Кездесу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірқатар мәселені көтерді.
Қоғамдық кеңес ЭКСЖ жобаларындағы қазақстандық қамту ауқымын бақылауды күшейтуге шақырды
242
оқылды

Қарағанды облысында Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында кеңес мүшелері ЭКСЖ жобаларындағы қазақстандық қамтуды бақылауды күшейтуге шақырды.

Отырыс алдында қатысушылар Теміртау мен Қарағандыдағы нысандарды аралады. Олар Теміртауда жаңартылған жылу магистралін тексеріп, тағы бір учаскедегі жұмыс барысымен танысты. Қарағандыда делегация «Қарағанды Су» ЖШС-нің су тазарту кешеніне және сорғы станциясы бар М2 жылу магистраліне барды.

Кездесу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Талқылауға Қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, «Өңдеу өнеркәсібі одағы» ЗТБ атқарушы директоры Әсел Даңғылова, сондай-ақ қоғам қайраткері, еңбек сіңірген энергетик Петр Своик қатысты.

Қазақстандық қамту бойынша талаптарды сақтауға ерекше назар аударылды. Әселі Даңғылованың айтуынша, іс жүзінде осы нормалардың орындалуын бақылаудың нақты тетігі жоқ.

«Қазақстандық қамту бойынша нормалар қарастырылған. Дегенмен, оларды бақылау тетігі қосымша пысықтауды талап етеді. Бұл көрсеткішті қадағалауға жергілікті атқарушы органдар мен мердігерлік ұйымдар деңгейінде жүйелі тәсілді қамтамасыз ету маңызды», - деді ол. 

Оған жауап ретінде жергілікті атқарушы орган өкілдері аталған бағыт бойынша бақылаудың күшейтілген режимде жүргізілетінін хабарлады.

Сондай-ақ отырыста Теміртау және Қарағанды қалаларының әкімдері Ғалым Әшімов пен Мейрам Кожухов, сонымен қатар Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Анар Байтүкенова баяндама жасады.

Отырысты қорытындылай келе, Қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенбай Тұрғанов жобаларды іске асырудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Мәселен, 2026 жылға арналған жұмыстардың егжей-тегжейлі кестесін ұсыну және реконструкциялау барысы туралы тұрақты түрде ақпараттандырып отыруды қамтамасыз ету ұсынылды.

Еске салайық, 2025 жылы Қазақстанда 8 табиғи монополия субъектісі тозу деңгейі бойынша «қызыл аймақтан» «сары аймаққа» өтті. 2026 жылы тағы 8 кәсіпорын бойынша осындай өзгерістер болады деп жоспарланып отыр.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасып жатыр: ел бойынша 2026 жылы 7,124 км электр, 135 км жылу, 200 км сумен жабдықтау және 98 км су бұруды қоса алғанда, 7,6 мың км желіні жөндеу жоспарланып отыр.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.