Алдыңғы топта қарасы көрінген шығармалар қатарында «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмедидің «Ойлан, қазақ» романы бар. Үздік алтылыққа енген туындының авторымен «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің редакциясына келіп, сүйінші жаңалығымен бөліскен еді.
– Жазушы болу бала арманыңыз ба еді?
– Бұл менің алтыншы кітабым. Жазушылыққа қызығушылығым бала кезімнен басталды. 9-10 жасымнан бастап өлеңдер, ертегілер және әртүрлі әңгіме жаза бастадым. Кейін 11-сыныпта мақалалар жазуға ден қойдым. Тіл, патриотизм, ономастика және өзге де саяси тақырыптардағы мақалаларым жарық көрді. 2017 жылдан бастап әртүрлі бағытта кітап жазуға кірістім.
Алғаш «21 ғасыр шешені. 77 кеңес» атты қазақ тіліндегі заманауи шешендік өнерге арналған шағын кітабым жарық көрді. 2019 жылы «Билік. Көлеңкедегі уәзір» атты көркем шығарма жаздым. 2023 жылы «Qazaq Батыр» («Капитан Qazaqstan») суперқаһармандық бағыттағы комиксім жарық көрді. Ал 2024 жылы «2029: Жасанды интеллект диктатурасы» атты ғылыми-фантастикалық туындымды жаздым. Бұл кітап қазір тек ағылшын тілінде Amazon платформасында сатылымда. Қазақша нұсқасы да алдағы уақытта жарық көруі мүмкін.
Жаңа кітабымның орны бөлек – бұл мүлде басқа бағытта, жаңашыл форматта жазылған туынды. «Ойлан, қазақ» романының идеясы 2023 жылы пайда болды. Сол кезде 50-60 жас шамасындағы, өміріне көңілі толмайтын, тағдырынан түңілген адамның ішкі күйі туралы жазсам деген ой келген еді. Екі жыл бойы ойланып-толғанып, түрлі тұжырымдаманы қарастырдым. Қалай жазамын, не туралы жазамын деген бағытты нақтылап, жоспар құра бастадым. Тіпті, шығарманың мақсаты, басталуы мен аяқталуы да ойымда айқындалып тұрды. Бірақ бірден іске кіріскен жоқпын. Өткен жылдың мамыр айына қарай нақты шешімге келгендей болдым. Ал былтыр 10 шілдеден бастап биылғы 18 ақпанға дейін, яғни жеті айдан аса уақытта кітапты толық жазып шықтым.
– Кітаптың негізгі мазмұны, ойы қандай, білсек бола ма...
– «Ойлан, қазақ» романы – бүгінгі Алаш баласын ойландыратын әрі мотивация беретін экзистенциялық туынды. Шығармада кең әрі терең тақырыптарды қаузадым. Роман бас кейіпкердің ішкі монологы арқылы өрбиді.
Біріншіден, туындыда ұлттық тәрбие, тарихи тізбек пен сабақтастық, әділеттілік пен адалдық, әке мен бала арасындағы байланыс, отбасылық құндылықтар аясындағы рухани һәм пәлсапалық тақырыптар көтерілген.
Екіншіден, психологиялық, нақтырақ айтқанда, экзистенциялық дағдарыс пен диссоциативті бұзылыс, яғни тұлғаның екіге жарылуы мәселелері қозғалған. Бұл тақырыптар кезінде Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесі мен Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романының өзегіне айналған.
Үшіншіден, қазақ әдебиетін XXI ғасыр үрдістерімен үндестіру мақсатында романда жасанды интеллект пен виртуалды уақыт мәшинесі тақырыптары көрініс табады.
Мақсат – бір кейіпкер мен локальды оқиға арқылы ұлтымыздың қазіргі хал-ахуалын бейнелеу. Кітапта тарихи тұлғаларды тікелей атамай, тұспалмен бердім: Абайды – бас ақын, Ахмет Байтұрсынұлын – ұлт ұстазы, Абылай ханды үш жүздің басын қосқан қаған ретінде сипаттадым. Бұл тәсіл оқырманды тереңірек ойлануға жетелейді. Сонымен қатар негізгі сюжетпен қатар әл-Фарабиден бастап, Өзбекәлі Жәнібек пен Дінмұхамед Қонаевқа дейінгі тұлғалардың тарихи сабақтастығы мен өнегесі қосымша желі ретінде өріледі. Осы арқылы бас кейіпкер Әділжан өз болмысын ұлттың ұлы тұлғаларымен салыстырып, рухани ізденіс жолына түседі.

Бас кейіпкер Әділжан өз өмір жолында өзін де, мақсат-мұратын да іздейді, ал мен сол арқылы ұлтымыздың бүгінгі жолайрықтағы күйіне жауап іздеуге тырыстым. Совет дәуірінде өсіп, сол кезеңнің тәрбиесін көрген Әділжанға ата-анасы адамгершілік пен әділдікті сіңіргенімен, ұлттық құндылықтарды, қазақылықтың терең мәнін дарыта алмады. Соған қарамастан, ол өз ұлдарын ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды. Осы сабақтастық арқылы шығармада Кенжеханның бастапқыда әкесіне қарсы болғанымен, кейін оның ұстанымының дұрыстығын түсінуі заңды көрінеді. Өйткені Тәуелсіздік кезеңінде дүниеге келген ол – ұлттық құндылықпен сусындап, тарихи тізбекке жалғанып, жыр-дастан мен ертегіні бойына сіңірген жаңа буынның өкілі.
– Кітап қалай жазылды және негізгі түйін не?
– Шығарманың түйінді ойы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген тұжырымына келіп тіреледі. Ал мінездің өзегі – ұлттық тәрбие. Кітапта кейіпкерлердің есімдеріне ерекше мән бердім. Мәселен, Әділжан, Жолсерік, Үміт, Кенжехан, Жандос сияқты символикалық мағынаға ие аттарды әдейі таңдадым. Сонымен қатар әр тарау мен бөлім атауларына да айрықша назар аудардым. Қысқа әрі нұсқа философиялық ұғымдарды – «Күнә», «Түзеу», «Жолайрық», «Шаңырақ» сияқты атауларды қолдандым. Ал туындының атауына келсек, ол жай ғана атау емес. «Ойлан, қазақ» деп ұлттың атын тікелей алу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан бұл атау кездейсоқ таңдалған жоқ, оның артында терең ой мен мақсат жатыр.
Мен Мейрамбек Бесбаевтың термелерін жиі тыңдаймын. Соның ішінде «Ойлан, балам» туындысын ерекше жақсы көремін. Неліктен? Өйткені бұл терменің мазмұны менің кітабымдағы Әділжан мен Кенжехан арасындағы қарым-қатынасты тереңірек ашып тұрғандай әсер қалдырады. Егер бұл туындым болашақта фильм немесе телехикая ретінде жарық көрсе, «Ойлан, балам» термесі саундтрек ретінде қолданылса, мен үшін үлкен қуаныш болар еді.
Бірде «Оян, қазақ» телехикаясын көріп отырғанымда, ойыма «Ойлан, балам» термесі орала кетті. Сол сәтте кітаптың атауы дүниеге келді – «Ойлан, қазақ». Жан жарым Айгерімге ойымды бірден айттым. Ол «Керемет атау!» деп қолдап: «Өйткені бұл кітап адамды басынан аяғына дейін ойлануға жетелейді», – деді.
«Mecenat.kz» әдеби сыйлығының ұйымдастырушыларының айтуынша, алдыңғы маусымдарда ғылыми фантастикаға сүйеніп роман жазуға тырысқандар болған, бірақ ол туындылар ойдағыдай шықпаған сияқты. Ал менің жұмысымда технология (жасанды интеллект, виртуалды әлем) негізгі сюжетке араласпай, тек фон ретінде берілген. Ұйымдастырушылар осы шешімді жоғары бағалады – технология оқиғаны көлегейлемей, керісінше, оның атмосферасын күшейткен.
Қазылар алқасының бірі кітапты «Болашақтың манифесі» деп бағалады. Оқырмандар да пікірлерінде осы тіркесті жиі атап өтуде. Сарапшылар арасында «қазақ оқырманын тек ойландырумен шектелмей, мотивация да беретін» деген оң бағалар айтылып жатыр.
Алғашқы таныстырылымды Көкшетау қаласында өткіздім. Себебі кітаптағы оқиға дәл осы қалада, яғни менің өскен жерімде өрбиді. Тағы бір символикалық байланыс бар. Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман – «Бақытсыз Жамал» шығармасының негізгі оқиғасы Саумалкөл жерімен байланысты. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты қазіргі Саумалкөл ауылы – менің туған жерім. Бұл туындыны «Оян, қазақ!» өлеңінің авторы Міржақып Дулатұлы Көкшетау өңірінде жүргенде жазғаны туралы тарихшылардың мәліметін оқыдым. Мен болсам, сол Саумалкөл топырағында дүниеге келіп, арада жүз он алты жыл өткен соң «Ойлан, қазақ» романын жазып отырмын.
Жалпы, бұл романның іргетасы бала күнімде, әжемнің қазақы тәрбиесінің арқасында қаланды десем артық болмас. Сонымен қатар бүгінге дейін халқымыздың тарихын, әдебиетін, мәдениеті мен дәстүрін, пәлсапасын оқып-зерттеуімнің нәтижесі де осы туындыда көрініс тапты. Ең бастысы, бұл шығарма – қазақ ұлтына, еліме, арда алты Алаш жұртына деген шынайы әрі шексіз махаббатымнан туған еңбек.
– Әңгімеңізге рақмет. Сәттілік серігіңіз болсын!
Сұхбаттасқан
Арай АСПАН
