Жұртты өзіме қарата жаутаңдатып қою әдісін біршама меңгердім. Әйелімнің атына тіркеген бизнесімді енді жау алмайды. Биік мінберлерден сөйлеп, биік астаулардан жем жеп жүрмін. Күнбағыстарым маған қарай иіліп тұрады. Мен оларға қарап бұйырып тұрамын.
Енді ешкімге сыр шашып қоймаңыздар, бұл депутат дегеніңіз барып тұрған майхана екен. Шайхана десе де болады. Әкімдіктегілердің тілін тапсаңыз, тендер біткен сенікі. Айтпақшы, тендер беруге көмектескен адамға «шляпа» беріп қоясыз. Бұл – жанбағыс деген амалы-мыздың анықтамасы.
Енді депутат болып, оның үстіне кәсіпкер болып тұрып Айды аспанға шығарып жүрмесең, нең депутат? Саған да біреу сыртыңнан сүйсіне қарап тұруы керек емес пе? Не амал істесем екен?
Осы біздің қазақ деген халық бар ғой, данышпан! «Атың шықпаса жер өрте» дейді. Ойбай-ау, жер өртеп нем бар? Сол күні-ақ полицейлер келіп, қолымды артыма қайырып түрмесіне жаппайды ма? Менің депутаттық мандатыма қарайды дейсің бе? Ендеше не істеуім керек?
Таптым! Бір әріптесіміз жүріп-жүріп отызға келгенде үйленетін болды. Сірә, «отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қыр аспайсың» дегенді сайтан құлағына сыбырлады-ау деймін. Осы әріптес достың беташарыңда жұртты таңғалдырудың орайы өз-өзінен келіп тұр емес пе? Жиналғандар ауыздарын ашып, көздерін жұмып таңғалғандарынан талып қала жаздайтын бір көрініс қойсам ғой, қатып кетпейді ме? Сонда менің депутат атыма Атымтай Жомарт атым үстемеленбейді ме? Әй, өзім де қумын ғой. Дереу іске кірістім.
Сол күні төсқалтамды, жанқалтамды теңгелерге толтырып, беташарға алшаң басып бардым. Беташатын жігіт қолына оқтауын, жо-жоқ, домбырасын алып, беташарды әуелетіп бастап кетті. Ортадағы банкіге әркім саусағының арасына қысып қана әкеліп, бірдеңе тастап жатыр. Мына біреу жомарт екен, он мың теңге тастады. Қарай гөр! Мынаусы қайтеді-ей! Не тастап жатыр? Е, бес жүз мың теңгелік екен ғой. Бәсе, неге бүгежіктеп еді деп едім. Әй, мына біреудің ортаға ойқастап шыққаны несі? Сірә, доллар тастайтын шығар. Жоқ, бұл да қатырмады. Түйедей тайраңдап шыққанына қарағанда, кемінде жүз доллар тастайтын шығар деп ойлап едім, бір уыс бүктелген бірдеңе тастап жөнеп берді. Сірә, жомарт көрінгісі кеп кетті-ау деймін.

Жомарттықтың көкесін мен көрсетейін бұларға. Атым аталғанда ортаға асықпай маң-маң басып шықтым. Мына қалтамнан да, ана қалтамнан да бума-бума теңгелерді алып шығып, біртіңдеп санап тұрып банкіге салып жатырмын. Жиналғандар талып қала жаздады. Бет ашып тұрған жігіттің банкіге түсіп жатқан теңгені санаймын деп ауызы көпіріп кетті. Ал бейнежазбаға түсіріп тұрған оператор жігіт шайқатылып құлап қала жаздады. Айнала ысқырық, қол шапалақтауға толып кетті. Еліріп, билеп жүргендер көбейді. Жер тепкілеп, айқайға сүрең қосушылар көбейді. Соларға елітіп қалдым-ау сірә, мен де желіге түстім. Теңгені әуелете көтеріп, бұрқырата шашып, банкіге тастап жатырмын.
Бір кезде қарасам, мекемеміздегі жұмысшыларға тарататын 25 миллион теңгені түгел банкіге тастап жіберіппін. Енді айтпау керек, айтқан соң қайтпау керек. Банкіге түсіп кеткен теңгені қайтып ала алмайсың. Алсаң ұятты боласың. Депутат басыңмен ұятты болған қандай жаман! Құрысын! Бетті бастым. Ортадан тұра қаштым.
Тегі, 25 миллион деген мен сияқты кәсіпкерге не тұрады? Бастысы, беташарға жиналғандарды бір таңғалдырдым. «Әншейінде қалтасында осынша қаржы жүрсе, мықтағанда қалтасынан қанша теңге шығар екен?» деп қыз-келіншектер қырылып қала жаздады. Маған керегі де осы!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
