Абай облысының әкімі Берік Уәли жолдаған «кітап аманатын» Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ресми түрде қабылдап алды.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы ұлттық әдебиетті ұлықтап, елді біріктіріп жатыр
316
оқылды

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында басталған игі дәстүр жаңа серпін алып, еліміздің барлық өңірін қамтитын ауқымды қозғалысқа ұласты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Абай облысының әкімі Берік Уәли жолдаған «кітап аманатын» Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ресми түрде қабылдап алды.

Өткен аптада Абай облысының әкімі Қазақстанның халық жазушысы  Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын жолдаған еді. Іс-шараның маңыздылығы сол, дәл бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай «Хабар» арнасының таңғы тікелей эфирінде аталған шығарма бойынша арнаулы сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген көрерменге бағалы сыйлық табыс етілді. Бұл жолғы марапат Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылының тұрғыны Қызырхан Құндызға бұйырды.

Рухани үрдісті жалғастыру мақсатында сөз алған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінің тумасы, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» кітабын ұсынып, келесі «кітап аманатын» Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға жолдады.

Көрермендер назарына: Келесі жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында «Хабар» арнасының таңғы эфирінде Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша викторина өтеді. Жеңімпазды тағы да бағалы сыйлықпен марапатталады.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы - жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қазақ қаламгерлерінің еңбегін ұлықтауды және ұлттық әдеби мұраны дәріптеуді көздейтін бірегей бастама.