Қазақстан паспорты Henley Passport Index жаһандық рейтингінде өз позициясын жақсартты. 2026 жылғы жаңартылған дерек бойынша Қазақстан 57-орынға көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Henley & Partners индексіне сәйкес, қазақстандық паспорт соңғы жылдары тұрақты түрде жоғарылап келеді. Енді қазақстандықтар 78 елге визасыз бара алады.
Мысалы, 2023 жылы Қазақстан 70-орында болса, 2024 жылы - 66-орынға, 2025 жылы - 61-орынға көтерілген. Ал 2026 жылы 57-сатыға дейін жетті. Осылайша 2,5 жыл ішінде ел 13 орынға көтерілді. Рейтингте Қазақстан Боливия мен Беларусьтен жоғары орналасқанымен, Косово мен Қытайдан кейін тұр.

Өңірлік салыстыруда Қазақстан ортаңғы деңгейде тұр. Қырғызстан мен Өзбекстан 73-орынды бөлісіп, олардың азаматтары 59 елге визасыз бара алады. Тәжікстан 79-орында (53 ел), ал Түрікменстан 87-орында (45 ел). Ресей 44-орынға тұрақтап, оның азаматтары 113 бағытқа еркін бара алады. Ал Беларусь - 58-орында, Әзербайжан 66-орында тұрақтады.
Рейтинг көшбасы Сингапурға бұйырған. Оның азаматтары 192 мемлекетке визасыз бара алады. Ал Жапония мен Оңтүстік Корея азаматтары 187 елге визасыз кіре алады.
