Соңғы кезде түрлі ұйымдар мен қауымдастықтар тарапынан берілетін төсбелгілер мен медальдардың саны артқан.
Депутат қоғамдық марапаттарды заңмен реттеуді ұсынды
www.istockphoto.com
157
оқылды

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды Үкіметке депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда қоғамдық марапаттарды құқықтық реттеу мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 

Депутаттардың айтуынша, соңғы уақытта қоғамда жалған бедел мен орынсыз марапатқа ұмтылу үрдісі күшейіп келеді. Әсіресе, түрлі ұйымдар мен қауымдастықтар тарапынан берілетін төсбелгілер мен медальдардың саны артқан. Бұл жағдай марапаттардың құндылығын төмендетіп, еңбекке негізделген әділ бағалау жүйесіне кері әсер етуде.

Сауалда нақты мысалдар келтірілген. Атап айтқанда, 2025 жылы  Qazaqstan ardagerleri  қоғамдық бірлестігі тарихи тұлғалардың атымен марапаттар табыстаған. Алайда олардың атауы мен дизайны мемлекеттік наградаларға ұқсас деп танылып, ұйымдастырушылардың бірі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Депутат қолданыстағы заңнамада «қоғамдық марапат» ұғымының нақты бекітілмегенін атап өтті. Соның салдарынан қоғамдық ұйымдар беретін марапаттар тиісті құқықтық бақылаудан тыс қалып отыр.

«Қоғамдық марапат ұғымын заңға енгізу, тарихи тұлғалардың есімдерін және жоғары мәртебелі атауларды пайдалануға шектеу қою, сондай-ақ марапаттардың атауы мен дизайнына міндетті сараптама енгізу қажет», – делінген  сауалда.

Оның пікірінше, бұл шаралар марапаттау жүйесінің әділдігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік наградалардың беделін сақтауға мүмкіндік береді.