Ауылдық мектептің жобасы облыстық Білім басқармасымен келісіліп, кейіннен жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімдері тарапынан белгіленген тәртіппен бекітіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Оқу-ағарту министрлігі еліміздің 300-400 оқушысы шалғай ауылдарында 1 000-1 500 орындық үлкен мектептің салынбағанын жеткізді. Әсіресе, «Шығыс Қазақстан облысының ауылдық елді мекендерінде «Келешек мектептері» жобасы немесе өзге де бағдарламалар аясында 1 000–1 500 орындық мектептер салу фактілері тіркелмеген», – деп мәлімдеді министрлік.
Олардың мәліметінше, Абай облысы бойынша оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында «Келешек мектебі» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 1 ауысымда 3 000 орынға (2 ауысымда 6 000 орынға) 5 мектеп салу көзделген. Пилоттық жобасы аясында облыста 4 мектептің құрылысы аяқталды. Атап айтсақ, Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 1 200 орындық мектеп; Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп; Семей қаласының Водный кентінде 600 орындық мектеп; Аягөз қаласында 600 орындық мектеп. Жақында соның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу және іргелес аумақты абаттандыру жұмысы аяқталған. Оның төртеуінде 3 915 оқушы оқыса, 307 мұғалім жұмыс істейді.
– Семей қаласының Восточный кентінде 300 орындық мектебінің құрылысы аяқталды. Оқу үрдісі биыл жылдың 4 тоқсанында басталады. Онда 200 оқушы оқуы мүмкін. «Келешек мектептері» жобасы аясында облыстың ауылдық жерлерінде салынған білім беру ұйымдарының ең жоғары жобалық қуаттылығы 300 орынға дейін қарастырылған. Бірақ оларда жүзу бассейні қарастырылмаған, – деп жауап берген сауалымызға Оқу-ағарту министрлігі.
Ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 3 мың оқушы орнына арналған 7 заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілді. Олардың ішінде Глубокое ауданында 300 орындық №2 Белоусовка жалпы білім беретін мектебі және Опытное поле жалпы білім беретін мектебі берілді. Шемонаиха ауданында 300 орындық 1 мектеп салынған.
Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі Шығыс Қазақстан облысында ауылдық мектептің салу кезінде нақты елді мекендегі демографиялық жағдай мен оқушы санына байланысты айқындалатынын жеткізді.
– Жалпы, ауылдық елді мекендерде салынатын мектептердің жобалық шешімдері қолданыстағы құрылыс нормалары мен білім беру саласындағы талаптарға сәйкес әзірленеді. Мектептердің типтік жобалары мен қуаттылығы тиісті мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерінен өтеді. Сонымен қатар ауылдық жерлерде салынатын мектептердің жобалары облыстық білім басқармасымен келісіліп, кейіннен жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімдері тарапынан белгіленген тәртіппен бекітіледі. Осыған байланысты Абай облысының ауылдық елді мекендерінде «Келешек мектептері» жобасы немесе өзге де бағдарламалар аясында 1 000–1 500 орындық мектептер салу фактілері тіркелмеген, – делінген министрлік жауабында.
