Қазақстан дзюдо құрамасы соңғы дайындық кезеңін Астанада өткізді.
"Кішігірім жарақаты бар": Қытайда өтетін Азия чемпионатына дзюдошы Әбиба Әбужақынова қатыспайды
393
оқылды

16 сәуірде Қытайдың Ордос қаласында дзюдодан Азия чемпионаты жалауын көтереді. Сары құрлықтың үздік балуандары жиналатын байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы да жүлдеге таласып көрмек. Ұлттық құраманың балуандары және жаттықтырушы-кеңесші Роберт Мшвидобадзе Olympic.kz сайтына берген сұхбатында дайындық жайлы айтып, жарыс алдындағы басты мақсат туралы атап өтті.

Қазақстан дзюдо құрамасы соңғы дайындық кезеңін Астанада өткізді. Енді отандастарымызды Азия құрлығының мықтылары жиналатын дүбірлі дода күтіп тұр. Айта кетерлігі, Ордоста өтетін біріншілікте ұлттық құраманың бірнеше көшбасшысы өнер көрсетпейді. Толық тізім келесідей:

Ерлер

60 кг дейін: Шерзод Давлатов, Аман Бақытжан

66 кг дейін: Нұрқанат Серікбаев

73 кг дейін: Есет Қуанов

81 кг дейін: Абылайхан Жұбаназар, Әділет Алмат

90 кг дейін: Айдар Арапов

100 кг дейін: Нұрлыхан Шархан, Марат Байқамұров

Әйелдер

48 кг дейін: Диана Бүркеева

57 кг дейін: Дана Әбдірова, Бақыт Құсақбаева

63 кг дейін: Эсмигүл Куюлова, Самалай Ерғалиева

70 кг дейін: Ажар Асхат

78 кг дейін: Аруна Жангельдина

+78 кг: Ақерке Рамазанова, Аида Тойшыбекова

"Команданың дайындығы жоғары деңгейде. Спортшыларымыздың барлығы сақадай-сай дайын. Жаттығуда аянбай еңбек етуде.

Бұл біріншілік –  Олимпиада және Азия ойындарына дейінгі дайындықтың бір бөлігі. Сондықтан қандай да бір маңызды мақсат қойып отырған жоқпыз. Дегенмен балуандардың жеңіске жеткені маңызды. Сосын әрі қарай көре жатармыз.

Белгілі бір салмақта осы балуан медаль алады деп кесіп айту қиын. Өйткені, барлығының медаль алуға күші жетеді. Бірақ бұл олардың өзіне деген сенімі мен психологиялық жағдайына байланысты. Ал жалпы команда 100 пайыз дайын",  деді жаттықтырушы-кеңесші.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сары құрлық біріншілігіне көшбасшылар қатыспайды. Бұл туралы Роберт Мшвидобадзе атап өтті. 

"Әбиба кішігірім жарақатына байланысты бұл жарысқа қатыспайды. Сондай-ақ Ғұсманға аздап тынығып, толық қалпына келуі үшін демалыс бердік, оның да жеңіл жарақаты болды. Ал қалған балуандар құрамға өз күшімен енді. Олар халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, жаттығуда да барын салуда.

Мен үшін ең маңыздысы  тек жарыста емес, күнделікті дайындықта да өзін жақсы қырынан көрсете білетін спортшылардың болуы. Себебі дәл осындай спортшылар уақыт өте келе жоғары нәтижелерге жете алады", деді маман.

Дегенмен ұлттық құраманың сапы бірнеше тәжірибелі әрі жас та болса, өздерін жақсы қырынан көрсете білген балуандармен жасақталған. Олардың қатарында Дана Әбдірова бар. Бұрымды балуанымыз 2025 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Спортшы қазіргі деңгейі мен дайындығы жайлы пікірімен бөлісті.

"Жалпы, жыл басынан бері негізгі дайындық Азия чемпионаты, Азия ойындары, әлем чемпионатына бағытталды. Бірінші Азия чемпионатынан бастап жатырмыз. Бұл  ересектер арасында ең бірінші маңызды жарысым. Себебі жуырда жастар құрамасынан ауысып келдім.

Қазір жағдайым жақсы, жарақат жоқ. 57 келідегі бәсекенің деңгейі өте жоғары  бұл салмақта мықты спортшылар жиналған. Негізгі қарсыластарым  Өзбекстан, Моңғолия және Жапония балуандары.

Үлкен жауапкершілік артылып отыр. Қазақ елі көріп, қолдау білдіреді, сондай-ақ ата-анамыз бар. Ағайларымыз да үміт артып отыр. Бар күшімді саламын",  деді дзюдошы.

Сондай-ақ әйелдер құрамасының дзюдошысы Эсмигүл Куюлова жарыс алдында қандай бағытта шыңдалып жатқанын айтып берді.

"Дайындығымды жақсы деңгейде деп бағалаймын. Себебі жеке бапкеріммен күн сайын нақты қарсыластарға бейімделіп жаттығып, әдіс-тәсілдерді жетілдіріп, тактиканы пысықтап жатырмыз. Өз салмағымда қырғызстандық Адина Кочконбаева, өзбекстандық Маржона Нуриллоева секілді мықты қарсыластар бар.

Азия чемпионатына қатысатыным белгілі болғаннан кейін дайындық жоспары да өзгерді. Аустриядағы Гран-приде жеңіліп қалған соң, қысқа уақыт ішінде өзімді қолға алып, физикалық жағдайымды қалпына келтіріп, жарақаттарымды емдеуге көңіл бөлдім.

Жалпы, дайындық барысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Қазір бұрын жіберген қателіктерімді саралап, сол бағытта жұмыс істеп жатырмын",  деді Эсмигүл.

Турнирге қатысушылардың саны көп болмағанымен, тізімде әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлерін байқауға болады. Атап айтқанда, Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Ким Хаюн, Ким Джису (Оңтүстік Корея), Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ли Чонгюн (Оңтүстік Корея), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ли Хёнджи (Оңтүстік Корея), әлем чемпионатының қола жүлдегері Энкрильен Лхагватогоо (Моңғолия), Азия чемпионатының алтын жүлдегері Хорлоодой Бишрелт (БАӘ), әлем чемпионатының қола жүлдегері Шукуржон Аминова (Өзбекстан), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Эмомали Нурали (Тәжікстан), әлем чемпионатының қола жүлдегері Обид Джебов (Тәжікстан), әлем чемпионатының қола жүлдегері Махмадбек Махмадбеков (БАӘ) жүлдеге таласады.

Айта кетейік, Ордостағы (Қытай) Азия чемпионаты 18 сәуірге дейін жалғасады.