), «Қазақстанның «Байтақ» жа­сылдар партиясы» ҚБ (2), «AMANAT» пар­тиясы (618). 261 әкім өзін-өзі ұсыну ар­қылы жеңіске жетті. 

Тас – түскен, салық – тапқан жеріне

Қаржылық еркіндік – ауыл қауқарының ке­­­­пілі. Осы орайда Мемлекет басшысы бір маңызды мәселеге назар аудартқан-тын: жер­гілікті өзін-өзі басқару бюджетіне бү­гін­де тиісінше қаражат бөлінбейді. Көп­те­ген кәсіпорын ауылдық округтерде пайда та­­­бады, егін егеді, мал өсіреді, зауыт-кәсіп­ор­нынан кіріс көреді, жергілікті тұрғын­дар­дың еңбегін қолданады. Бірақ салықты өз­дері тіркелген аудан немесе қала бюд­же­тіне төлейді. Сондықтан Президент Үкі­мет­ке бұл істе теңгерімді тәсілді қолдану мүм­кіндігін қарастыруды жүктеді.

– Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни, «са­лықты жұмыс істейтін және табыс та­батын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жер­де қалуға тиіс, – деді Тоқаев. 

Жалпы, 2018 жылы бюджеттің төртінші дең­гейі енгізілгелі оның кірістерінің оң ди­намикасы байқалады: 2018 жылғы 129,2 млрд теңгеден 2024 жылы 379,9 млрд тең­ге­ге дейін өсті. Ауылдардың төл кірістері 32,2 млрд теңгеден 112,2 млрд теңгеге дейін, ал өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі – 24,9%-дан 29,5%-ға дейін артты. Сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, өсімге қара­мастан ауылдық округтердің бюд­жет­тері бәрібір трансферттерге тәуелді болып қал­ды. 

– Нақты кіріс базасы ауылдық округ әкім­деріне беріліп жатқан өкілеттіктер шы­ғысына сәйкес келмейді. Жергілікті дең­гейге қазірдің өзінде 19 функция бекі­тіл­ген. Оның ішінде жолдарды күтіп ұстау, кө­шелерді жарықтандыру, санитарлық жағ­дай, абаттандыру, көгалдандыру, сумен жабдықтауды ұйымдастыру, әлеуметтік кө­мек, мәдени-демалыс қызметі, халықты жұ­мыспен қамту, жайылымдық инф­ра­құры­лым және бюджеттік және бейіндік заң­дарда көзделген басқа да бағыттар бар. Алай­да функцияларды беру көбіне жеткі­лік­ті қаржы ресурстарын берумен қатар жүрмейді, – деді сенатор. 

Салдарынан әкімдер бірінші ке­зек­тегі мәселелердің өзін кеш шешуге, олар­ды қалдық қағидаты бойынша қар­жы­лан­дыруға немесе аудан-қала, облыс жаққа үне­мі қол жайып, қолдау сұрауға мәжбүр. Іс жүзінде бұл тіпті ресми түрде берілген өкі­­­­­леттіктердің толық көлемде іске асы­рыл­­мауына әкеп соғады. Б.Орын­ба­саров­тың пайымдауынша, бұл әкімдерді сайлау инс­титутына деген сенімге селкеу түсірді жә­не жүктелетін жауапкершілік пен нақты мүм­кіндіктер арасындағы айқын теңсіздікті ту­дырды.

Мың міндет, жүз жауапкершілік

Сенатты бұл бағыттағы жұмыстар тура­лы хабардар еткен Үкімет бас­шысы қазір кешенді тал­дау жүргізіліп жат­қанын жеткізді. Оның қо­рытындысында облыстық маңызы бар қа­лалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округ­тер әкімдерінің функциялары өзектілен­ді­рі­­ліп, оңтай­лан­дырылады. Мұның сы­р­тын­­да қайталанатын не оларға тән емес фун­кциялар алып тас­тал­мақ.

Әкімдер өзіне жүктелген, бірақ тікелей жұ­мысына қатысы шамалы кейбір жанама фун­кцияны алып тастауды сұрады. Мы­са­лы, ауылдасы түрмеден босап келсе, ауыл бас­шысының өзі оған бас-көз болуға тиіс. Не­месе ауылда фельдшерлік пункт бол­ма­са, ауырған тұрғындарды әкімдер қызметтік кө­лігімен жақын ауылдық округке, не ау­дан-қалаға апарып, әкетуі қажет. Кейбір ауыл­да бос қалған үйлерді тұрғындар заң­сыз иемденіп алып, көшіп келген туыс-ту­ға­нын кіргізе қояды екен. Немесе иесіз ғи­маратта балалар ойнайды, маскүнемдер, на­шақорлар жайлайды. Сонда заң мен тәр­тіпті орнату, қаңыраған үй-жайды оқшау­лап, қауіпсіздендіру де әкімдерге жүктеліп жататын көрінеді. 

Олжас Бектеновтің хабарлауынша, тал­дау шеңберінде ауыл мен ауылдық округ әкімдерінің құзыретіне жатпайтын 11 функ­­­­­­цияны алып тастау ұсынылды. Оның ішін­де қылмыстық-атқару жүйесі меке­ме­лерінен босап шыққан және пробациядағы адамдардың жұмысқа орналасуына жәр­демдесу, жекелеген әкімшілік құқық­бұзу­шы­лықтарды қарау, денсаулық сақтау ұйым­­дарының стационарларында жатқан нау­қастарды тұрғылықты жеріне тасы­мал­дау­ды ұйымдастыру және басқасы бар. Әкім­ді «әмбебап жұмысшыдан» «тиімді ме­неджерге» айналдыру үшін оны мой­нын­дағы артық жүктен арылту маңызды.

Айта кеткен жөн, бүгінде ауылдық ок­руг­тердің бюджеттері 25 түрлі салықтық жә­не салықтық емес түсімдер, сондай-ақ ау­дандық бюджеттен берілетін транс­ферт­тер есебінен қалыптастырылады. 2025 жыл­дың қорытындысы бойынша ауылдық дең­гейдегі бюджеттерге іс жүзінде 442,3 млрд теңге түскен, оның ішінде меншікті кіріс­тер 147 млрд теңгені немесе бюджеттің жал­пы көлемінің 33,2 %-ын құрады.

Қазір 2025 жылғы түсімдерге әрбір ауыл­дық округ бөлінісінде талдау жүргізіліп жа­тыр. Кіріс базасын кеңейту үшін 2026 жыл­дан бастап кең таралған пайдалы қаз­балар, жерасты сулары мен емдік бал­шықтар бойынша пайдалы қазбаларды өн­ді­ру салығы ауылдық округтердің бюд­жеттеріне берілді. 

Сондай-ақ жұмыс тобы жекелеген са­лық­тық түсімдерді, оның ішінде заңды тұл­ғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік са­лығын (50%-ына дейін), қызметтің же­­­ке­леген түрлерімен толық көлемде ай­на­лысу құқығы үшін лицензиялық алымды IV деңгейдегі бюджетке беру мәселесін пы­сықтап жатыр. Осы түзетулерге қатысты Үкі­меттің қорытындысы Президент Әкім­шілігіне келісуге жіберілген. Аталған түзе­ту­лер қабылданса, ауылдық округтердің бюд­жеттеріне 240 млрд теңгеге жуық қо­сым­ша түсімдер түседі. 

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау институ­ты жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне тың серпін беріп, билік пен халық арасындағы се­німді нығайтудың тиімді құралына ай­нал­­ды. Алайда әкімдерді «әмбебап жұмыс­шы­дан» белгілі бір бағыттағы нақты нә­ти­жеге бағдарланған «тиімді менеджерге» айналдыру үшін артық функционалдық жүк­темеден арылту – уақыт талабы. Іс-қи­мылдағы дербестік қаржылық тәуел­сіздікпен ұштасса, ауыл экономикасының берекесі кірмек.

Елдос СЕНБАЙ