Кездесу қазақстандық делегацияның АҚШ-қа сапары шеңберінде жоспарланған Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігінің тұсаукесеріне дайындық аясында өтті.
Серік Жұманғарин Вашингтонда Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті
133
оқылды

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вашингтонда Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен және Дүниежүзілік банк тобының өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесу қазақстандық делегацияның АҚШ-қа сапары шеңберінде жоспарланған Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігінің тұсаукесеріне дайындық аясында өтті.

Кездесу барысында Қазақстанның сенім, кәсіпқойлық және тұрақты дамудың ортақ міндеттемесіне негізделген қалыптасқан стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайтыны атап өтілді. 1993-2026 жылдар аралығындағы ынтымақтастық шеңберінде көлік, білім беру, экология, «жасыл» технология мен цифрландыру саласында $8 млрд-тан аса сомаға 50-ден астам жоба жүзеге асырылды.

Дүниежүзілік банк экономикалық реформаларды ілгерілетуде, инфрақұрылымды дамытуда, сондай-ақ елдің макроэкономикалық және фискалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруды жалғастыруда.

Серік Жұманғарин Қазақстанның соңғы шешуші реформаларының бірі – бюджет-салық реформасы болғанын, оның тиімділігі биылғы бірінші тоқсанның қорытындысымен расталғанын атап өтті.

Әріптестіктің 2026-2030 жылдарға арналған жаңа негіздемелік стратегиясында айқындалған ынтымақтастықтың басым бағыттары Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына сәйкес келетіні қаперге берілді. Олардың қатарында көлік және цифрлық байланыстарды дамыту, су және энергетика секторын жаңғырту, қаржы нарығын дамыту, жеке инвестиция тарту, климаттық күн тәртібін нығайту және жаңартылатын энергия көзін пайдалануды кеңейту бар.

Ағымдағы портфель шеңберінде екі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Олар:

– құны 1 182,5 млрд теңге болатын Қарағанды-Жезқазған автожолын қайта жаңарту (жүзеге асыру кезеңі 2025-2028 жылдар);

– қаржыландыруы шамамен $84 млн көлеміндегі «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы.

Сонымен қатар, көлік, энергетика, су ресурсы және цифрландыру саласындағы тағы сегіз жоба пысықталуда. Перспективалық бастама қатарында Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолын салу, Қазақстандағы теміржол қатынасы мен көлік байланысын трансформациялау және тағы да басқа жобалар қарастырылуда.

Табиғи монополиялардың 200-ден астам субъектісін жаңартуды көздейтін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына ерекше назар аударылды. Бұл еліміздің тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етудегі маңызды жобаның бірі.

Қазақстан экономиканы әртараптандыру, цифрлық трансформациялау және «жасыл» өсуге көшу күн тәртібін дәйекті түрде жүзеге асыруда. Осыған байланысты Дүниежүзілік банкпен, оның ішінде тұрақты энергетика, су ресурсын басқару, көлік логистикасы және инновациялық шешімдер енгізу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделілік білдірілді.

Антонелла Бассани Дүниежүзілік банк әріптестіктің негіздемелік стратегиясына енген барлық талқыланған жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.

«Теңізге шығатын жол жоқ болуына қарамастан, Қазақстан айтарлықтай әлеуетке ие бола отырып, тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Сонымен қатар, жаһандық өзгеріс бейімделу мен өнімділікті арттыруды талап етіп отыр. Біз елді инфрақұрылымға инвестиция салу арқылы да, реформаларды жүзеге асыру арқылы да қолдауға дайынбыз», — деді ол.

Сондай-ақ, энергетика мен су секторын жаңғырту бағдарламасының ынтымақтастықтың неғұрлым капиталды қажетсінетін бағытының бірі ретіндегі маңыздылығы атап өтілді. Бұл ретте Дүниежүзілік банк мемлекеттік қаржыландыруға ғана емес, жеке инвестиция тартуға да жәрдемдесуге ниетті.

Тараптар ағымдағы жылғы мамырда жоспарланған инфрақұрылымдық саладағы инвестициялық бағдарламаны талқылауды қосқанда, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге әзірлігін растады.