Алғашқысы түркі жұртымен жақын қарым-қатынас орнатқан саясаткер ретінде есте қалды. Ендігі дауыстардың үштен екісі саналып болғанда, «Тиса» партиясының алға шыққаны, яғни Петер Мадиярдың жеңгені мәлім болып отыр. Жаңа басшының келуі Түркі әлемі мен Мажарстанның байланысын басқа арнаға бұруы мүмкін бе?
Елдік жолындағы мойындау
Сонымен, Мажарстандағы парламенттік сайлауда оппозициялық «Тиса» партиясы алға шыққаннан кейін көп ұзамай-ақ премьер-министр Виктор Орбан жеңілгенін мойындап үлгерді. Осы арада ол Петер Мадиярға хабарласып, жеңісімен құттықтағаны да мәлім болды.
«Сайлау нәтижелері әлі түпкілікті болмаса да, жалпы көрініс айқын әрі түсінікті. Елді басқару жауапкершілігі мен мүмкіндігі бізге бұйырмады. Жеңіске жеткен партияны құттықтаймын», – деді Виктор Орбан өз жақтастары алдында сөйлеген сөзінде. Дегенмен Орбан Мажарстанға қызмет етуін жалғастыра беретінін жеткізді.
Алдын ала мәліметтерге қарасақ, Мажарстандағы парламенттік сайлауда Петер Мадияр жетекшілік ететін еуропашыл, оңшыл-орталық бағыттағы «Тиса» партиясы көш бастап тұрғаны анық білінеді. Мәселен, Мажарстанның Ұлттық сайлау кеңсесінің 13 сәуірдегі дерегінше, бюллетеньдердің 72,44%-ы саналғаннан кейін «Тиса» 199 мандаттың 138-ін иеленіп алған. Яғни, партия Конституция мен негізгі заңдарға өзгерістер енгізу құқығына жетті. Ал Виктор Орбанның «Фидес» партиясы әзірге 54 орынға ие. Дауыс санау әлі жалғасады, сондықтан нәтижелер аздап өзгеруі мүмкін. Толық нәтиже 18 сәуірден кешікпей жарияланады. Бірақ жеңімпаздың аты өзгермейтіні айдан анық.
Мажарстан биылғы сайлауға қатысқандардың саны бойынша рекорд жаңартқан, халықтың 74,23 пайызы сайлауда дауыс беріпті. Ең кейінгі жоғары көрсеткіш осыдан 24 жыл бұрын тіркелген – 73,51 пайыз.
Осы күндері жаңа көшбасшы Петер Мадиярға кәрі құрлықтағы саяси жетекшілер құттықтауын жаудырып-ақ жатыр. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен сайлау нәтижесін «Еуроодақ күшейе түсті, Еуропаға қайта оралу» деп бағаласа, Франция президенті Эммануэль Макрон «Еуропалық одақ құндылықтарына адалдық және Мажарстанның Еуропадағы жеңісі» ретінде сипаттады.
Батыстағы саяси тұлғалардың бұлайша «бөркін аспанға атуы» бекер емес. Өйткені еуропалық сарапшылар Виктор Орбанды ресейшіл көрсе, Петер Мадиярды батысшыл санады. Бірақ біз Виктор Орбанды толықтай біржақты көзқарастағы тұлға ретінде есептегіміз келмейді. Неге? Біріншіден, Мажарстан энергетикалық ресурстар – мұнай және газға тәуелді. Ресейдің арзан мұнайы бұл елдің ішкі нарығын қалыпты ұстап тұрды. Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығыстар кезінде кәрі құрлыққа мұнай жеткізетін «Достық» құбыры зақымданды. Орбан Украинаға сол үшін ғана шүйлігіп, Еуроодақтың Киевке аударатын қаржы-көмегіне вето қойды. Премьер-министрдің «мұнай болмаса, ақша да жоқ» деген сөзі осы себептен айтылған. Жаңа көшбасшы келген күннің өзінде Мажарстанның сыртқы саясаты түбегейлі өзгеріп кетеді деп болжау қиын.
Прагматизмнің үстемдігі һәм жаңашылдық
Ал біз жырақтағы Мажарстанның ішкі оқиғаларын текке әңгіме етпедік. Өйткені Мажарстан кейінгі жылдары түркі әлемімен, соның ішінде Қазақстанмен байланысын едәуір жақсарта алды. Тіпті, Виктор Орбан өз халқына түркілік танымды позитивті жағынан насихаттауға көшкен еді. Энергетикалық қажеттілігін түркі жұрты арқылы толтыруды да мақсат санайтынын жасырмады. Былтыр Тушваньош фестивалінде сөйлеген сөзінде ол түркі әлемін жаһанның алты қуатты орталығының бірі ретінде атады. Ал 2025 жылдың қазан айында Әзербайжанның Габала қаласындағы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне де арнайы келді.
Әйтсе де, біз Мажарстанның жаңа жетекшісі Петер Мадиярды ел басқару ісінде жете танымаймыз. Ендігі сауал: Мажарстанның түркі жұртымен байланысын құбылтуы мүмкін бе? Өзгере қалған күннің өзінде, қай бағытқа ойысуы мүмкін? Дәл осы сауалға келгенде саясаттанушы Ғазиз Әбішев Мажарстанның түркі әлемімен байланысы айтарлық өзгере қоятынына сенбейтінін жеткізді.
– Қазір халықаралық қатынастардың басым бөлігі прагматизацияланып бара жатыр деп ойлаймын. Яғни, барлық мемлекет, әсіресе орта деңгейдегі державалар көпвекторлы сыртқы саясат құруға ұмтылуда. Бұл саясат әртүрлі ұйым мен бағыттардың өзара қабаттасуымен сипатталады. Мысалы, Мажарстанды алсақ, ол түркі бағытында да белсенді әрі еуроатлантикалық векторы бар – Еуропалық одақ пен НАТО құрамына кіреді. Бұған қоса, Виктор Орбан Ресеймен де жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысты, – дейді саясаттанушы.
Сарапшының ойынша, осыған ұқсас жағдайды Түркиядан да көруге болады. Түркияның сыртқы саясатында белгілі бір жобалар иерархиясы бар: неоосманизм, еуроатлантизм, панисламизм және соңғы деңгейде пантүркизм. Түркия үшін барлық бағытта бірдей әрекет етіп, бейтарап мағынада айтқанда, өз ықпалын кеңейту жолы тиімді.
Дәл осындай тәсілді Қазақстан да қолданатынын айта кету керек. Қазақстан еуразияшылдық, Қытаймен байланыс, Парсы шығанағындағы ислам мемлекеттерімен қарым-қатынас, Түркі бірлігі идеясы, сондай-ақ АҚШ-пен ерекше қатынас, Еуропалық одақпен кеңейтілген ынтымақтастық даңғылының бәрін қамтып отыр. Мұндай таңдау саясатта қалыпты құбылыс саналады.
– Түркі мемлекеттері ұйымы өз мүшелеріне қосымша қатаң міндеттемелер жүктемейді. Қазір оның форматы жалпы сипаттағы үйлестіру алаңы іспетті. Саяси консультациялар өткізуге және қажет болған жағдайда өзара саяси қолдау көрсетуге бағытталған. Яғни, бейнелеп айтар болсақ, «егер жағдай шиеленіссе, бірге барайық, ең болмаса куә болып тұрарсың» деген деңгейдегі ынтымақтастық. Сондықтан ұйым еш жағдайда Венгрияға қысым жасамайды. Керісінше, ол оған қосымша еркіндік пен халықаралық қатынастарға жол сыйлайды.
Осы себепті, егер билікке кенеттен түркі әлеміне түбегейлі қарсы көзқарастағы адам келмесе, Мажарстанның түркі бағытындағы саясаты айтарлықтай өзгеруі мүмкін деп ойламаймын. Басқа жағдайда, Мажарстан басшылығы Түркі мемлекеттері ұйымының саммиттеріне қатысып, үйлестіру жұмысына қосыла береді. Иә, бұл саммиттің жиі өтпейтінін білеміз, сондықтан ұйымның шешімі Венгрияға еш қатаң міндеттеме жүктемейді, – деп топшылады саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың да көзқарасы осыған саяды. Оның ойынша, Мажарстандағы биліктің ауысуы таңғалатын дүние емес, қалыпты процесс.
– Біріншіден, мажар халқы саяси жүйедегі өзгерісті қалады. Виктор Орбан елді өте ұзақ басқарғаны жасырын емес. Өйткені Петер Мадиярды жастар жағы қолдағанын байқадық. Жаңа саяси билік келгеннен кейін қатты өзгеріс күте алмаймыз. Себебі Петер Мадиярдың өзі де Ресеймен ынтымақтастықты жалғастыратынын, себебі энергетикалық ресурстарға тәуелді екенін ашық айтты.
Иә, Виктор Орбан Түркі мемлекеттері саммитіне қатысып, байланыс орнатуда белсенді болды. Петер Мадияр келген соң бұл тұрғыда ешқандай өзгеріс болмайды. Өйткені мұнда тіл, мәдениет, тарихтың негізі бар. Бірақ одан да бөлек, экономикалық себептер жатыр. Қазақстанның мұнайына сұраныс бар, көп бөлігі Еуропаға экспортталады. Сондықтан Мажарстанның жаңа билігі түркі жұртымен қарым-қатынасты жақсарта береді, оған еш күмән болмауға тиіс. Оның үстіне Еуроодақ пен Түркі әлемінің бір-біріне еш қарсылығы жоқ, – дейді сарапшы.
Түйіндер болсақ, Мажарстандағы саяси науқан еш даусыз әрі қарсылықсыз, тараптардың бітімімен өтті деуге негіз бар. Тек Мажарстан Еуроодақпен кейбір мәселелерді реттеуі мүмкін, алайда Түркі жұртына қатысты жақындық ұстанымынан еш айнымайтын тәрізді.
Мадияр ТӨЛЕУ
