– Блогер бауырлар! Бәріңіз де білесіздер, бүгінде қоғамдық бірлестіктер озып тұр. Олар алмаған атақ қалмады. Мемлекет бізге келгенде үнсіз қалады. Неге? Өйткені оларға біздің дауысымыз жетпей жатыр, – деп Бүлдіргі ентігіп барып, алдындағы бөтелкеден бір стақан су алып ішті.
– Неге? Әкімқаралар блогер десе індеріне кіріп кетеді емес пе? Сіз бұлай блогерлердің қадірін түсірмеңіз. Ана жолы шуақты жақтағы бір қаланың әкімі Астанада баспасөз мәслихатын өткізгенде жанына блогер бауырын ерте барып, жан-жақтан аш қасқырша талаған журналистерден арашалап қалған жоқ па еді? Мұны қайда қоясыз? – деп бір бұрыштан блогер бұралаңдап тұрып еді, оны Бүлдіргі суық сөзбен жасқап тастады.
– Иә, қоғамда блогерлердің беделі артып келеді. Оған күмәніміз жоқ. Бірақ мәселе басқада.
Залдан біреу айқай салды.
– Ашып айтсаңызшы, басқада болғанда неде?
– Әй, тағат деген бар ма сенде?
– Сағат дедіңіз бе? Иә, барлығымыз жетісіп отырған жоқпыз. Уақыт тығыз. Бір әкімді қорқытып, бірдеңесін алуым керек еді, асығып отырмын. Сіз шақырды деген соң...
– Енді келген екенсің. Шыда. «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді білмеуші ме едіңіз?
– Сары алтының болса, шыдайық енді.
– Ал, халайық! Картаны ашайық. Расында, ат басындай алтынымыз бар.
– Бәрекелді!
– Міне, азамат!
– Басшы болсаң, осындай бол!
Бүлдіргі алдындағы стақанды қаламмен ұрғылап көріп еді, жиналғандар басылмады. Сосын үстелді жұдырығымен қойып қалды. Дабырласып отырғандар тына қалды.
– Блогер бауырлар! Бүгінде осы екінің бірі, егіздің сыңары атақ алып жатыр. Біз неге атақтан жұрдаймыз? Біреулер бізді бәлеқор дейді. Біреулер парақор дейді. Енді бұған жарнама жасап, бастары бәлеге шатылған әріптестеріміз кінәлі. Бір әріптесіміз полицейлерге соқтығамын деп сотты болайын деп жатқанға ұқсайды. Бәлесінен аулақ. Бізге жұрт сияқты жарқырап жүретін абыройлы атақ керек. Қалам ұстағандардан қай жеріміз кем? Сөз құрай алмасақ та, «без» құрай алатын өнеріміз бар. Қане, қандай ұсыныстарыңыз бар? Бізге қандай атақ лайықты? Өкіметке хат түсіреміз.
Бүлдіргі Былықбаев орнына отырар, отырмас жиналғандар жамырап кетті.
– «Беделді блогер»!
– «Елге еңбегі сіңген блогер»!
– «Еліміздің аса мәртебелі блогері»!
– «Құрметті блогер»!
– «Бақытты блогер»!
– Меніңше, «Ел аузындағы блогер» деген олқы болмайтын сияқты.
Төраға орнынан тұрып, келгендерге қарады. Маңғазданып жан-жағына көз салды. Сосын мойнын түйеше созып:
– Бауырлар! Меніңше, жақсы ұсыныстар түсті. Осы жиыннан хаттама түзіп, жоғарыға жібереміз. Ұсынысымызды қабылдаса, атақ-даңқтан біз де құралақан қалмаспыз. Біз кімнен кембіз? – деді көзі жасаурап.
Жиналғандар жапатармағай орындарынан тұрып, ду қол шапалақтады. Біреулері еңкілдеп жылап жіберді. Оған Бүлдіргі де қосылды.
Несі бар, таяу күндері көшелерден кеуделеріне «Беделді блогер», «Құрметті блогер» деген төсбелгілер таққан жандарды көрсек, таңғалмаймыз енді.
Ал сізге қандай атақ керек?
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
