Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында көлік саласындағы инклюзивті саясатты жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Оның айтуынша, Инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында көлікке қолжетімділікті қамтамасыз ету үш негізгі бағыт бойынша жүруде, олар – инфрақұрылым, көлік және қызмет көрсету.
Теміржол көлігінде құрамдардың шамамен 90%-ы көтергіштермен және арнайы купелермен жабдықталған. 2030 жылға қарай әр құрамда кемінде бір мамандандырылған вагон болмақ.
Вокзалдарды реконструкциялау жөніндегі үлкен бағдарлама шеңберінде осы мақсаттағы қажетті элементтер көзделген, олар – пандустар, лифттер, көтергіш құрылғылар, сондай-ақ кассалық аймақтар мен санитарлық үй-жайлар қайта жабдықталмақ.
Авиация саласында әуежайлардың қолжетімділік деңгейі артып келеді. Олар ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетудің негізгі шарттарымен қамтамасыз етілген.
Автомобиль көлігінде инклюзивтілік деңгейін кезең-кезеңімен арттыру жолға қойылған. Автовокзалдар мен автостансалардың шамамен 80%-ы, қалалық автобустардың 79%-ы қолжетімділік талаптарына сәйкес келеді.
Инватакси жүйесі де дәйекті түрде дамып келеді. Мұндағы автопарк 30%-ға ұлғайып, 1 426 бірлікке жетті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
