Тұрғын үйлер Алматы және Астана қалаларынан өтеусіз негізде берілді.
Президент табыстаған пәтерлерге жас ғалымдар қоныстанды
134
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында Ғылым қызметкерлері күніне орай 10 жас ғалымға пәтер кілтін табыстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тұрғын үйлер Алматы және Астана қалаларынан өтеусіз негізде берілді.

Бүгінде Алматы қаласында баспана алған жас ғалымдар толық жабдықталған пәтерлерге қоныстанып үлгерді. Қоныс иелері жасалған қолайлы жағдайлардың ғылыми және кәсіби қызметке алаңсыз көңіл бөлуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жас зерттеушілер өздерінің шынайы қуаныштары мен мемлекетке деген ризашылықтарын білдірді.

Ғалымдарды марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы ғылымның әлеуеті елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және халықаралық аренадағы беделін нығайтудың негізгі факторына айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, ғылым мен білімге инвестиция салған мемлекеттер әлемде алдыңғы қатардан көрінеді. Сонымен қатар Президент отандық ғылымның болашағы жаңа идеялар ұсынып, ел дамуына серпін беретін дарынды, мақсатшыл әрі зияткер жас буынның қолында екеніне тоқталды.

Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалым баспанамен қамтылды. Бұдан бөлек, олар үшін арнайы гранттар қарастырылған, сондай-ақ біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндіктері бар.

Жаңа пәтер иелерінің қатарында еліміздің жетекші ғылыми ұйымдарының өкілдері бар.

Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті Жылуэнергетика және физика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Мадина Құмарғазина Scopus халықаралық базасында жарияланған ғылыми еңбектердің авторы, сондай-ақ Қазақстанның 10-нан астам және бір Еуразиялық патенттің тең авторы. Оның зерттеулері энергия тиімділігі технологияларын дамытуға және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға бағытталған.

«Мұндай бастамалар болашаққа сенім ұялатып, ғылыми қызметке, жаңа технологиялар әзірлеуге және білікті мамандар даярлауға ден қоюға мүмкіндік береді», - деп Мадина Бақытжанқызы көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын атап өтті.

Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Физика-техникалық институтының ғылыми қызметкері, Электрохимия және ванадийлі ағынды батареялар зертханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Арман Өмірзақовтың ғылыми еңбек өтілі 15 жылды құрайды.

Ол халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланған 20-дан астам ғылыми еңбектің авторы, сондай-ақ Қазақстанның 8 патентінің тең авторы. Ғалымның зерттеулері энергетика саласындағы перспективалы бағыттарды, соның ішінде отын элементтері, микробатареялар және фотокаталитикалық материалдарды қамтиды.

Негізгі ғылыми бағыттардың қатарында жұқа қабықшалы қатты оксидті отын элементтерін зерттеу, сондай-ақ Nazarbayev University базасында литий-күкіртті микробатареяларды әзірлеу бар. Сонымен қатар ғалым ванадийлі ағынды батареялардың электролиттерін және суды тазарту мен сутегі өндіруге арналған фотокаталитикалық материалдарды зерттеумен айналысады.

Зерттеуші Erasmus+ бағдарламасы аясында Португалиядағы Авейру университетінде тағылымдамадан өтіп, халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға белсенді қатысады.

Философия, саясаттану және дінтану институтының Әлеуметтану орталығының жетекшісі, аға ғылыми қызметкері, PhD Шырын Тіленшиева мемлекеттік қолдау ғылыми қызметке жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Жеке баспананың болуы – бұл тек маңызды әлеуметтік қолдау ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулерді жалғастыруға және отандық ғылымның дамуына үлес қосуға зор ынталандыру», - деді ол.

Шырын Мұратқызының ғылыми еңбек өтілі 13 жыл, ол Scopus және Web of Science базаларына енген жарияланымдарды қоса алғанда 9 ғылыми мақаланың авторы, оқу құралының тең авторы және авторлық құқық иегері. Ғалым халықаралық және ұлттық ғылыми жобаларға, соның ішінде «Жас ғалым» бағдарламасы аясында қатысқан. Сонымен қатар ол International Society for Quality-of-Life Studies ұйымының білім беру грантының иегері және 2021-2025 жылдары осы ұйымның мүшесі болды.

Президент бастамасымен жүргізіліп отырған жас ғалымдарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді және елдің ғылыми әлеуетін тұрақты дамытудың маңызды факторы саналады.